Accessibility links

Экономикаға берілген 10 миллиард долларлық жедел көмек


Экономиканың барлық саласын дағдарыс жайлап тұрған жағдайда Ұлттық қордың үштен бірі банктер мен өнеркәсіпті сақтап қалу үшін бөлінуде. Қазақстан президенті елде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардан көмек күтіп отыр.

Үкімет әлем бойынша шұғыл түрде өз экономикасы мен қаржы жүйесін дағдарыстан сақтап қалу үшін ірі көлемде қаржы іздестіруде. АҚШ, Еуропа мен Азияның жетекші елдері әлемдік дағдарыс жағдайында банктер мен ірі компанияларға қолдау көрсету мақсатында ондаған миллиард доллар көмек көрсететін ниетін білдірді. Қазақстан да қалысқан жоқ
Астананың банктерге қолдау көрсетуге ірі көлемде қаржы бөлгенін Батыстың ақпарат құралдары жарыса жазуда. «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше әлемдік қаржы дағдарысынан зардап шеккен банктерді қолдап, экономиканы тұрақтандыру үшін ұлттық мұнай қорынан алдымыздағы екі жылда 10 миллиард доллар бөлу туралы айтты», — деп жазады британдық Financial Times басылымы.
Басылымның мәліметінше, жаңадан құрылған мемлекеттік қаржылық-өндірістік корпорация арқылы ірі энергетикалық жобаларды іске асырып, шағын бизнеске қолдау көрсететін қазақстандық банктердің жұмысына 5 миллиард доллар беріледі.
Американдық Bloomberg ақпарат агенттігі әлемдік дағдарысты жеңілдетуге арналған қаржы «Қазына» мен «Самұрық» мемлекеттік холдингтарын біріктіріп, қайта құрылған ұлттық әл-ауқат Қоры арқылы жұмсалады, — деп жазды.
«Жыл сайын экономикалық өсу көлемі 100 миллиард доллар құрайтын Қазақстанда 2000-2007 жылдар аралығында құрылыс саласының қарқынды жүруіне байланысты тауар және энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі табыстың орташа есеппен 10 пайызын құрады. Бірақ, 2008 жылдың алғашқы жартысында әлемдік несие дағдарысының әсерінен банктік несиелердің азаюы экономиканың өсу деңгейі 5,4 пайызды түсірді –деп сипаттайды елдегі макроэкономикалық жағдайды Bloomberg агенттігі.
Бұл тақырыпты Reuters. ақпарат агенттігі былай деп жалғастырады. Оның хабарлауынша қаржылық-банктік сектордан өнеркәсіптің жетекші салаларына ауысқандағы дағдарыс жағдайы тіпті күрделі. Әлемдік дағдарыстың «екінші толқыны» биыл экономиканың нақты секторына жетті. Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқыны 2007 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 4,7 пайызды құраса, 2008 жылдың қаңтар қыркүйек айларында 3 пайызға азайған. Әлемдік нарықтағы жағдай елдің тау-кен саласы өндірісін де айтарлықтай кемітті.Экономика министрлігінің алдын-ала есептеріне қарағанда, ЖІӨ нің өсу қарқыны өткен жылдың осы уақытындағы 9,7 пайызбен салыстырғанда тоғыз айдың ішінде 4,0 пайызға дейін, яғни, екі есеге азайған.
Сұраныстың күрт кемуі Қазақстандағы «Арселор Миттал Теміртау», «Соколов-Сарыбай» өндірістік бірлестігі сияқты жетекші компаниялардағы өндірістің біршама азаюына себеп болды. Нәтижесінде Үкімет Ұлттық қордан 10 миллиард доллар бөлу туралы шешім шығарды.
Қазақстан әлемдік дағдарысты жеңуде шетелдік инвесторлардың көмегіне сеніп отыр. Reuters агенттігі «Дағдарысты жеңу елдегі жұмыс істеп жатқан барлық компаниялардың, оның ішінде шетелдік компаниялардың да міндеті. Олар қазіргі уақытта үкімет қабылдаған барлық шараларға қолдау білдіруі керек. Алдағы уақыттағы шетелдік инвесторлармен іскерлік қарым-қатынасымыз осыған негізделеді», — деген Н.Назарбаевтың сөзін мысалға келтіріпті.
XS
SM
MD
LG