Accessibility links

Чеховтың Никитасы мен қазақстандық билік


Таяуда орыс жазушысы А.П. Чеховтың «№6 палата» әңгімесін қайта оқып шықтым. Неге екенін білмеймін, осы бір классикалық туындыдағы суреттелетін жындыханадағы өмір Қазақстанның қазіргі тыныс-тіршілігінен аумай қалғандай әсер қалдырды маған.

Әңгімені оқыған болсаңыз, жазушының шығармасындағы қорқынышты кейіпкер Никитаны ұмытпаған шығарсыз. Егер қапелімде ұмытып қалсаңыз, есіңізге сала кетейін.

Түрі сұсты, тұнжыраған қабағы қабаған итті еске түсіретін, бойы кішкентай болғанымен жұдырығы томардай жындыхананың күзетшісі Никита тәртіпті жақсы көретін надан адамдардың санатынан. Тәртіп болу үшін ол жындыханадағы ауруларды аямай ұрып-соғады. Өйткені Никита тәртіп орнатудың басқа жолын білмейді, білгісі де келмейді. Жындыханадағылардың бәрі де Никитадан өлердей қорқады. Сондықтан да оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс.

Чехов осы әңгімесі арқылы сол уақыттағы қамшыдан басқа тәсілден өзге жолмен халықты басқаруды білмейтін Ресей билігін аяусыз әшкереледі.

Шығарманың жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, әңгімедегі көтерілген мәселелер, (әсіресе Қазақстан қоғамы үшін) маңыздылығын да, өзектілігін де жоғалтпағандай.

Қазір Қазақстанда жоғары лауазымды екі шенеунік кездесе қалып, амандық саулық сұрасқан соң, бірі жағдай қалай десе, екіншісі "Қалымыз автобустағыдай" деп жауап беретін көрінеді. "Автобустағыдайы несі?!" дейді ғой таңданып әріптесі, сонда анау автобустағыдай дегенім сол, біреулер отыр, ал енді біреулер дірілдеп-қалтырап, селкілдеп келеді деп жауап береді екен...

Никита пақыр секілді қазақстандық билік те елді езіп-жаншып басқарудан басқа жолды білмейді. Қазақстандық билік те тек жұрттың үрейін туғызады. «Мен кез-келгеніңді қолыңнан ұстап, сотқа жетектеп апара аламын» деген биліктің сесінен шошыған қоғам, ақыр соңында жазушының әңгімесіндегі түрмеге түсуден қорқып жынданған Иван Дмитриевич Громовтай ақыл-есінен айырыла бастады.

Елдегі оқиғалардың көбісінің қоғамда тек түсінбестік туғызатыны да мүмкін сондықтан шығар. Әйтпесе, қаржы дағдарысы алқымнан алып, халық қиналып жатқан шақта Конституция күні Астанада өтетін әскери парадқа республикалық бюджеттен қосымша 400 миллион теңге бөлген ресми биліктің бүгінгі " Атымтай жомарттығын» қалай түсінуге болады?
XS
SM
MD
LG