Accessibility links

Орталық Азия елдерінде кімге әскерде қызмет етпеуге болады және қалай?


Қазақстан Конституциясының 14 жылдығына арналған әскери парад. Астана, 30 тамыз 2009 жыл.
Қазақстан Конституциясының 14 жылдығына арналған әскери парад. Астана, 30 тамыз 2009 жыл.

Орталық Азия елдерінде жастардың бір бөлігі әскерде қызмет етуден ат-тондарын ала қашады. Қырғызстан бұл мәселені шешудің өзіндік жолын тапты. Өзбекстанда әскери қызметін толық өтегендер үшін біршама артықшылықтар енгізілді. Тәжікстанда әскерге баратындарды аулайды десе болғандай.


БОЙ ТАСАЛАУ, ПАРА БЕРУ Т.С.С.

Қазан айында Орталық Азия елдерінде әскерге шақыру науқаны басталады. Совет өкіметі кезіндегідей, қазір де қайсы бір жастар түрлі себептерді желеулетіп, әскерге барғысы келмейді. Бірақ, бұндай еркелікті олардың көпшілігінің жағдайы да, қалтасы да көтермейді.

Бұл аймақта әскери казармадағы тұрмыс жағдайының мейлінше жамандығы, тамақтың нашарлығы, әскердегі әлімжеттіктің кең етек жайып кеткені жайындағы хабарлар жиі естіліп жатады. Әскерге шақырудың советтік жүйесі әскери қызметтен бұлтарудың да қаншама жолын салып берді.

Әскер жасындағы көптеген жас жігіттер студенттердің артықшылығын пайдаланып, әскерден қалу үшін жоғары оқу орнына түсуге ұмтылады. Енді біреулері әскерге шақыру науқаны өткенше шетелге шығып күте тұрады.

Жалған медициналық анықтама тауып алатындар да бар. Әскер жасындағы жігіттің әскери қызметке денсаулығы жарамсыз деген құжат алу үшін дәрігерлерді сатып алу Орталық Азия аймағында қалыпты жағдайға айналған.

Өз кезегінде, шақыру пункттеріндегі бой бермей, белең алып кеткен жемқорлық әскерге бару тек жарлы-жақыбайлардың ғана маңдайларына жазылған деген пікірді одан әрі нықтай түседі. Өйткені, мүмкіндігі барлар пара беріп әскери қызметтен сытылып шығудың жолын табады.

ӘСКЕРИ БОРЫШ КЕДЕЙЛЕР ҮШІН ҒАНА МА?

Қырғызстанда әскерге шақырудың жаңа тәртібі енгізілген. Әскери қызмет мерзімі екі жылдан бір жылға азайтылған. Бұдан бөлек, әскерге шақырылушы 270 долларға бара-бар ақшаны төлеп, бір жылдың орнына бір айлық жас сарбаздың жаттығуынан өтеді. Бұл өзгерістерді жасауға президент Құрманбек Бакиев уәде еткен болатын. Жазда ол мемлекет басшылығына қайта сайланғанда осы уәдесін орындады.

Құрманбек Бакиев шілде айындағы халыққа жолдауында кәсіби армияны құрудың қажеттілігін атап өте келіп: «Біз жалпыға бірдей әскери міндеттілік жүйесімен қоштасуымыз керек», – деген. Бірақ, президент осы жерде әскер қатарын келісімшарт принципімен толықтыруға шақырды.

Тәжік десантшылары «Оңтүстік қалқан» әскери оқу-жаттығулары кезінде. Тәжікстан, 3 сәуір 2000 жыл.
Оның қарсыластары, керісінше, қарама-қарсы көзқарасты ұстанады. Олар біліміне, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жалпыға бірдей әскери міндеттілік жүйесіне қайтып келуге шақырады.

Қырғызстанның бұрынғы қорғаныс министрі Исмаил Исақов Азаттық радиосына берген сұхбатында жаңа ережелер «тек байларға арналған» деді. Исмаил Исақов: «Байлардың балалары жаңа мүмкіндікті пайдалана алады. Олардың оқуға түсуге де, болмаса 270 доллар төлеуге мүмкіндіктері бар. Сөйтіп, әскерге тек ақшасы жоқтар ғана барады», – дегенді қосып қойды.

Генерал Исақов Орталық Азиядағы бұндай пікірді ұстанатын жалғыз адам емес. Тәжік полковнигі Махди Собиров Орталық Азиядағы қарулы күштер «шаруалар мен жұмысшылардың балаларының әскеріне айналуда» деді.

ПАРА БЕРІП ӘСКЕРГЕ БАРУ

Бақылаушылардың пікірінше, Орталық Азияда қадірі түсіп бара жатқан әскери адамның беделін Өзбекстанда сақтап қалуға әрекеттенуде.

Өзбек билігінің әскери қызметті екі жылдан бір жылға азайтқанына біршама жыл болып қалды. Мерзімді қызметтен босау үшін ақша төлеу тәртібін енгізгеніне де біраз уақыт болды. Әскери мерзімін толық өтегендерге жоғары оқу орнына түскенде, күш құрылымдары немесе әділет-сот жүйесі мекемелеріне жұмысқа тұрғанда жеңілдіктер беріледі.

Үкімет жаңа әскери қалашықтар мен оқу орталықтарын салуға қосымша қаржы бөлді. Сарбаздың әскери киімі мен тамағына да қаржы бөлінді. Осылардың барлығы жастарды әскери іске тарту үшін жасалуда.

Тіпті, әскерге шақырылушылар армияға бару үшін пара беретін жағдайлар да кездеседі. Өйткені, әскерден соң оқуға түсуге немесе жақсы жұмыс табуға жол ашылады.

Тәжікстанның әскери басшылары да армияның жағдайын жақсартып, бұрынғы әскери қызметшілер үшін артықшылықтар мен жеңілдіктер енгізуде өзбектердің ізімен жүргісі келетіндігін айтады. Алайда, Тәжікстанның әскери комиссариаттары әзірге әскерге барудан қашып жүргендерге тосқауыл болғысы келеді.

Бұл тосқауылдың тәсілі өзгере қойған жоқ. Жас жігіттерді көшелерден, вокзалдар мен әуежайлардан ұстап алуға тура келеді. Халық арасында бұны аулау деп атайды. Қолға түскендерді әскери казармаға жібереді.
XS
SM
MD
LG