Accessibility links

Ресей партиясы бұрынғы советтік кеңістікке қанат жайып келеді


Ресей премьер-министрі Владимир Путин "Единая Россия" партиясының аймақтық жиынында. Нижний Новгород, 14 қыркүйек 2010 жыл.
Ресей премьер-министрі Владимир Путин "Единая Россия" партиясының аймақтық жиынында. Нижний Новгород, 14 қыркүйек 2010 жыл.

Ресейдің билік партиясы бұрынғы советтік кеңістіктегі ресейшіл күштермен одақ құрып жатыр. Украинада табысқа қол жеткізгеннен кейін «Единая Россия» партиясы Қырғызстандағы, Молдова мен Грузиядағы Ресейге іш тартатын партиялармен қоян-қолтық араласуға ұмтылып отыр.

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Феликс Құловтың «Ар-Намыс» партиясы солтүстіктегі күшті көршісі Ресейдің билеуші партиясы тарапынан мойындалды. Бұл уақиға Қырғызстан 10 қазанда өткелі отырған парламент сайлауының қарсаңында болды.

ҚҰЛОВ ҚАБЫЛДАНДЫ

«Ар-Намыс» партиясы 22 қыркүйекте Мәскеу қаласында Ресейдегі атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарының барлығына бақылау орнатқан әрі елдегі ең күшті саясаткер, премьер-министр Владимир Путин жетекшілік ететін «Единая Россия» партиясымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Pесей президенті Дмитрий Медведев "Ар-Намыс"
партиясының төрағасы Феликс Куловты қабылдап тұр.
"Горки" резиденциясы. Мәскеу, 22 қыркүйек 2010 жыл.

Ресей партиясы таратқан баспасөз баянына қарағанда бұл келісімде тек қана саяси ынтымақтастық қана сөз болмаған сияқты. Келісімде сондай-ақ «Ресей мен Қырғызстан арасында өзара тиімді экономикалық байланыстар орнату, кәсіпкерлікті, инвестициялық және ғылыми іс-әрекеттерді дамытуға қолайлы жағдай жасау» мәселелері де қамтылыпты.

Ресей тарапынан келісімге «Единая Россия» партиясы жоғары кеңесінің төрағасы әрі Ресей мемлекеттік думасының спикері Борис Грызлов, «Ар-Намыс» партиясы атынан партия төрағасы Феликс Құлов қол қойды.

МОЛДОВАДАҒЫ МӘМІЛЕ

«Ар-Намыс» партиясымен арадағы уағдаластық – аса ықпалды «Единая Россия» партиясының бұрынғы советтік кеңістікте жасаған келісімдерінің бірі ғана. Оның алдында, яғни қыркүйек айында «Единая Россия» бұрынғы коммунист Мариан Лупу басқаратын Молдова демократиялық партиясымен де осыған ұқсас келісім жасасқан еді.

Ресейден оралысымен баспасөз конференциясын өткізген Мариан Лупу «Единая Россиямен» жасасқан келісім Ресеймен өзінің партиясы арасындағы келешектегі байланыстардың бірі екендігін айтты. Бұл саясаткер Молдова Ресеймен қайшылықта болмай, ынтымақтастық орнатқаны дұрыс деп санайтынын мәлімдеді.

«Молдова Ресей Федерациясына қырын қарай алмайды және қарамайды да. Егер Молдова азаматтарына қолайлы болсын десек, онда болашағымызды ойлайтын ұстамды көзқараста болуымыз керек»,- деп мәлімдеді Мариан Лупу.

Алдағы қараша айында Молдова парламент сайлауын өткізбек. Сарапшылар Мәскеу осы сайлау алдында батысқа іш тартатын төрт партиядан құралған билеуші коалицияға қарсы Мариан Лупуды бөліп алып, өзіне икемдемек деп санайды. Сонымен қатар «Единая Россия» партиясы Молдовадан ат құйрығын үзуді қалайтын, танылмаған Днестр жағалауы республикасының Қайта өрлеу партиясымен де келісім жасап қойды.

ГРУЗИЯДАҒЫ ӘРЕКЕТТЕР

Грузияда «Единая Россия» партиясы бұрынғы премьер-министр Зураб Ногайдели басқаратын оппозициялық «Әділ Грузия үшін» партиясымен ымыраласып отыр. Ол өз партиясын «классикалық оңшыл бағыттағы» оппозициялық партия деп сипаттайды.
"Әділ Грузия үшін" партиясының төрағасы Зураб
Ногайдели (сол жақта) Ресей мемлекеттік думасының
төрағасы Борис Грызловпен бірге. Тбилиси, 9 ақпан 2010
жыл.

Ресей думасының депутаты және «Единая Россияның» ресми өкілі Сергей Марков бұл ретте екі ел арасындағы қатынастарды жақсарту мәселесі көзделіп отырғанын Азат Еуропа/ Азаттық радиосының Грузин редакциясына хабарлады. Сергей Марковтың сөзіне қарағанда партияның басты мақсаты – Грузия мен Ресей арасындағы қатынастарды жақсартуды қалайтын Грузиядағы саяси күштерге дем беру.

«Ногайдели – солардың бірі. Бірақ ол жалғыз емес. Тіпті, Грузия президенті Михаил Саакашвили партиясының да кей депутаттары оның ақылға сыймайтын саясатын сынға алып отыр», - дейді Сергей Марков.

«Единая Россия» партиясы Оңтүстік Осетия және Абхазия секілді Грузияның сеператистік өңірлеріндегі билеуші партиялармен де өзара ынтымақтастық орнату және тікелей қаржылық көмек беру туралы келісімге келген.

УКРАИНАДАҒЫ ТАБЫС

2005 жылы «Единая Россия» Украинадағы Аймақтар партиясымен ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойған еді. Биыл осы партияның ресейшіл бағыттағы басшысы Виктор Янукович президент сайлауындағы бәсекелесі Виктор Ющенконы қапы қалдырып, жеңіске жетті.

Ресей мемлекеттік думасы шетел істері жөніндегі комитетінің төрағасы әрі партияаралық және халықаралық байланыстар бойынша «Единая Россия» комиссиясының басшысы Константин Косачев Азат Еуропа/ Азатық радиосының Орыс редакциясына Виктор Януковичпен жұмыс істеудің «оң жамбасқа» келетін хабарлады. Дегенмен Косачев өз партиясының Украина мүддесін көздейтін кез-келген украин президентімен жұмыс істей алатынын мәлімдеді.

Константин Косачевтің сөзіне қарағанда бұрынғы президент Виктор Ющенко бұл мүддені дұрыс түсіне алмаған. «Ющенко, - дейді ол, - Украина мүддесі дегеніміз – неғұрлым Ресейден аулақтап, соғұрлым Батысқа жақындау деп ойлады».

«Сол себепті де Украинамен қатынасымыз біршама қиындап кеткен кездер болды. Алайда Виктором Януковичпен жұмыс істеу бізге біршама жеңіл. Ол Украина мүддесін әлдеқайды жақсы түсінеді», – дейді Константин Косачев.

МӘСКЕУДІҢ МҮДДЕСІ

Осынау одақтар құрудағы Ресей партиясының аса маңызды мақсаты – барлық жерде Ресейдің саяси және экономикалық мүдделерін жүзеге асыру. Өзін Ресейде оңшыл орталық ретінде жариялайтын партиялардың Молдова мен Украинадағы солшыл партиялармен оп-оңай тіл табысатын, Грузиядағы оңшылдармен одақтасып, Қырғызстан, Оңтүстік Осетия және Днестр жағалауы республикасындағы бағыт-бағдары белгісіз партиялармен араласа кететіні сондықтан.

«Біртұтас Ресеймен» одақтас болудың басты шарты - серіктес партиялардың Мәскеуге қатысты прагматикалық ұстанымы. Зураб Ногайдели басқаратын «Әділ Грузия үшін» партиясының өкілі Петре Мамрадзе «Біртұтас Ресейге» серіктес партиялардың барлығына егіз қозыдай ұқсас келетін ұстанымда.

Петре Мамрадзенің сөзіне қарағанда, партия Грузия мен Ресей қатынасын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. «Реалистік тұрғыдан қарай келгенде біз «Единая Россияның» Ресейдегі билеуші партия екенін көріп отырмыз», - дейді ол.

«Қоғамдық пікір ауаны осынау аса үлкен ел халқының басым көпшілігі Владимир Путин мен ол басқаратын партияны қолдайтынын көрсетіп отыр. Грузия үшін бұл – факт, шынайы шындық. Егер мұны ескермейтін болсақ, онда біз жоқ болып кетуіміз мүмкін», – дейді Петре Мамрадзе.

ДОС ТА, ДҰШПАН ДА ЕМЕС

«Единая Россияның» мұндай одақтары Мәскеудің сыртқы саясатының үлгісі секілді. Қыркүйек айының басында Newsweek журналының ресейлік нұсқасы шығарған сыртқы істер министрлігінің жұмыс құжаты Ресей бұдан кейін әлемді «дос» және «дұшпан» деп бөлмейтінін, тек мүдделестер тұрғысынан ғана қарастыратынын атап көрсетеді. Құжатта сыртқы байланыстар арқылы Ресейді жаңарту мәселесін күн тәртібіне қою үшін Мәскеуді ресми де, бейресми де құралдар арқылы жұмыс істеуге шақырады.
Ресей президенті Дмитрий Медведев (оң жақта) "Единая
Россия" партиясы өкілдерімен кездесуде. "Горки"
резиденциясы. Мәскеу, 23 қыркүйек 2010 жыл. .


Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясына келгенде бұл тұжырымдамалық құжат ТМД кеңістігінде ресейлік экономикалық операторлардың іс-әрекетін қолдай отырып, «Украинаны Ресеймен экономикалық ынтымақтастық қатынасқа белсенді түрде тартуды, сондай-ақ Қырғызстанда ресейлік бизнесті өрістетуді» мақсат етеді.

Құжатта ТМД елдерінде тұрақты демократиялық дамуды қамтамасыз ету Ресей ұлттық мүддесі ретінде көрсетілмеген. Бірақ Ресей президенті Дмитрий Медведев қыркүйек айында Ярославлде өткен конференцияда парламенттік демократия Қырғызстан үшін «апат» болды деп мәлімдеген еді.

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ ҚОЛДАУ

Ресейде «Единая Россияның» мүдделері саясат пен бизнестің ортасында тұр. Яғни, бұл – осы партиямен тікелей байланысты тараптарды сайлау кампаниялары тұсында елеулі материалдық қолдау күтіп отыр деген сөз.

Стратегиялық және халықаралық зерттеулердің қорының (GFSIS) Грузиядағы өкілі Александр Рондели Мәскеу «Единая Россияның» көмегімен «жұмсақ күш» қолданып отыр деп санайды. Александр Ронделидің ойынша, Мәскеу қазіргі уақытта негізінен мемлекеттік арналар арқылы емес, керісінше саяси партия деуге келер-келмес «Единая Россия» партиясы арқылы әрекет етуге көшкен.

«Егер мұны Грузиядағы саяси ахуалға ықпал ету және қазіргі билікке қарсы ресейшіл оппозиция қалыптастыру деп қабылдар болсақ онда мұның белгілі бір қаржылық қолдаусыз жүзеге аспайтынын ескеруіміз керек», – дейді Александр Рондели.
XS
SM
MD
LG