Қазақстан тұтынушылары Ұлттық лигасының төрағасы Светлана Савченконың айтуынша, соңғы кездері мекеме атына алаяқтардың құрығына ілінген тұтынушылардың шағымдары республиканың барлық аймақтарынан көптеп түсе бастаған. Алаяқтар шылым қорапшаларына ұтыс қағаздарын салып таратқан. Осындай қағазды тауып алған тұтынушы автокөлік немесе пәтер ұтып алдым деп түсінеді. «Жүлдені» алу үшін ол қағазда көрсетілген телефонға хабарласуы керек.
Алаяқтар хабарласқан азаматтардан олардың жеке құжаттарының мәліметтерін алып, ұтысты рәсімдеу үшін бірнеше сағаттың ішінде өздері көрсеткен банк есеп-шотына белгілі бір соманы салуды сұрайды. Үлкен ұтысқа кенелдім деген оймен көпшілік тұтынушы ірі көлемдегі соманы өз қолымен салып жібере берген. Жеме-жемге келгенде ұтыс та жоқ, банк есеп-шотына салынған ақша да жоқ.... Келіссөздердің барлығы телефон арқылы жүргізілгендіктен, келісімді растайтын заңдық күші бар келісімшарт болса да жоқ. Светлана Савченконың айтуынша, алданған азаматтардың аударған ақшаларын алаяқтар жалған құжаттар негізінде ашылған бір күндік есеп-шоттардан тез арада шығарып алады да, із-түссіз жоғалады.
Жалған жарнамалар Қазақстанда сатылатын темекі өнімдерінің кез-келген түріне салынып отырған. «Яғни, мұны жасап отырған темекі өндіруші компаниялар ма?» деген сауалға тұтынушылар лигасының президенті Светлана Савченко былай деп жауап берді:
«Қағазда нақты телефон нөмірі көрсетілген. Банкте есеп-шот ашылған. Мұның екеуін темекі өндіруші компаниялар тіркемеген. Біз қаржы полициясымен бірге олардың өндіріс орындарын тексеріп көрдік, жұмыстың барлығы автоматтандырылған, камерамен бақылау орнатылған. Ол аз десеңіз темекі шығарушы компаниялардың бірқатары сөз болып отырған алаяқтық әрекетке байланысты қаржы полициясына шағым түсірді. Ал, біз тұтынушыны ескертіп отырмыз».