Британ құрамасы Еуро-2008-дің финалына шықпай қалғанынан кейін Англия жұртшылығы қазақстандықтардың ойынына байыптап қарай бастады. Басылымдар бірнеше апта бойына өз командаларының құрамы мен алыстан келетін Ортаазиялық қонақтардың болашағы туралы егжей-тегжейлі талқылады.
Қазақстан командасы Англия құрамасынан 5:1 есебімен ұтылып қалды. Ағылшындық футбол жұлдыздары мен өз елінде де аттары шыға қоймаған жас ойыншылардың айырмашылығын ескерсек, ойсыраған жеңіліс күтпеген жағдай емес-ті.
Британияның беделді басылымы Independent-тің жазуынша, Қазақстан құрамасы бастапқыда ойынның 51-минутына дейін есеп аша алмаған ағылшындықтардың біраз жүйкесін жұқартты. Халықаралық футбол федерациясының ресми рейтингінде Жаңа Каледония мен Чадтан кейінгі орындағы команда Англияға ойлануға уақыт берді.
Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Берндт Шторктың пікірінше, оның командасы жаман ойын көрсетпеген: «Менің ойымша, біз өте жақсы ойнадық», - деп мәлімдеді ол матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Independent-тің жазуынша, ойынның аяғына дейін күштерін сарқып алған қазақстандық жастардың алаңға ауысып шыққан Дэвид Бэкхем мен Джермен Дефоға шамалары келмей қалыпты.
Дегенмен Қазақстан футболшылары өздерінің оңай ондықтан емес екендерін көрсетті. Британдық басылымдар олардың бірнеше мәрте көзге түскендерін жазды. Таңат Нөсербаев, Сабырхан Ибраев пен Руслан Балтиевтердің шабуылдары бәсекелестің қақпасына кәдімгіей қауіп төндірді. Бірақ Уэмблиде Джеффри Коулдың қателігін тамаша пайдаланған Жамбыл Көкеев қана ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып доп салды.
Матч қарсаңында лондондық Telegraph газеті Берндт Шторктың «Қазақстан құрамасына ұзақ уақытқа келдім, іске шындап кірісемін» дегенін жазды.
Шторктың сөзіне қарағанда, оның командасы Лондонға қыдырып немесе сыйлық үшін барған жоқ. Сондықтан да орыннан айырылып қалудан қорыққан ол өз қамқорлығындағыларға ағылшындықтармен жейде ауыстыруға тыйым салды. «Егер ойыншылардан кімде кім Уэйн Руниге немесе Дэвид Бэкхемға жейде ауыстыру үшін жақындап кетсе ақырғы ысқырықтан кейін ол ойыншы ешқашан ойнамайтын болады», - деп қорқытты Шторк.
Дегенмен, басылымының жазуынша, Шторк әдетте қазақстандық жаттықтырушыға берілетін мерзімнің қысқа екенін біледі. Сондықтан тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық құраманың он бірінші жатттықтырушысы болып отырған немістің мықты команда құру үшін өзіне ұзақ уақыт беріледі деп үміттенгеннен басқа шарасы жоқ.
Әзірге ол құрамадағы тәжірибелі сақа ойыншылардың орнына жастар құрамасынан әлі 21-ге де толмаған жастарды шақырып, команданы түбегейлі жаңартуда.
Арно Пайперс: «Олар Әлем кубогының финалына шыққысы келеді, ол мүмкін емес...»
Англия-Қазақстан матчы қарсаңында британдық BBC хабар тарату корпорациясы Шторктан бұрынғы жаттықтырушы — 49 жастағы голландық Арно Пайперстің сұхбатын жариялады. Ол ұлттық футбол федерациясы басшылығының қиын талап қойғанына реніш білдірді.
«Олар Әлем кубогының финалына шыққысы келеді, мен оларға оның мүмкін еместігін айттым. Бірақ олардың елінде бәрі мүмкін көрінеді, өйткені бәрі тез өзгеріп жатады», — деді Пайперс.
Мақалада айтылғандай, әлемдегі аумағы жағынан тоғызынша орындағы елдің футболдағы кеудемсоқтары Пайперсті кінәлі деп тапты. Еуро-2008-дің он баллдық біліктілік дәрежесі, Сербиямен ойындағы 2:1 есебімен жеңіс, Бельгиямен тең ойын, осының бәрі әлем кубогы турниріндегі Хорватия мен Украинадағы жеңілістің көлеңкесінде қалып қойды.
«Қазақстан жұртшылығы өте тез өзгереді, — дейді бұрынғы жаттықтырушы. — Мұнай мен газ қазір олардың ірі табыс көзі болып отыр. Олар он жылдан кейін Англия сияқты елге айналамыз деп есептейді, сондай-ақ футболдың да Англиядағыдай боларына сенімді».
Қазақстандық футболдың білікті мамандары Пайперстің отандасы әрі досы Гус Хиддинк жаттықтырған Ресей құрамасының Еуро-2008-дің жартылай финалына шыққанын мысалға келтіреді.
«Мен өте реалист жаттықтырушымын, бұл деген біраз уақытты керек қылады деп айттым, бірақ олар тыңдамады, — дейді бұл жазғыруларға жауап берген Пайперс. — Голландияның өз футболын қалыптастыруына 20-30 жыл уақыт кетті, содан кейін ғана олар осы дәрежелеріне жетті. Қазақстан екі жылда бәрін жасағысы келеді, бұл деген мүмкін емес. Мен оларға Ресейде мәскеулік «Спартак», санкт-петерборлық «Зенит» сияқты клубтардың барын айттым, ал «Зениттің» бір ойыншысының жалақысы Қазақстан құрамасының барлық ойыншысының жалақысына тең…»
Қазақстан футболының бағасы қанша?
Қазақстан футболының жағдайына назар аударған France Press-тің тілшісі Қазақстанның кеңес дәуірінде футболмен емес, бокс, ауыр атлетика, гимнастика, велоспортпен даңқты болғанын еске салады.
Кеңес Одағы құлағаннан кейін де Қазақстан футболы айтарлықтай жетістіктерге ие болған жоқ. Соған қарамастан, ұлттық құраманың алдында 2010 жылы Оңтүстік Африкада өтетін әлем кубогының финалына шығу міндеті тұр. Мақалада қазақстандық футболдың спорттық және қаржылық жағдайы сипатталады:
«Кеңес дәуіріндегі Қазақстанның алдыңғы қатарлы клубы алматылық «Қайрат» қазір сол «Қайраттың»көлеңкесіне айналды. «Қайрат» пен екі алматылық клуб бөлісіп отырған, 26 мың орындық орталық стадион ұлттық команданың матчы кезінде ғана толады. Отандық лиганың ойыны тек бірнеше мыңдаған жанкүйерді ғана қызықтырады».
«Жылдық бюджеті 13 мың АҚШ долларына тең қазақстандық премьер-лиганың көшбасшысы «Ақтөбе» ең қалталы, әрі танымал команданың бірі. Бюджеті 10 мың долларды құрайтын Қостанайдың «Тобылы» мен қарағандылық «Шахтер» де бай клубтардың үштігіне кіреді.
Қазақстандық ойыншылар айына бірнеше мың доллар ғана жалақы алады. Ең жоғары жалақы алатын «Ақтөбенің» қорғаушысы Самат Смақовтың жылдық жалақысы 300 мың доллар».
Осы арада Electric News Paper сайты Қазақстан құрамасының ең «қымбат» ойыншысы жылдық контрактісі 350 мың долларды құрайтын «Алматы» футбол клубының шабуылшысы Сергей Остапенко дегенді айтады. «Бұл Франк Лэмпардтың апталық табысынан сәл көптеу», — деп түсіндіреді мақала авторы.
Бірақ қазақстандық футбол қайраткерлері бұған басқаша қарайды. Құраманың атын атамаған бір өкілінің айтуынша, «ойыншылар басқа адамдарға қарағанда, мәселен, дәрігерлермен салыстырғанда көп табыс табады. Жақсы ойыншылар айына 20 мың доллар көлемінде ақша табады».
«Есесіне бізде мұнай көп»
Жеңістен үміттенбесе де, жерлестеріне қолдау білдіріп, Лондонға барған бірлі-жарым жанкүйерлер де ағылшындық басылымдардың назарынан тыс қалмапты. Тіпті ағылшындық Times газеті қазақстандық футболсүйер қауымға мақала арнапты.
Басылым қазақстандық жанкүйерлердің өз командаларына мінберде тұрып қалай қолдау білдіргені туралы жазды. Газет Қазақстан елшілігінің мәліметінше, Уэмблиге Орталық Азиядан 500-ден 2000-ға дейін футбол фанаттарының барғанын жазыпты.
Барлық қазақстандық жастар мектеп қабырғасынан жаттап өскен мемлекеттік Әнұраннан басқа да фанаттар қолданатын бірқатар ұранды сөздерді басылым аударып та, түпнұсқа күйінде де келтіріпті. Енді Times-тің оқырмандары «Alga, Kazakhstan!»-ның «Вперед, Казахстан!» деп аударылатынын, ал орыстың «Sud'yu na milo!» сөзі төрешілерді түкке тұрғысыз етуге қолданылатынын білетін болады.
Бұдан басқа «Sender Shotlandiya aspanda ma?»-ның баламасы ретінде ағылшынның «Are you Scotland in disguise?» қолдануға болатыны да жазылған.
Және де қазақстандықтардың: «U nas bolshe hecti chem u vas! Bilzde kop munai bar!» деген басты дәлелімен еш ағылшын таласа алмайтын шығар.