Ал Тұңғышбай Әл-Тарази фильмде «жағымсыз кейіпкердің» рөлін сомдайды десе де болғандай. Сценарий бойынша адасқан ана мен баланың қайда екендігін білуі мүмкін, бірақ жоқ іздеушіден шындықты жасырады. Жұмбақтың қорқынышты сыры Андрей Мерзликин мен Тұңғышбай Әл-Таразидің жанкешті арпалысында шешілуі мүмкін.
Осы фильмге түсу үшін халық әртісіне үлкен құрбандыққа баруға тура келіпті - қазақтың хандарын сомдаудың қас шебері «Адасқандар» туындысын түсіру қарсаңында өзіне жарасып-ақ тұратын қаба сақалын қысқартып тастапты. Режиссердің талабы қатал.
Андрей Мерзликинді де үлкен сынақ күтіп тұр. Мәскеудегі Армен Джигарханян театрының әртісі бір ай бойы шөл далада жұмыс жасау оңай шаруа емес екендігін жақсы түсінеді, бірақ тиімді ұсыныстан бас тарта алмапты.
- Күтпеген ұсыныс. Осындай рөлді өзім де іштей қалап жүрген едім. Сондықтан мен үшін бұл фильмнің маңызы өте зор. Тағы бір айта кетерлік жағдай, маған «Рэкетир» фильмі қатты ұнайды, - деді ресейлік әртіс.
Фильмді түсіру жұмыстары қазан айына жоспарланған, 2009 жылдың күзінде көпшілікке ұсынылады. Жаңа триллер Қазақстанмен қатар, Ресей, Еуропа елдеріне таратылады. Сонымен бірге «Адасқандар» фильмі халықаралық фестивальдерге қатысады.