Алматы қаласының тұрғыны Әнел Гумарова осыдан екі жыл бұрын «Қуат» корпорациясынан пәтер алмақ болады. Ол үшін пәтерін сатып, үстіне алған несиесін қосып аталған корпорацияның үлескері атанады. Екі жылға созылып барып әрең алған пәтерге жақында кірген үлескерлер оның толыққанды жабдықталмағанын сонда біледі.
Бұл - құрылысы аяқталмаған «Сайран» мега ауданындағы 500-ден астам үлескерлердің бәріне тән жағдай. Олар аяғына дейін жетпеген жаңа үйлердің кейбірінің тоналып, қазірдің өзінде қиранды үйлерге айналып бара жатқандығын айтып, зар илеуде.
Ал үлескер Бауыржан Исаевтың жағдайы мұнан да күрделі. Ол ақшасын салған құрылыс нысанының тіпті іргетасы да қаланбаған.
- Біз ақша салған кешеннің ахуалы нашар. Біз берген ақшаны корпорация кезінде өзге кешен үшін жұмсады. Олар нарықты дұрыс болжай білген жоқ. Олар тұрғын үйдің бағасы сәт сайын өсе береді деп ойлады. Сөйтіп, 3 кешенді төмен бағаға сатып жіберді. Нәтижесінде жинаған ақшалары жетпей қалды.
Корпорация басшыларының уәделерінен шаршаған үлескерлердің үміті енді үкімет пен ел президентінде. Осыған дейін тамыздың 2-сі күні Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Қуат» корпорациясындағы бірқатар құрылыс нысандарын мемлекеттің сатып алуы туралы ұсыныс айтқан болатын.
- Мәселен, Астанадағы «Қуат» корпорациясының қандай да бір құрылыс нысанын сатып алу мүмкіндігін қарастырып көрелік. Бірақ бұл ақшалардың жоғалып кетпей, Алматы қаласының инфрақұрылымын дамытуына бағытталуы шарт, - деген үкімет басшысы.
«Қуат» корпорациясы өкілдерінің айтуынша, Сайран ықшам ауданында бітпеген нысандардағы жұмысты аяқтау үшін 11 млрд теңге қажет екен. Бұдан бөлек корпорацияның мойнында ақшасы төленген, бірақ әлі іргетасы қаланбаған үйлерді салу міндеті тұр. Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Талғат Тұрысбеков жекелеген мәселелер болмаса, үкімет үлескерлердің тұтастай мәселелерін шеше алмайды деп есептейді:
- Үлескерлердің құқықтары тапталмауы үшін әуелі оларды далада қалдырған салушы компанияларды жауапқа тарту қажет. «Қазстрой», «Столичная недвижимость», «Қуат», «Ақ ауыл» т.б компания басшыларының шендеріне қарамай үлескерлер алдында өз міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тарту қажет. Сонда ғана құрылыс саласының жұмыстары әрі қарай жалғаса беретін болады. Қарапайым тұрғындар бар жиған-тергендерін бұл компанияларға сеніп тапсырды.
Ал құрылысы бітпеген, қолдарында тиісті құжаттары жоқ «Сайран» мега ауданының тұрғындары 20-сына дейін «барлық байланыс жүйесін қосамыз» деген корпорация басшыларының уәдесін орындауын күтуде. Олар егер бұл жолы да корпорация басшылары уәделерін орындамайтын болса, көп кешікпей ереуілге де шығатындықтарын айтады.