Accessibility links

Қазсат-2 ұшыру қажет пе?


Қазақстан жақын уақытта екінші жер серігін ұшырмақ ниетте. Мамандар оның алдыңғы жер серігінің кебін құшпауына күш саламыз деп отыр.

Қазақстан «Ғарыш саласын дамытудың 2008-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес Қазсат-2 екінші жер серігін ұшыру 2009 жылдың желтоқсан айына белгіленген. Қазіргі уақытта әзірше оның мерзімі өзгертілген жоқ, деді Ұлттық ғарыш агенттігінің ғарыштық байланыс республикалық орталығының президенті Виктор Лефтер Азаттық радиосына:

- Қазсат-2 бойынша жұмыстар әзірге кесте бойынша жүріп жатыр. Әзірге оны тоқтатқан жоқ.
АлайдаЛефтер бұл жайлы толық ақпарат беруден бас тартты. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев осыған дейін аталған жер серігінің Ресейдің Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш-ғылыми өндірістік орталығында дайындалып, оның қаржысы төленіп қойғанын айтқан еді:
- Келісімге қол қойылған соң республикамыз одан бас тарта алмайды. 1-ші, 2-ші жер серіктері үшін ақша төленіп қойылған. Бірақ, біз бүгін қалыптасқан жағдайлардан сабақ ала отырып, екінші жер серігінің бөлшектерінің арзан фирмаларда жасатылмауын қадағалаймыз. Екінші жер серігі бірінші жер серігімен бір топтамада шықса да, оның элементтік негіздері, жабдықталуы басқаша деңгейде болады.
Ұлттық ғарыш агенттігінің хабарлауынша, жаңа жер серігі үшін республика бюджетінен 300 млн қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар оны ұшыруға дайындауға шетелдік компаниялар қатыстырылады. Ол үшін шетелдік компаниялар арасында жыл басынан бері тендер жарияланып қойған көрінеді.
Аталған тендер осы айдың соңында аяқталады, ал тендерді жеңіп алған компания 39 ай көлемінде жаңа жер серігін толығымен дайындап шығаруы тиіс. Ал Қазсат-1 спутнигін жасауға кеткен қаржы аталған жер серігі мүлде құрдымға кетсе де желге ұшқан жоқ, оны Ресеймен жасасқан сақтандыру шарты арқылы түгелін-дерлік қайтарып алуға болады, дейді Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин Байқоңырда, 18 маусым 2006 ж.
Қазсат-1 жер серігінің жұмысы биыл маусымның 8-і күн тоқтап қалған болатын. Сондай-ақ, агенттік төрағасы тұңғыш жер серігі небары екі жыл бойы ғана жұмыс істегенімен, нәтижесінде мемлекет сәтсіз болса да тәжірибе жинақтап, осы уақыт аралығында ол мемлекет үшін 20 млн доллар кіріс әкелді, дейді Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы.
Қазсат-1 жер серігінің жұмысы сәтсіз аяқталғанына қарамастан, Қазақстанның жақын уақытта екінші жер серігін ұшыруды жоспарлауы қазақстандықтар арасында қарама-қайшы пікір туғызып отыр. Олардың басым бөлігі аталған жер серігінің ұшырылуына қарсы.
- Біріншісіне толық талдау жасамай, ол жобаны жүзеге асыруға болмайды. Себебі, ол да алғашқы спутниктің кебін киюі мүмкін. Ол, мейлі, сәтсіз тәжірибе болғанымен, тәжірибенің аты - тәжірибе. Әуелі соны толық зерттеп, тиісті сабақ алу керек, - дейді «Ақжол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов.
Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім, Қазақстанның жер серігін ұшыруының негізгі мақсаты мемлекеттің беделін көтерудің тәсілі болмауы тиіс, деген пікір айтты:
- Мұндай бағдарламаларды халықтың талқысына салмаса да, олардың алдынан өту керек сияқты. Біз білуіміз керек, оның экономиканы, технологияны дамытуда қаншалықты пайдасы бар екенін. «Спутник ұшырдық» деп кеуде соғып, мемлекеттің беделі үшін істелген жобаларға халықтың өзі куә. Сондай-ақ, бірінші спутнигіміздің жағдайы қандай болғанын біз жақсы білеміз. Әлі де болса халық ол туралы Үкіметтен жауап алған жоқ. Сол бітпей жатып, оның барлығы тексерілмей жатып екіншісіне ұмтылу, менің ойымша, ақылға сыймайды. Егер біз азаматтық қоғам құрғымыз келсе, міндетті түрде ондай халықтың ақшасынан істелетін кез-келген нәрсе жайында халық хабардар болып отыруы тиіс.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG