НАУҚАС КҮДІКТІ МЕ, ЖОҚ КҮДІКТІ НАУҚАС ПА?
Досқалиевтің шын науқас екеніне күмән келтірген қаржы полициясының мәлімдемесіне дәрігерлер қарсы шықты. Досқалиев түскен аурухана - Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың мамандары министрдің шын мәнінде қатты науқас екенін айтады.
- Бұл жалтару (симуляция) емес, министрде шын мәнінде инсульт болған, ми жасушалары да зақымданған. Мұны кез келген маман тексере алады, - деді орталық директорының орынбасары Әлімбек Мустафин қазанның 1-і күні «Новости-Казахстан» агенттігіне берген сұхбатында.
Естеріңізде болса, қыркүйектің 30-ы, бейсенбі күні қаржы полициясы министрдің қатты науқас екеніне күмән келтіріп, мұны қылмыстық жауапкершіліктен бұлтару үшін қасақана жасап отыр деп мәлімдеген болатын. Дәлел ретінде олар ақпарат құралдарына бейнежазба да көрсеткен еді. Сапасыздау бейнежазбада Досқалиевке ұқсас адамның дәрігерлермен сөйлесіп жатқаны байқалады.
«Көрсетілген бейнежазбаның мазмұнынан қаржы полициясы қызметкерлерінің бар кезінде ессіз жағдайда болған Досқалиевтің шын мәнінде ауруды симуляция жасағаны және тергеу органдарын өзінің денсаулығына қатысты қасақана алдағаны көрініп тұр» деп жазылған қаржы полициясы бейсенбі күні таратқан баспасөз мәлімдемесінде.
ТӘУЕЛСІЗ САРАПТАМА
Дәл осы күні дәрігерлер ақиқатын анықтау үшін министрдің денсаулығына тәуелсіз сараптама жасау қажеттігін де айтты.
- Біздегі дәрігерлердің адалдығына қатысты әңгіме туындай салысымен басшылыққа шетелден тәуелсіз сарапшыларды шақырайық деп ұсыныс жасадым. Айтпақшы, бұған дейін дүйсенбі күні қорғаныс министрлігінен келген мамандар, әскери дәрігерлер науқасты қараған болатын. Олар да біз сияқты дәл сондай қорытынды жасады, - деді Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың директоры Абай Байгенжин.
Бұдан бөлек, дәрігерлер томографиялық зерттеулерді қолдан жасау мүмкін еместігін айтты.
Қазанның 1-і күні министрдің денсаулығының салыстырмалы түрде жақсарғаны туралы ақпарат тарады.
ЖАҢА АЙЫП
Бұған дейін қаржы полициясы Досқалиевтің ректорлық қызметі кезіндегі заңсыз әрекеттеріне қатысты айып таққан болса, бейсенбілік брифингте оның министр ретіндегі заңсыз әрекеттері жайлы айтылды.
- 2009 жылғы қарашада Досқалиевтің бұйрығымен жалпы құны 8,5 миллиард теңге болатын, 240 орындық жедел жәрдем көрсететін ғылыми-зерттеу Институты іске қосылды. Шын мәнінде мемлекеттік қабылдау комиссиясымен қабылданған құрылыс жұмыстары сапасыз және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес келмейтіні анықталған, - деді қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай.
Оның сөзінше, осының нәтижесінде қазіргі таңда ғылыми-зерттеу институт қажетті құрылғыларға әлі зәру болып отыр. Бұдан бөлек, институтқа 600 миллион теңгенің құрылғылары жеткізілмеген.
Қаржы полициясы мен дәрігерлер арасында туындаған дауға қатысты біз мамандардың пікірлерін біліп көрген едік.
САЯСИ ТОПТАР ҚАҚТЫҒЫСЫ
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, Қазақстанда жемқорлыққа қатысты тергеулер кей жағдайда шын, кей жағдайда жартылай шын, тіпті жалған жүріп жатқандары да бар. Жағдай тым шиеленісіп кеткен дейді ол.
- Егер мәселенің түбіне үңісек, бұл істердің артында әртүрлі топтар арасындағы қақтығыстар жатыр. Мұны көп жағдайда күштік құрылымдар қарсыластарын немесе олардың айналасындағы адамдардың ықпалын жою үшін пайдаланады. Нақты жағдайда ақпарат алаңында екі қатысушы ғана үнемі мәлімдеме жасап келеді. Қаржы полициясы мен дәрігерлер. Әрқайсысы әртүрлі айтады. Қоғам шын мәнінде не болып жатқанын түсінбей отыр.
Қазірдің өзінде көптеген болжамдар пайда болып үлгерді. Досқалиевтің белгілі бір топтар арасындағы жанжалдың құрбаны болды деген болжам бар. Түймебаевтың кеткеніне байланысты қарымта қайтарушылардың ісі болуы мүмкін деушілер де бар. Бізге толық ақпарат қарапайым бір ғана себептен жетпей отыр. Бұл біздің саяси жүйеміздің ерекшелігіне байланысты. Барлық ақпаратты тек мемлекет басшысы мен оның айналасындағы кейбір адамдар ғана біледі, - деді Досым Сәтбаев Азаттыққа.
«Аман-саулық» қоғамдың қорының жетекшісі Бақыт Түменова мұның артында саясаттың салқыны сезіледі дейді.
- Өз басым қаржы полициясының өзіне сұрақ қояйын деп едім. Олар бірінші күннен бастап күзет қойды ғой. Егер күзет қойса, Досқалиевтің орнына біреуді өтірік жатқызып қойса, онда күзеттері қайда қарап жатыр? Екіншіден, оның (Досқалиевтің – ред.) қылмыс жасаған-жасамағанын айта алмаймын. Бірақ бір қорқатыным, бізде бүгінгі күні жемқорлық деген кәдімгі ауруға айналып кетті. Оның (Досқалиевтің – ред.) ректорлықтан кеткеніне 5 жыл болды. Сонда болған жағдайларды бүгін шығарып отырса, менің ойымша, мұның артында саясат жатыр. Бізде қылмыс жасады дегенді пайдаланып, бір адамды алып, орнына басқа біреуді қою кәдімгі практика болып кетті. Менің ойымша, қаржы полициясы саясаткерлердің қолшоқпарына айналып кеткен сияқты.
Осыған дейін бір топ депутат Бас прокуратурадан қаржы полициясының министрге қатысты әрекетін зерттеуді сұрап, депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда олар Досқалиевтің не себепті кенеттен ауыр халге түскенін, тергеуден кейін инсульт алған министрге не себепті дер кезінде көмек берілмегенін анықтап беруін талап етті. Бұл сауалға төменгі палатаның 28 депутаты қол қойған.
Қыркүйектің 21-інде қаржы полициясы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын. Қаржы полициясы оны Қылмыстық кодекстің 308-ші бап, 4-ші бөлімі бойынша, яғни өз қызметін асыра пайдаланды деп айыптап отыр.