Accessibility links

Еуропалық Одақ Қазақстанды Оңтүстік Осетия және Абхазияның тәуелсіздігін мойындамауға шақырды


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол) пен Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Ховьер Солана Брюссельдегі жиында. 06 желтоқсан 2006 ж.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол) пен Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Ховьер Солана Брюссельдегі жиында. 06 желтоқсан 2006 ж.

Бұл туралы Еуропалық Одақ – Қазақстан әріптестігі Кеңесінің Брюсселде өткен оныншы мәжілісінің қорытындысы туралы баспасөз хабарламасында баяндалды. «Еуропалық Одақ Қазақстанды, халықаралық қағидаларға сәйкес, Оңтүстік Осетия және Абхазияның тәуелсіздігін мойындамауға шақырады» делінген хабарламада.

Қыркүйектің 16-күні Брюссель қаласында өткен жиынға ҚР Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник, Францияның Еуропалық істер жөніндегі мемлекеттің хатшысы Жан-Пьер Жуе қатысты. «Мәжілісте аймақаралық даму және халықаралық жағдай, атап айтқанда, Грузия, Иран және Ауғанстанға қатысты мәселелер кеңінен сөз болды. Еуропалық Одақ Қазақстанды, халықаралық қағидаларға сәйкес, Оңтүстік Осетия және Абхазияның тәуелсіздігін мойындамауға шақырады» делінген Кеңес қорытындысына арналған хабарламада.

Қазақстандық сарапшылар тәуелсіздіктерін өздігінен жариялаған бұл аймақтарды мойындау-мойындамау мәселесіне өте байыппен қарау керек деп есептейді. «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшімнің пікірінше, дәл осындай мәселелерде Қазақстанның ұстанымы анық көрінуі тиіс.

- Бүкіл әлем осы мәселені талқылап, белгілі-бір деңгейде баға бермейінше, Қазақстанның бұл аймақтарды тануға ешқандай құқығы жоқ. Егер Ресейдің қысымымен мойындай салса Қазақстан сыртқы саясатта өте ыңғайсыз жағдайға қалады. Мәселен, Қазақстан Косовоны мойындамады. Яғни, осындай ұстанымда қалуы тиіс. Келешекте әрбір ұлттың өзінше дербес мемлекет құратындай заман туатын да шығар. Бірақ, қазірге айтарым осы, - деді саясаткер.

Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі Асылы Османова болса мемлекетке ұсыныс түсіретін Еуропалық Одақтың әрекетін бұрыс деп біледі.

- Әрбір мемлекеттің өзінің шешімі болуы керек қой. «Мынаны мойында, мынаны мойындама» деп айтатындай Еуропалық Одақтың бұл әрекеті дұрыс емес. «Шындықтың шамы судың астында да жанады». Сондықтан, мемлекеттік тұрғыдағы дүниеге қол сұғуға ешкімнің құқығы жоқ, - деді Асылы Османова.

Сонымен қатар, саяси сарапшылар Грузия-Ресей жанжалында ресми Астана негізінен көршілес Федерацияға болысқандығын баса айтып отыр. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы жылғы тамыздың 26-күні Бейжіңде Грузияның Оңтүстік Осетиядағы қимылын сынға алған болатын. Саяси сарапшы Әзімбай Ғали сол кезде мемлекет басшысы Ресейдің екпінінен сескенген болуы керек деп пайымдайды.

- Президент Грузияны сынады. Бірақ, сепаратистерді қолдаған жоқ. Менің ойымша, Нұрекең сонда Ресейдің сұсынан үрейленді, солай айтуға мәжбүр болды. Соңғы кездері Ресей тарапынан Қазақстанға бейресми ұйымдар, халықаралық қатынас және әскери деңгейде қысым жасалып жатыр. Сондықтан, Еуропалық Одақтың бұл пікірі бізге керек. Олар дұрыс айтады. Әрбірден соң бұл Қазақстанның да нық ұстанымы, - деді Әзімбай Ғали.

Қазіргі күні Оңтүстік Осетия және Абхазияның тәуелсіздігін екі мемлекет қана мойындады. Биылғы жылғы тамыздың 26-сы күні Ресей президенті Дмитрий Медведев аталған аймақтардың тәуелсіздігін мойындау туралы жарлыққа қол қойса, қыркүйектің 2-сінде осындай мазмұндағы шешімін Никарагуа әлемге жариялады.
XS
SM
MD
LG