Accessibility links

Қазақстанда АЭС салынатын болады


Үлбі металлургия зауытында атом станцияларына керекті отын бөлшектері дайындалады.
Үлбі металлургия зауытында атом станцияларына керекті отын бөлшектері дайындалады.

«Қазатомпром» ұлттық атом компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішев сейсенбі күні өткен үкімет отырысында Ақтау қаласында 2011-2017 жылдар аралығында атом электр станциясы салынатындығын мәлімдеді. Қазақстан уранды энергия көзінің бір түрі ретінде алғаш рет пайдаланайын деп отыр.

«Қазатомпром» ұлттық атом компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішевтің хабарлауынша, Ақтау АЭС-сы Ресеймен бірігіп салынатын болады. «Қазіргі таңда Ақтау территориясындағы екі реакторлық блоктың бірінде бір атом станциясының құрылысын салу жоспарланып отыр, себебі, ол жерде энергиямен қамтамасыз ету тапшылығы туындап отыр» деді компания басшысы.


Кейбір мамандардың есептеуінше, атом станциясын салу энергетикалық тығырықтан құтқаратын жалғыз жол. Олардың айтуынша, Қазақстанда энергияның өзге көздері баяғыда-ақ тиімділігін жоғалтқан. Ал энергияға деген сұраныс болса жыл сайын өсіп отыр, Дерек бойынша, 2012 жылға таяу Қазақстан сағатына 0,4 млрд кВт энергияға деген зәрулікті көретін болады.


- Егер біз қазіргі уақытта жылу электр станцияларының санын бірден көбейтетін болсақ, одан шығатын түрлі қауіпті химиялық заттар табиғатқа орасан зиян келтірмек. Ал су электр станцияларын дамыту үшін бізде қолайлы өзендер жоқ, олардың саны да шектеулі. Ал күннің немесе желдің энергиясын пайдалануға келсек, егер энергияның бұл көздері қауіпсіз әрі тиімді болғанда, бүкіл әлем баяғыда-ақ оны пайдануға көшетін еді. Мысалы, желді пайдаланатын электр станциялары төмен жиіліктегі дыбыстарды шығарады. Бұл орта үшін өте қолайсыз жағдай тудырады, - дейді Ядролық физика институтының бас инженері Дархан Накипов.

Эколог Мэлс Елеусізов атом станциясы экология үшін қауіпті деп санайды.
Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары әрі сыртқа аз қалдық шығарады екен. Сондай-ақ, уранның Қазақстанның өз ішінде өндірілуі, қосымша қаржыны талап етпеуі де бұл саланың артықшылықтарын көбейте түседі. «Ең тиімдісі - шағын атом станциялары. Олардың бірнешеуін салып, Қазақстан қуат көздеріне деген сұранысты оп-оңай шешіп ала алады» дейді инженер Дархан Накипов.

- Қазақстан әлі кеш болмай тұрғанда тезірек атом станциясын салуы керек. Қазақстанда бәрібір энергияны тұтынушылық деңгейі жоғарылайды, - дейді ол.


Уранның қуаттылығы қанша болса, оның зияны да одан кем емес дейді экологтар. Олар атом станциясын сала отырып, мемлекет орасан зор экологиялық зардаптарға кезігу қауіпін ұлғайта түсті деп отыр.


- Ең бірінші қиындық – ядролық қалдықтар мәселесі. Оны қайда жібереміз? Мұны дүниежүзінде ешкім білмейді. Негізі мемлекетте барлық маңызды мәселелер шешіліп, шешілмегені тек осы болса, онда үкіметтің бұл шешімін түсінер едім, - дейді «Табиғат» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Мелс Елеусізов.

Экономист Рахман Алшанов: Үкімет атом станицясының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең озық технологияларды пайдалануы керек.
Атом электр станцияларын салуда үкімет зиянды салдар болдырмауға барынша күш салу қажет деп тұжырым жасайды экономист Рахман Алшанов:

- Қазір дүниежүзінде 400-ден астам атом электр станциялары бар. Бұл жерде басты назар аударатын нәрсе – оның техникалық жағынан жабдықталуы. Қазір технологиялардың жаңа «5-ші кезеңі» шығып жатыр. Үкімет ақша аямай, соны сатып алуы керек.

Әйтсе де, экономист энергетика саласында Қазақстанның бұдан да басқа мүмкіндіктері мол деп есептейді.


- Қазақстанға қазір энергия мәселесін шешуде жан-жақтылық керек. Мәселен, Германияда бірінші орынды көмір электр станциялары алса, Тәжікстанда су электр станциялары алады. Қазақстанда не көп, көмір көп. Бізде көмір электр станцияларын салу керек. Бірақ, бізде қарасаңыздар, оның тиімділігі 37 пайыз ғана. Шетелде 50 пайызға дейін баратын елдер бар. Сондықтан бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды.


Атом саласы мамандарының айтуынша, Қазақстандағы бұл саланың мамандарын тек Ресей дайындап отыр. Бұл мамандыққа сұраныс жоқ болғандықтан Қазақстанда олардың саны да аз қалыпты.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG