Қазанның 13-і күні Алматыда Stan.tv порталының басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп, соңғы кездері өз қызметкерлеріне түрлі деңгейде қысым жасалып жатқандығын мәлімдеді.
ҚЫСЫМ
Stan.TV бейнепорталының продюсері Александр Габченконың сөзінше, қысым көрсету фактілері көптеген аймақтарда тіркеліп отыр екен.
- Алла Степанова есімді біздің Өскемендегі меншікті тілшімізге қазанның 5-і күні кешке қала әкімінің орынбасары телефон шалып, әкімшілікке келуін сұраған. Келесі күні әкімшілікте журналистке алда болатын наразылық акциясы туралы хабар дайындаудың қажеті жоқтығын ескерткен. Әйтпесе журналист осы акцияның «ұйымдастырушы» ретінде жауапқа тартылуы мүмкін екендігін хабарлаған, - дейді Александр Габченко.
Ескертуге қарамастан журналист бәрібір оқиға орнына барып, хабар дайындаған. Содан кейін Stan.tv-нің түсіру тобын белгісіз біреулер аңдыған, журналистке учаскелік полиция қызметкері келіп түсініксіз «жоспарлы тексеру» жасаған. Одан кейін белгісіз біреулер үйге хабарласып, қоқан-лоққы көрсеткен.
«БІЛІКТІ МАМАН»
Оқиғаға қатысты Stan.tv басшылығы Өскенмен қаласының әкіміне өз орынбасарының ісін түсіндіруді талап етіп, хат жазған. Азаттық радиосы да орынбасармен тілдеспек болғанымен, оның демалыста екендігін анықталды. Дегенмен әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің бастығы Бұлбұл Бакинова, әкім орынбасары мен журналист арасында ешқандай әңгіме болмағандығын айтты.
- Мен бұл туралы Stan.TV пен «Әділ сөз» сайттарынан оқып-білдім. Қала әкімінің орынбасары Асқар Нұрғазиевпен сөйлескенімде ол мұндай әңгіменің мүлде болмағандығын айтты. Ол сонымен бірге «журналистерге қысым жасауға өзінің құқығының жоқ» екендігін жеткізді. Ол өз ісін жақсы білетін білікті маман. Сондықтан мен оның журналиспен дәл осындай әңгіме жүргізгендігіне еш сенбеймін, - деді радиомызға Өскемен қаласы әкімшілігінің өкілі.
Дегенмен Stan.TV порталы бұл оқиғаның расында да болғанын, және осыған ұқсас оқиғалар Шымкент, Павлодар, Семей қалаларындағы меншікті тілшілернінің де басынан өткенін айтады.
ЖАРТЫ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ТЕКСЕРУ
Портал қызметіне кедергі жасаудың бұл бір ғана жолы емес көрінеді. «Stan production» ЖШС құрылтайшысы Элина Жданованың сөзінше, жарты жылдан бері «Stan production өндірістік студиясы» салық тексерулерінен көз ашпай келеді.
- Бұл тексеріс жарты жыл бойы жалғасып келеді. Заң бойынша ол 30 күннен кейін аяқталуы тиіс еді. Қаржы полициясының сұрауы бойынша сәуірдің 29-ы күні басталған тексеру барысында, салыққа мүлдем қатысы жоқ жайттар сұралып жатыр, - дейді Элина Жданова.
Оның сөзінше тексерушілер порталдың шығармашылық ерекшеліктері, интернет арқылы видеоны жеткізу технологиясы сынды жайттарға ерекше қызығушылық танытқан.
- Бұған қоса осы жылдың мамыр айынан бастап бізді қаржы полициясы тексере бастады. Олар қызметкерлерімізді шақыртып, айлықтарын қайда жібереді, компания кімдермен келіссөздер жүргізеді деген сияқты сұрақтардың астына алды, - дейді Элина Жданова.
Біз бұл жайтқа қатысты қалалық қаржы полициясына хабарласқанымызбен, телефон тұтқасын көтерген ешкім болмады.
ЕНДІГІ ҮМІТ - ПРОКУРАТУРАДА
Stan.tv порталының басшылығы аталған жайттарға қатысты прокуратураға шығымдануды көздеп отыр. Себебі соңғы уақыттары жұмысқа кедергі келтірудің ақылға қонымсыз түрлері алдарынан шығып жатқан көрінеді.
- Оның бірі - журналистерге Астанада «ыңғайсыз сұрақтар қояды» және сол арқылы «жұмысқа кедергі келтіреді» деген желеумен Парламентте аккредитация беруден бас тарту, - дейді портал заңгері Наталья Сартбаева.
Редакция бұл жайттардың саяси астары бар деген сенімде.
Бұған дейін де елдегі тәуелсіз басылымдар өздерінің билік тарапынан қысымға көріп, түрлі жолдармен қуғынға ұшырап жатқандығы жайлы мәлімдеген еді. Дегенмен билік орындары әзірге оларға қатысты ресми жауап қайтарған емес.