Accessibility links

Ұлттық бағыттағы одаққа билік қолдау танытты


«Халық үні» қоғамдық бірлестіктер одағының құрылтайы. Алматы, 18 қараша 2008 ж.
«Халық үні» қоғамдық бірлестіктер одағының құрылтайы. Алматы, 18 қараша 2008 ж.

Алматыда «Халық үні» қоғамдық бірлестіктер одағының құрылтайы өтті. Ұлттық бағыттағы ұйымдарды біріктіру үшін құрылған одақ биліктен қолдау тапты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, одақ Қазақстандағы ұлттық бағытта жұмыс істеп жүрген 13 қоғамдық ұйымның басын біріктіріп отыр. Құрылтай жиынды жүргізген жазушы Советхан Ғаббасов одақтың негізгі мақсаты –қазақтың ұлттық мұң-мұқтажын жоқтау, жерді мемлекет иелігіне қайтару, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне толыққанды ие болуына қол жеткізу екендігін айтты:

- Бұл мақсатқа жету үшін біз үш тағанды формула ұсынамыз: үкімет – ұйымдастырушы, зиялы қауым – ағартушы және жұрт – орындаушы болуы керек. Осы үшеуі бірлесіп, үндесіп жұмыс істесін деген ұран тастаймыз.

Құрылтай жиынында сөйлеген шешендер рухани мәселелермен бірге Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік, экономикалық проблемалар туралы да сөз қозғады.

- Жемқорлық мәселесін де үлкен проблема деп қойып жатыр. Бірақ сол проблемамен айналыспақшы болған, соны айтып жүрген адамдардың өзі жемқор. Қоғамдағы ең құрметті адамдар – ең үлкен ұрылар, - деді «Мемлекеттік тіл» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Шаханов.

Алайда Шаханов осы жиынға қатысып, одақты ұйымдастырудың басы-қасында жүргендердің арасында биліктің тапсырмасын орындаушылар болуы мүмкін деген күдігін де айтты:

- Біз бұған дейін «Халық рухы» атты партия құрмақ болғанда, басында бізбен болуға келіскен әлгі адамдар кейіннен аяқ астынан осы «Халық үні» деген бірлестік құрамыз деп бөлініп шыққан болатын, сондықтан менің күмәнім бар оларға.

Советхан Ғаббасов М.Шахановтың бұл айтқанын жоққа шығарып, одақты құрудың артында ешкім тұрмағанына жұртшылықты сендіруге тырысты. Дегенмен, жиынға қатысқандардың арасында әліндей күмән білдірген жалғыз Шаханов болған жоқ.

Алматыдағы Ғалымдар үйінің мәжіліс залында өткен құрылтайды ұйымдастырушылар ұлттық-патриоттық бағыттағы барлық қоғамдық бірлестіктерге шақырту жібергендерін айтқанымен, жиынға залдың үштен біріне жетер-жетпес адам жиналды. Жарыссөзге шыққандардың бірі студент Руслан Желдібаев жиынға көңілі толмайтындығын айтып, онда сөйлеген шешендерді өткір сынға алды:


- Бүгінгі мына залда жастар неге тым аз? Советхан аға, сіз жастар ұйымдарына да шақырту жібердім деп отырсыз ғой, бәлкім, расында, Жас Отан мен Студенттер Конгресі секілді ұйымдарға жіберген шығарсыз. Бірақ, менімен бірге оқитын жастар келгісі келмеді осы жиынға. Себебі, бұнда бүгінгі сөз болған мәселелердің барлығы осыған дейін мың сан мәрте айтылып, әбден жауыр болған тақырыптар. Іс - жоқ, сөз – көп. Жас азамат ретінде айтайын, өз басым бұндай сөздерден шаршадым. Жастардың, қазіргі қоғамның шынайы көкейкесті проблемаларын сіздер неге қозғамайсыздар? Мәселен, бүгінде 7 мың теңге стипендияны талғажу етіп жатқан студент ғылым жолындағы ғалымның үй-күйсіз, бала-шағасын асырауға шамасы жетпей жүрген күйкі тірлігін көріп ешқашан ғалым болам демейді. Ал осы мәселені шеше алмай отырған мемлекеттен не үміт, не қайыр?! Жаңа бір ағамыз ондай мәселелерді айтпай-ақ қояйық деді. Шындықты айтудан қорқып, сөйлей алмай отырған сол ағаларамыз кейінгі бізге қандай үлгі болмақ?!

Руслан тәрізді құрылтайға қатысқанымен, оның жұмысына көңілі толмаған бірқатар азаматтар жиынның аяқталуын күтпей шығып кетіп жатты.

Ал құрылтайда сөйлеген Алматы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің өкілі атқарушы билік органы тарапынан «Халық үні» қоғамдық бірлестіктер одағына қолдау танытып, онымен тізе қоса жұмыс істеуге әзір екенін білдірді.

Амалбек Тшан: Бізде қоғамда күш алып бара жатқан ұйымдарды ыдыратуға билік күш жұмсап жатады. Алматы, 18 қараша 2008 ж.
- Бізде биліктен тәуелсіз құрылған ұйым, қозғалыстар қоғамда күш алып бара жатса, билік оған араласып оны ыдыратуға күш жұмсап жатады. Өздеріңізге мәлім, осыған дейін бізде бірнеше партия да бас қосып біріккенімен, кейін биліктің тікелей ықпалымен жеке-жеке бөлініп кетті. Сол секілді бүгінгі мына топтың ішіне де сол билікке қажетті сөздерді сөйлейтін, солардың айтуымен ғана кіріп отырғандардың бар екендігіне ешқандай күмән жоқ. Бұның арты қалай боларын ертеңгі күн көрсетеді, - деді Парламент Мәжілісінің бұрынғы мүшесі Амалбек Тшан Азаттық тілшісіне.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG