Accessibility links

Қазақстан билігін сынаған мәлімдеме Алматыдан жеткенше Обама Назарбаевпен кездесіп үлгерді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен АҚШ президенті Барак Обама. Вашингтон, 11 сәуір 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен АҚШ президенті Барак Обама. Вашингтон, 11 сәуір 2010 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жексенбі күні Вашингтонда АҚШ президенті Барак Обамамен кездесті. Назарбаев Құрама Штаттарға ядролық қауіпсіздік жөніндегі әлемдік саммитке қатысуға барған еді.

ВАШИНГТОНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Ақорданың хабарлауынша, Вашингтондағы президент резиденциясында өткен кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасына көңілі толатындығын атап көрсеткен.

«АҚШ - Қазақстанның жетекші экономикалық және инвестициялық серіктесі. Энергетика секторында АҚШ-тың ең ірі компаниялары жұмыс істеуде. 80 миллиардтан астам доллардың 30 миллиарды – америкалық компаниялардың салымы, - деді Назарбаев.

Ақ үйдің хабарлауынша, Құрама Штаттар Қазақстанды адам құқығына қатысты бағдарламаларын жүзеге асыруға шақырды. Бұл ретте «АҚШ Қазақстан үкіметіне БАҚ-ның либерализациялауға және құқықтық реформа жүргізу арқылы саяси жүйені демократияландыруға көмектесетін болады».

Ал Қазақстан болса Ауғанстанға әскер жеткізу үшін АҚШ-тың әскери ұшақтарының республика аумағы арқылы ұшуына рұқсат береді. Жексенбі күні президенттердің кездесуінде осындай келісім жасалды. АҚШ президентінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Макфолдың айтуынша, бұл келісім уақыт пен ақшаны үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ақорданың хабарлауынша, Назарбаев Вашионгтонда Обаманы ЕҚЫҰ-ның осы жылы қараша айында Астанада өтеді деп жоспарланған саммитіне шақырды.

Алайда Ақ үй таратқан мәлімдемеде «Нұрсұлтан Назарбаев президент Барак Обаманы өзіне қолайлы уақыттың бірінде Қазақстанға келуге шақырды» деп атап көрсеткен.
"Республика" газетінің журналисі Ирина Медникова "No summit!" плакатымен АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығының алдында тұр. Алматы, 12 сәуір 2010 жыл.

«Президенттер Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығын және оның ұйым саммитін өткізу бастамасын талқылады. АҚШ және Қазақстан ЕҚЫҰ саммитінің күн тәртібін дайындауда әріптестік орнатуға келісті» делінген Ақ үй таратқан ақпаратта.

«АСТАНАДАҒЫ САММИТКЕ ЖОЛ ЖОҚ»

Алайда бұл саммиттің Астанада өткізілуіне Қазақстандағы оппозициялық ұйым мен бірқатар оппозициялық басылымдар қарсы шығып отыр.

Оппозициялық «Алға» партиясын тіркеу комитетінің, сондай-ақ «Республика» және «Взгляд» газеттерінің өкілдері дүйсенбі күні Алматыдағы АҚШ консулдығының алдында наразылық пикетін ұйымдастырды.

Олар АҚШ президенті Барак Обамадан Қазақстанның ЕҚЫҰ саммитін Астанада өткізу туралы ұсынысын қолдамауын сұрап отыр.

«Республика» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачеваның айтуынша, «Қазақстанда сөз бостандығы мен демократия жоқ, сол себепті ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге лайықты емес».
Роберт Лэйн, АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығының басшысы қызметін уақытша атқарушы. Алматы, 12 сәуір 2010 жыл.

Оппозиялық партия мен басылымдардың Обамаға хатын АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығының басшысы қызметін уақытша атқарушы Роберт Лэйн қабылдап алды.

Елшілік өкілі Обамаға жолданған петиция туралы ешқандай пікір айта алмайтындығын, бірақ хатты тапсыруға уәде беретіндігін ғана айтып өтті.

«ОБАМА НАЗАРБАЕВҚА СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТСІН»

Бұл уақытта Нью-Йорктегі Халықаралық журналистерді қорғау комитеті, Қазақстан және АҚШ президенттерінің Вашингтондағы кездесуі қарсаңында, арнайы мәлімдеме таратты. Ұйым Қазақстанда баспасөз еркіндігіне қатысты сын айтқан.

Мәлімдемеде Қазақстандағы қақтығыстар мен тәуелсіз журналистерді қамауға алу, сыни пікір айтқан ақпарат құралдарын саяси қудалау және интернетті реттеу жөніндегі заң ЕҚЫҰ-ның беделіне көлеңке түсіріп отыр делінген.

Биыл ЕҚЫҰ-на төрағалық етуші Қазақстан ұйымның құндылықтары мен негіздерін ұстанатындығын жариялаған еді. 2008 жылы қазақ үкіметі бірқатар заңдарға, оның ішінде ақпарат құралдарына қатысты заңға өзгерістер енгізген. Журналистерді қорғау комитеті бұл өзгерістерді «үстіртін жасалды» деп атап, құжат баспасөз еркіндігінің бұзылуы мен қатаң жазалауларға жол берді деп атап көрсетті.

Сонымен қатар, ұйым мәлімдемесінде соңғы екі жылда Қазақстан үкіметі «тіл тигізді» деген желеумен тәуелсіз журналистерге қарсы сотқа шағым түсіріп, өтемақы ретінде ақпарат құралдарынан жарты миллиард теңгеден артық ақша өндіріп алуды көздегені айтылған.

Осыған орай, Журналистерді қорғау комитеті, АҚШ президентінен қазақстандық әріптесі Назарбаепен кездескенде, ЕҚЫҰ-на төрағалықты қабылдар алдында елде ақпарат еркіндігі мен сөз бостандығын қамтамасыз ету жөнінде жасаған міндеттемелерін есіне салуды сұрап отыр.

Вашингтондағы саммит АҚШ президентінің бастамасымен шақырылды. Оған әлемнің 47 елінің басшылары жиналды.
XS
SM
MD
LG