Accessibility links

Қазақстан құрамасында сегіз жүлде бар


Бейжіңдегі ХХІХ Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының еншісінде қазіргі уақытта барлығы сегіз жүлде - 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар.

Ұлттық команда қоржынындағы алғашқы алтынды тамыздың 17 күні өткен зілтемір көтеру бәсекесінен Илья Ильин жеңіп алды. 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен 20 жастағы Илья штанганы жұлқа көтеруден 180 кг, серпе көтеруден 226 кг салмақты басынан асыра ұстап, жиынтық 406 келі салмақпен бақталастарынан озды. Сөйтіп, қызылордалық дарынды жас Ильин соңғы үш жылдың ішінде екі мәрте әлем чемпионы атанса, бұл жолы Бейжің Олимпиадасында топ жарды.
Зілтемір көтеруден 94 кг дейінгі салмақта Қазақстандық Илья Ильин Олимпиаданың алтын жүлдесін жеңіп алды. Бейжің, 17 тамыз 2008 ж.
Сондай-ақ, спорттың осы түрі бойынша Қазақстанға тиесілі тағы үш жүлдеге әйелдер қол жеткізді. Атап айтқанда, 63 кг-да Ирина Некрасова мен 75 келіде Алла Важенина әрқайсысы күмістен, ал 75 кг-нан жоғары салмақ дәрежесінде Мария Грабовецкая қола жүлде иеленді.
Грек-рим күресінің балуандары Нұрбақыт Теңізбаев 60 кг-да, Әсет Мәмбетов 96 келі салмақта қола жүлде еншіледі. Дзюдо күресінен қазақ спорты тарихындағы алғашқы күміс медальды 100 келі салмақта Асхат Жітікеев олжалады. Әйелдер арасында еркін күрестен 63 келіге дейінгі салмақта белдескен қазақстандық Елена Шалыгина үшінші орын үшін өткен айқаста француз Лиз Гелье Леграннан күш асырып, Олимпиаданың қола жүлдесіне ие болды. Осылайша, қазірдің өзінде қазақ спортшылары осыдан төрт жыл бұрынғы Олимпиада ойындарында жинаған жүлде санына қол жеткізіп үлгерді. 2004 жылы Афины Олимпиадасынан Қазақстанның ұлттық құрамасы 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль алып қайтқан болатын.
Ал бұл жолы қазақстандықтар тағы да жүлдеден үмітті. Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Бақыт Сәрсекбаев 69 келіге дейінгі салмақта Өзбекстандық Дильшод Махмудовты 12:7 есебімен жеңіп жартылай финалға шықты. Оның ендігі бақталасы Афины олимпиадасының күміс жүлдегері, Оңтүстік Корея елінің өкілі Жунгджу Ким болмақ.
Сол секілді Афины Олимпиадасының жеңімпазы Бахтияр Артаев 75 келіге дейінгі салмақта әлемнің екі дүркін чемпионы ресейлік Матвей Коробовты 10:7 есебімен жеңіп келесі айналымға өтті. Артаев енді Ұлыбритания спортшысы Джеймс Дегейлмен кездесед. 48 келі салмақта ширек финалға шығу жолында өткен бәсекеде қазақстандық Біржан Жақыповтан 13:7 есебімен жеңілген армян спортшысы Ованес Даниэлян еңіреп жылап жіберді. Жақыпов енді ширек финалда әлемнің екі мәрте жеңімпазы, Қытай шебері Зоу Шиминмен кездесед.
81 келі салмақта ширек финалда Еркебұлан Шыналиев тәжік спортшысы Жахон Құрбановпен айқасқа түседі. Құрбанов осал емес, ол былтырғы әлем чемпионы өзбек Аббос Атоевты алғашқы айналымда жеңіп кетті. Сол сияқты аса ауыр салмақта қазақстандық Руслан Мырсатаев қытайлық Жилей Жангпен ширек финалда жекпе жекке шығады.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG