Accessibility links

Бәсекедегі теңсіздік кесірінен Астанада троллейбустар тоқтап тұр


Троллейбустар соңғы аялдамада. Астана, 8 қазан 2008 ж.
Троллейбустар соңғы аялдамада. Астана, 8 қазан 2008 ж.

Астанада троллейбустардың жүрмей тұрғанына бір аптадай уақыт болды. Парк қызметкерлерінің айтуынша, жекеменшік автобус компанияларының қызметі троллейбус паркін банкротқа ұшыратып отыр.

Қарыз туралы ресми дерек бар, бірақ парктің кірісі туралы айтылмайды

Қалалық электр компаниясы қарыздар болғандықтан троллейбус паркіне электр бермей отыр. Парктің энергетиктерге қарызы 92 миллион теңгені құрапты (750 мың АҚШ доллары шамасында). Астаналықтар қала көшелерінде троллейбустардың жүрмей қалғанына таңғалыс білдіргенмен, шу шығарған жоқ. Баратын жеріңе маршрутты таксилер мен автобустар жеткізіп тұр. Қиындықты сезінетін тек троллейбус паркінің қызметкерлері ғана. Жұмыссыз қалған олар қазір ереуіл туралы айтып жүр.

Жүргізушілер, күн сайын бас-басына 100 мың теңгеден (830 АҚШ доллары шамасында) парктің кассасына тапсыратынын айтады. Мұның сыртында парк жарнамадан да аз ақша таппайды, бірақ троллейбус паркінің басшылары электр энергиясының қарызын өтей алмайтындарын алға тартады.

Қарапайым жұмысшылар парк жұмысының тоқтауы әлдекімдерге пайдалы, дегенді айтады. Ол тек маршрутты таксилердің иелері мен троллейбус паркін жекешелендіріп алғысы кеп жүргендерге ғана пайдалы, дейді кәсіпорынның қатардағы қызметкерлері.

«Экологиялық зияны аз көлікті жою мүмкін емес, жанармайдың бағасынан тәуелсіз болсақ та бізге мәжбүрлеп тарифті көтертті», — дейді Астанадағы троллейбус паркінің жұмысшысы Людмила Ткачук.

Ал троллейбус паркінде он жылдан астам жұмыс істеген Сергейдің айтуынша, троллейбустардың маршрутын азайту және олардың санын қысқарту деген мәселеде әрқашан әкімшілік мүдделі. Оның айтуынша, бұрынғы әкімдер жекеменшік такси иелерінің мүдделерін қанағаттандырып отырған көрінеді.

Троллейбус жүргізушілерінің пікірінше, Астананың қазіргі әкімі Иманғали Тасмағамбетов те бұл мәселеден басын алып қашатын көрінеді. Оның ойынша, бұл үкіметтің деңгейінде шешілетін мәселе. Басқа бір тақырыпта өткен брифингте Иманғали Тасмағамбетов: «Біз олардың қарыздарын бюджеттің ақшасынан қайтара алмаймыз, бұл дұрыс болмайды», — деді. Ол троллейбус паркін жекеменшікке берген дұрыс деген пікірде.

Бізге бірнеше күн бойы троллейбус паркінің басшылығымен кездесу мүмкін болмады. Күзетшілер директор жоқ деп, парк әкімшілігінің ғимаратына кіргізбеді, ал олардың телефондары үнсіз тұр. Үздіксіз шалынған қоңыраудың бірінде тұтқаны көтерген бір қыз: «Басшылықтан ешкім жоқ, қашан келетіндері белгісіз», — деген жауап берді.

Және троллейбустардың әзір жүретін сыңайы жоқ екенін хабарлаған ол өзін таныстырудан қашып, «ешкім емеспін, жәй өтіп бара жатып, телефон тұтқасын көтере салдым», деді. Одан кейінгі күндері де телефондар үнсіз қалпында қалды «жәй өтіп бара жатқан» да ешкім болмаса керек.

Троллейбус паркінің қызметкерлері астыртын ойын туралы ескертті

Бұдан сегіз жыл бұрын да троллейбус паркінде осындай жағдай болған. Онда 124 жұмысшы сол кездегі қаржы министрі Мәжит Есенбаевтың атына ашық хат жазған еді. Астана көшелерінде троллейбустар қазанның басынан бері көрінген жоқ.

«Біздің жалғыз кінәміз — Астана қаласында біраз уақыттан бері жұмыс істеп жатқан коммерциялық автобустарға, әсіресе, маршрутты таксилерге бәсекелес болып отырғанымыз», деп басталған ашық хат әрі қарай былай жалғасады: «…1998 жылдың басында жанармай қымбаттаған кезде, электр энергиясының бағасы өзгермесе де, әкімшіліктің шешімімен бізді жол ақысын 15 теңгеден 20 теңгеге (13-тен 17 центке дейін) қымбаттатуға мәжбүрледі. Осы күнге дейін біз оны қайтара алмай отырмыз… Астана әкімшілігі маршруттық таксилердің жұмысына қолайлы режим жасап отыр… Коммерциялық автобустар мен маршруттық таксилер троллейбустардың барлық бағыттарын қайталайды…»

Хатта мұнан әрі қарай сол жылдардағы кәсіпорынның шығынға ұшырамағанын көрсететін кіріс пен шығыстың егжей-тегжейлі есебі келтірілген:

«Троллейбус паркінің жағдайы нашарлауда. Қарыз 41 миллиона теңгеге дейін өсті (340 мың АҚШ доллары көлемінде). Кіріс пен шығыс туралы ешқандай мәлімет жоқ, сонша қарыздың қайдан шыққаны түсініксіз. Жолаушылар тасымалдау мен жол жүру билеттерін өткізуден қарашадан мамыр айына дейін 63 миллион теңге кіріс кірген (520 мың АҚШ доллары көлемінде). Бұдан басқа троллейбустағы жарнамадан түсетін пайда тағы бар».

Бұдан сегіз жыл бұрынғы хатта троллейбус паркінің банкротқа ұшырауы мен жекеменшікке сатылу қаупі бары айтылған.

«...1982 жылы құрылып, ел экономикасының өтпелі кезеңдегі барлық қиындықтарына төзіп келе жатқан, өндірістік базасы мықты, біліктілігі жоғары кәсіби мамандардан жасақталған ұжымы бар троллейбус паркінің банкротқа ұшырап, жекеменшікке сатылу алдында тұрғанын сізге жеткізгіміз келеді. Мұның бәріне мемлекеттің бақылауындағы «АГЭТ» бірлестігінің қазіргі басшылығы мен әкімшіліктің әрекеті себепші болып отыр».



Күні кеше чехтың «Шкодасын» осы жерде шығарған

Астанаға ресми сапармен келген Чехияның басшылығымен сол жылдары «Шкода» троллейбустарын шығаратын біріккен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылған. Біршама уақыттан кейін Астана көшелерінде «Шкода» фирмасының әдемі де жайлы троллейбустары жүре бастады. 2006 жылы қалаға отандық өндірістің осындай 24 троллейбусы сатылып алынды.

Жүргізушілердің айтуынша, бұл троллейбустардың жарық сөніп қалған кезде немесе электр желілері кедергіге ұшырағанда іске қосылатын қосалқы генераторлық батареялары бар екен. Жаңа заманғы троллейбустар үнемді, басқаруға жеңіл, қозғауы мен тежеуі оңай және баспалдақсыз.

Троллейбус паркінің жылжымалы құрамының жаңаруы мен соңғы уақытта осы қоғамдық көліктің қалтқысыз қызметіне қарағанда сол кезде үкімет тиісті шаралар қолданған болуы керек.



Орыстың «Газельдері» үкіметке жақсырақ көрінді

Троллейбус паркінің басшылары Азаттықтың тілшілерінен қашып жүрген уақытта депо жұмысшылары жаңа қожайындарын күтуде, ал жоғарыда, жүргізушілердің пікірінше, жалғыз троллейбус паркін кімнің қолына беру мәселесі шешілуде, қала тұрғындары болса бос қалған аялдамаларда үйреншікті көліктерін күтіп жүр.

Зейнеткер Дмитрий Павлюченко:

— Мен өзім троллейбусты артық көремін. «Жын қаққан» автобустарға қарағанда троллейбуспен жүру ыңғайлы, онда ығы-жығы халық та жоқ. Мен балаларыма немесе емханаға ғана барамын, асығатын жерім жоқ. Қаланың ежелгі тұрғыны ретінде, троллейбустардың қарттар мен балалар, әсіресе мүгедектер үшін өте ыңғайлы екенін айта аламын.

Студент Әсия да тар автобустарға қарағанда троллейбуспен жүрудің қауіпсіз екенін айтады:

— Маған да троллейбуспен жүру ұнайды, ол «Газельдерге» қарағанда қауіпсіздеу көрінеді. Көбіне троллейбусты әйелдер жүргізетіндіктен де солай шығар, олар мұқият және ілтипатты.

Жастарға қарағанда үлкен кісілер троллейбустың тоқтағанына қынжылуда. Мемлекеттік қызметкер Тимур Романов:

— Менің жеке басыма тар болса да «Газельдер» ұнайды, оларда қысылып, бүгіліп тұруға тура келеді, бірақ олар троллейбустарға қарағанда жылдам жүреді. Троллейбуспен барар жеріңе кешігіп жетесің.

Азаттық радиосына жауап берген тұрғындардың ішінде қандай көлікпен жүрсек те бәрібір дегендері де болды, бірақ қандай ауамен дем алатындықтары оларға бәрібір емес. Және олар Астанада экологияға зияны аз көліктің жүргенін қалайды.


Астананың троллейбустары тарих қойнауына аттанады

Целиноградта троллейбустар 1982 жылдан бастап жүре бастады. Алғашында бес маршрут болса, кейінірек екеу болды, 2007 жылдан бастап жалғыз ғана маршрут қалды. Қала картасында бейнеленгенмен, троллейбустар вокзалға бармайды, №3 маршрут жабылған. Бейбітшілік көшесімен де троллейбустар жүрмейді, тіпті олардың электр желілерін де алып тастаған.

Барлық троллейбус маршруттары вокзалға жақын Акжайық-Победа мен Біржан сал көшелерінің қиылысында түйісетін, кейін бірін-бірі қайталап, параллель көшелермен жүретін болған, одан кейін қайтадан Кенесары мен Уәлиханов көшелерінде түйісіп,екі бағытқа кететін болды.

Барлық маршруттардың айналмалы сапары бірдей 1 сағат 18 минут болды. Осының арқасында әрбір 3-4 минут сайын троллейбустар жүріп тұратын. Ежелгі тұрғындардың айтуынша, осындай ыңғайлы ұйымдастырылған қозғалыс құрылымының арқасында Астанада троллейбустар жақсы қызмет көрсетіп тұрған.

XS
SM
MD
LG