Accessibility links

АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Билл Бернспен кездесуге тәуелсіз БАҚ қатыстырылмады


Билл Бернс, АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары. 17 қыркүйек 2008 жыл.
Билл Бернс, АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары. 17 қыркүйек 2008 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Билл Бернс Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Оған тек ресми ақпарат құралдары ғана қатыстырылып, тәуелсіз баспасөз өкілдері жіберілмеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ мемлекетік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Билл Бернстіқабылдауынан кейін Ақорда сайтында Қазақстан басшысына АҚШ президентінің Мәскеуге сапарының қорытындысы хабар етілді деген ақпарат таратты.

Онда Билл Бернс мырза, «АҚШ Президентінің Мәскеуге сапары өте табысты өтті. Ресми Вашингтон Ресеймен арадағы жақсы қарым-қатынастарға үлкен мән береді. АҚШ сондай-ақ Қазақстанмен қарым-қатынастарды және ынтымақтастықты жоғары бағалайды» деп атап көрсеткен.

Қазақстандағы АҚШ елшілігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, екі жақты кездесу барасында ынтымақтастықты дамыту және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндіктері, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселелері талқыланған.

Бұл тұрғыда Билл Бернс «Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелерінде өзінің көшбасшылығын көрсетті. АҚШ ядролық қарудың таралуына жол бермеуге және басқа елдерге осы істе үлгі болуға мүдделі. Бұған президенттер Дмитрий Медведев пен Барак Обаманың арасындағы болашақта ядролық арсеналды одан әрі қысқарту туралы қол қойылған келісім негізінде орныққан өзара түсіністік дәлел бола алады» деген.

Ал өз кезегінде Қазақстан президентіт Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның АҚШ Президенті Барак Обаманың 2010 жылы Нью-Йоркте ядролық қауіпсіздік жөнінде жаһандық саммит өткізу туралы бастамасын қолдайтынын айтқан.

Екі жақ Қазақстан мен АҚШ өзара қарым-қатынасты нығайтуға дайын екенін атап өтті. Мұнан басқа, екі тарап Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру проблемаларын талқылаған.

Осыдан кейін Билл Бернс Қазақстандағы азаматтық қоғамдық ұйымның өкілдерімен кездескені айтылады. Алайда, олардың ішінде бірқатар саяси партия жетекшілері шақырту алмапты. Мәселен, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов пен Социал демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбай да кездесуге шақырту алмағандықтарын айтады.

Ал АҚШ мемлекет хатшысының саяси істер жөніндегі орынбасары Билл Бернстің Қазақстан үкімет басшысы Кәрім Мәсімовпен кездесуі барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға қатысты мәселелер талқыланған.

Тараптар Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы кедендік одақты құру мәселелері және осыған байланысты және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуі мәселесі бойынша пікір алысқан.
XS
SM
MD
LG