Туберкулез ауруынан жыл сайын әлемде 3 млн адам көз жұмады. Дәрігерлербұл қауіпті дертке көбінесе иммунитеті әлсіз адамдар, сондай-ақ маскүнемдер мен нашақорлар және стресске жиі ұшырайтын адамдар шалдығатынын айтады. Бұл ауру мемлекеттердің басым бөлігінде тегін емделетініне қарамастан оған шалдыққан науқастардың барлығы дәрігерге дер кезінде қарала бермейтіні дерттің кеңінен таралуына жол ашып отыр, дейді Алматыдағы салауатты өмір салтын сақтау ұлттық орталығының бөлім меңгерушісі Раиса Колокина:
- Туберкулез ауруына шалдыққан адам күніне айналасындағы 10 адамға туберкулез таяқшасын жұқтыруы мүмкін. Адамдар ауруы асқынған кезде ғана дәрігерге барып көрінеді. Ең жаманы сол. Себебі, оған дейін ол қанша адамға ауру таратқаны белгісіз. Науқас адам жөтелген кезде туберкулез таяқшалары ауаға тарап, онымен тыныстаған адам туберкулезге шалдығады.
Туберкулез ауруына шалдыққан адамда әуелі екі аптадай тоқтаусыз жөтел пайда болады. Дене қызуы көтеріліп, бойын тершеңдік пен әлсіздік басады. Көп адамдар бұған мән бермей, оны жай жөтелмен шатыстырып адасады, дейді дәрігерлер. Мамандарды қазіргі таңда аталған аурудың жасөспірімдер арасында кеңінен таралуы алаңдатып отыр.
- Статистикалық мәлімет бойынша, ауруды жұқтырып алуға жасөспірімдер әлдеқайда бейім болып отыр. Олар балалардан гөрі 3 есе, ересектерден гөрі 1,5 есе осы дертті жиі жұқтырады. Неге? Өйткені, біріншіден, жыныстық жетілу кезінде жасөспірімдерде ағзаның қорғаныштық қызметі әлсіз болады. Екіншіден, жасөспірімдердің басым бөлігінің осы кезде шылым шегуге, ішімдік ішуге әуестігі артады. Тағы да көптеген факторлармен қатар айта кетерлігі - туберкулездің алғашқы белгілері пайда болған жасөспірім дәрігерге өздігінен қаралмайды, - дейді дәрігер Раиса Колокина.
Туберкулез мәселесімен айналысатын ұлттық орталық өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда туберкулездің ашық және жабық түрлерімен қатар аурудың жаңа формалары пайда болған. Оны емдеуге әдеткі дәрі-дәрмектердің шамасы жетпейді, дейді ұлттық орталық директоры Шахимұрат Исмаилов:
- Қазір туберкулез мүлде өзгеріп, басқаша сипат алып отыр. Медицина тілімен айтқанда генетикалық мутация процесі жүріп жатыр. Туберкулездің таяқшалары баяғыдай жалпы туберкулезге ұқсамайды. Оның мультирезистенттік формалары пайда болды.
Аурудың жаңа формасының пайда болуының себебі - науқас адамдардың ем қабылдауды үзуі дейді сұхбаттасымыз. Мамандар пікіріне сүйенсек, туберкулез ауруы ауылдан қарағанда қалада жиі кездесіп отыр.
- Оның бірнеше себебі бар: экологияның нашарлығы, түтіннің көптігі, халықтың тығыз орналасуынан болады. Ал ауылда экология біршама таза, сонымен қатар онда адамдар ой еңбегінен гөрі дене еңбегімен жиі шұғылданады. Сондай-ақ, ондағы адамдар химиялық қоспасыз тағамдарды жиі қолданады, - дейді салауатты өмір салтын сақтау ұлттық орталығының бөлім меңгерушісі Раиса Колокина.
Туберкулез - емделетін ауру. Емдеу мерзімі аурудың түріне байланысты 6 айдан 9 айға дейін созылады. Десек те оған шалдыққан адам дер кезінде дәрігерге қаралмаса,асқынған дерттен адам өліп те кетуі мүмкін. Сондықтан ауруды асқындырмай дәрігерге бірден көріну керек деп кеңес береді мамандар.