Accessibility links

Наразылық митингісіне жиналғандар талаптарын орындауға билікке 15 күн мерзім берді


Баспана проблемасына қатысты өткен наразылық митингі. Алматы, 12 қаңтар 2009 ж.
Баспана проблемасына қатысты өткен наразылық митингі. Алматы, 12 қаңтар 2009 ж.

Бүгін Алматыда жер және баспана мәселесі бойынша наразылық митингі өтті. Қала әкімінің рұқсатымен өткен жиынға қатысқан жұртшылық өкілдері өз баспаналары тұрған жер телімдерін заңдастыруды талап етті.

Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы жұрт көзінен таса алаңда өткен митингке «Шаңырақ», «Құрылысшы», «Красный трудовик», «Ұлжан», «Ақбұлақ» және тағы басқа елді мекендерден жиналған көпшілік өздерінің баспана проблемасының шешілмей келе жатқанына наразылық білдірді.
Осы жиында бұдан екі күні бұрын қаладағы Алатау ауданы әкімшілігі аумағындағы 18 елді мекеннің 12-інің өкілдері құрамына енген жаңа қоғамдық ұйым құрылғаны хабарланды. «Жер және баспанаға конституциялық құқықтарды қорғау жөніндегі халықтық комитет» деп аталатын жаңадан құрылған қоғамдық ұйымның атынан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Парламентке, Бас прокуратура мен Қаржы полициясына үндеу оқылды.
Онда халықтың жер және баспана мәселесін шешу үшін шұғыл түрде үкіметтік комиссия құру, Алатау ауданы тұрғындарына, заңнамаға сәйкес, тұрғын үй құжаттарын беру және Алматының атқарушы билік органдарындағы бірқатар лауазымды тұлғаларды жұмыстан босатып, жауапқа тарту туралы талаптар жазылған.
Үндеуде егер енді 15 күннің ішінде билік бұл айтылғандарды орындамаса, онда аталған аудан тұрындары биыл жылға жоспарланып отырған бүкілхалықтық санаққа қатыспайтындығы, ұзақ мерзімді наразылық митинг-жиындар мен өзге де шаралар ұйымдастыратындығы, тіпті адамдарға лайықты баспана беруге дайын өзге елдердің үкіметтеріне ізденіп, Қазақстан азаматтығынан бас тартатындығы айтылған.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG