Accessibility links

Туыстары Гранитный түрмесіндегілердің бүліктен кейінгі жағдайын біле алмай дал


Гранитный түрмесіндегі бауырынан хабар ала алмай отырған жас әйел. Астана, 14 тамыз 2010 жыл
Гранитный түрмесіндегі бауырынан хабар ала алмай отырған жас әйел. Астана, 14 тамыз 2010 жыл

Тамыздың 18-і күні Астананың қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің алдында Гранитный түрмесіндегі сотталғандардың туған-туыстары наразылық шарасын өткізді. Қамаудағылардың туыстары өздерін жақындарымен кездесуге мүмкіндік бермей жатқанына шағымданса, түрменің бұрынғы тұтқындары колониядағы адам төзгісіз жағдайдың шын екенін баяндап берді.


«ҮМІТІМ ҮЗІЛУГЕ ШАҚ ҚАЛДЫ»

Наразылық шарасына қатысушылардың айтуынша, түрме әкімшілігі тамыздың 8-і күнгі бүліктен кейін оған қатысы бар азаматтарды туыстарымен жолықтырмай отыр.

- Менің бауырым бүлікке қатысқандықтан оны бізбен кездестірмей отыр. Онымен хат-хабардың үзілгеніне шамамен бір ай болды. Мені құқық қорғау органдарының ешқайсысы тыңдағысы келмейді. Әлі күнге дейін бауырым жайлы ешқандай мағлұмат ала алмай отырмын. Барған сайын үмітім үзіліп барады, - дейді Даурия Ахметжанова. Жақындарынан еш хабар ала алмай отырған дәл осындай екі азамат бар көрінеді.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин Қылмыстық-түзету жүйесі комитетінің өкілі Ғалымжан Хасеновпен сөйлесіп тұр. Астана, 18 тамыз 2010 жыл

- Бұл сотталушы Арманның анасы. Оған ұлымен кездесуге тыйым салып қана қоймай, тіпті баласының қай жерде екенін айтпай отыр. Сонымен бірге Шымкент қаласынан келген бір азаматқа да баласымен кездесуге мүмкіндік бермегендіктен ол кетіп қалды, - дейді құқыққорғаушы Вадим Курамшин.

Ақпарат бойынша, дүйсенбі күні түрме басшылығы бүлікке қатысы жоқ азаматтарды туыстарымен кездестіруге рұқсат беріпті. Бірақ олардың кездескен-кездеспегені әлі белгісіз болып отыр.

ТҮРМЕДЕГІ АЗАП

Наразылық шарасына бұрын осы түрмеде жазасын өтеген азаматтар да келіп, қалыптасып отырған мәселелерге қатысты өз көзқарастарын білдірді. Осыған дейін ресми органдар түрмедегі бүліктің астарында түрменің өз ішіндегі топтар арасындағы қақтығыс себеп болуы мүмкін деп болжам айтқан болатын. Мұны шараға қатысушылар жоққа шығарды.

Ерлан, бұрынғы сотталушы: - Машинамен бізді зонаға әкеледі. Машинадан шығара бергеннен бастап, бізді дубинкалармен, кабельмен ұра бастайды. Түрменің ішіндегі «активистерге» бізді ұрғыздырады. Гимнді, түрменің басшыларының барлығының есімдерін жаттатқызады.
Гранитный түрмесінде бұрын жазасын өтегендердің бірі Сергей Лапшин. Астана, 18 тамыз 2010 жыл
Арнайы жұмыстарға бару үшін ақша төлеуің керексің. Жөндеу жұмыстары кезінде керек заттардың барлығын сотталғандар үйлерінен әкеледі. Тамақтың сапасы мүлде нашар. Сорпаларда құрт жүреді. Телефонды өздері бақылап отырады. Мұндай жағдай әлі күнге дейін болып отыр. Бұрындары бізде бір «активисті» поста ұйықтап қалғаны үшін ұрып-ұрып, өлтіріп, ертесі оны асып қойды. Сосын үйіне «өзі асылды» деп жіберді»

Олег, бұрынғы сотталушы: «Бұл түрмеге келгеннен кейін өзіңнің адам екеніңді ұмыт. Сотталушылардың барлығы да өз пікірін айтудан қорқады».

РЕСМИ ЖАУАП

Ал қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда мәселені шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Сотталушылардың туыстары жақындарымен еркін кездесе алады дейді.

- Қазіргі таңда жұмыс тобы жұмыс жасап жатыр. Олар 80 азаматтың туыстарымен жеке-жеке сөйлесті. Даурия Ахметжановаға келсек, колонияға барса, тәртіп бойынша кездесуге уақыты келіп тұр ма, ол кісі ешқандай кедергісіз кіріп, өз туысының аман-есен екеніне көз жеткізе алады, - дейді комитет өкілі Самал Ғаділбекова.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG