Accessibility links

Қазақстан оңтүстік бағытта мұнай-газ тасымалдауы мүмкін


Қазақстан Иранда жаңа мұнай өңдеу зауытын салу немесе қолданыстағысын сатып алу туралы ұсынысты қарастыруда. Сарапшылар бұл Қазақстан үшін Кавказдағы жағдайдан кейін болашағы бұлыңғыр боп тұрған батыстық жобалардың баламасы болмақ дейді.

Ақпарат көзі ресми Астананың Иран тарапынан жасалған ұсынысты әлі қабылдамағанын айтады. Десек те, саясаттанушылар бұл Қазақстан мен Иран арасындағы энергетика саласында әріптестік қарым қатынастың жаңа кезеңінің басы болуы мүмкін деп болжайды. Және де екі ел арасында бұл саладағы әріптестік бұрындары да бар болатын. 1997 жылдан бастап Қазақстан танкерлермен Иран арқылы Парсы шығанағына өңделген күйде өз мұнайын тасымалдауға мүмкіндік алған еді. Енді Кавказдағы жағдай да өз мұнайын әлемдік нарыққа шығарудың әр түрлі мүмкіндіктерін іздестіріп жатқан Қазақстан үшін мұнай-газ тасымалдау бағытын өзгертуге ықпал етеді дейді сарапшылар.
ҚР-сының Президенті жанындағы экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Болат Әуелбековтың айтуынша, әйтсе де, бұл бағыттың өзіндік қиындықтары бар:
- Бір жағынан геосаяси жағдай, екінші жағынан субъективті фактор әсер етпек. Әрине, бұл жоба батыс елдерін қуантпайтыны рас, себебі, олар Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбырына көп қаржы жұмсаған болатын. Егер де ол жобалардың болашағына күмән туса онда, әрине, олар тарапынан қандай да бір реакция болады. Дегенмен бұл жобалардың жүзеге асуына кезінде американдық компаниялардың өздері күш салған еді. Сондықтан бұл жерде экономикалық мүдде саяси мүдделерден жоғары болып тұр. Субъективті себептерін айтатын болсақ, Иран тарапынан бюрократиялық кедергілер өте көп.
Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан мен Иран арасында мұнай тасымалдауда жерасты құбырларынан гөрі теңіз жолы әлдеқайда тиімді. Бұған географиялық жағдай да мүмкіндік бермейді экологиялық зардапқа да әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан тек тасымалданатын мұнай көлемі ғана өсіп, бұрынғыдай swop-жүйесі (алмастыру) сақталып қала беретін сияқты дейді ол.
Ал Қазақстан қоғамын зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Қанат Берентаев болса, Қазақстанның энергетика тасымалдауының оңтүстікке бағыт алуы экономикалық жағынан өзін өзі ақтамайтын жоба деп есептейді.
- Экономикалық тұрғыда алсақ, батысқа бағыт алу біз үшін әлдеқайда тиімді. Ал, Иранның өзі шикізатқа бай мемлекет, парсы шығанағының өзінің мұнайы жетеді, біздің мұнайға зәру емес. Сондай ақ, бұл бағыт тыныш аймақтар қатарына да жатпайды. Бізде мұнайды тасымалдайтын екі бағыт бар. Ресей арқылы Батысқа және Қытай нарығына шығады. Ал бұдан басқа мемлекетке шығуға біздің мүмкіндігіміз жоқ, мұнайымыз жетпейді.
Сарапшылар бұл жобаны Батыс қолдамайды деп отыр. Ал ресейлік сайттарға сұхбат берген Орталық Азия елдері бойынша сарапшы Юрий Солозобов Ресейдің парсы-қазақстандық концорциумға кіруге мүмкіндігі бар екендігін айтады. Себебі, Ресей үшін оңтүстік бағыт батыстық бағыт секілді пайдалы көрінеді.
«Ресей Қазақстанның өз шикізатын балама жолдармен шығаруына қарсы емес, бірақ ол стратегиялық әріптестерге қатысты бағыттарды жүзеге асырар алдында өзімен келісіп алғандығын қалайды» деп жауап береді сарапшы.
Dow Jones Business News басылымының жазуынша, қазіргі уақытта Иран жағы тәулігіне 120-360 мың баррель көлемінде мұнай қабылдайтын терминал дайындап жатқан көрінеді. Мұнымен бірге Қазақстан экспортқа шығатын мұнай көлемін арттыру үшін теміржол, автомобиль жолдарын да пайдаланбақшы, - деп жазады басылым.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG