Accessibility links

Қырғыз оппозициясы журналист Геннадий Павлюк атындағы жүлде тағайындады


Қастандық құрбаны болған журналист Геннадий Павлюк.
Қастандық құрбаны болған журналист Геннадий Павлюк.

Қырғыз оппозициясы қастандық құрбаны болған журналист Геннадий Павлюк атындағы сыйлықты тағайындады. Марқұмның туыстары, халықаралық ұйымдарға үндеуінде, журналистің қазасын тергеу ісінің әділ болуына ықпал жасауды сұрайды.


ЖУРНАЛИСТ АТЫНДАҒЫ ЖҮЛДЕ

Қырғызстандағы оппозициялық «Ата-Мекен» партиясы өткен жылдың соңында Алматыда қаза тапқан журналист Геннадий Павлюктің атындағы жүлде тағайындап отыр. Сыйлық Қырғызстанның адам құқықтары мен баспасөз бостандығы, демократия жолында белсенділікпен, табандылықпен күрескен азаматтарына берілмек.

Геннадий Павлюкті саяси режимнің құрбаны ретінде атаған қырғызстандық «Ата-Мекен» партиясының төрағасы Өмірбек Текебаев аталмыш сыйлықты тағайындаудағы негізгі мақсат - оның ізін қуушы азаматтарды моральдық-рухани тұрғыдан қорғап-қолпаштау деді.

Өмірбек Текебаев, «Ата-Мекен» партиясының төрағасы:

«Геннадий Павлюк тек Қырғызстан ғана емес, Орталық Азияда танымал журналист еді. Ол соңғы кезде Қырғызстанда қоғамдық-саяси істермен белсенді айналысты. Біз Геннадий Павлюкті бүгінгі Қырғызстандағы режимнің құрбаны ретінде санаймыз. Павлюктің ерлігіне, позициясына баға бере отырып, Қырғызстанда оның идеясын, принциптерін қолдаған адамдарды қолдап-қолпаштау мақсатында біз осындай қадамдарға барып отырмыз. Бұл сыйлық Павлюктің есімін есте қалдырумен қатар, Қырғызстандағы патриот азаматтарды моральдық-саяси жағынан қолдау көрсететін сыйлық болып қалады деп ойлаймыз».

Геннадий Павлюк атындағы сыйлық ақшалай берілетін болады. Оның шарттары әлі қарастырылып жатқан көрінеді.

Қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің денесі желтоқсанның 16-сы күні Алматыда көпқабатты үйлердің бірінің маңдайшасынан табылған еді. Ол содан есін жимаған күйі желтоқсанның 22-сі күні Алматы ауруханасында көз жұмған болатын.

ҚЫРҒЫЗ ҚАРСЫ БАРЛАУЫНЫҢ ҚАЗАҒА ҚАТЫСЫ БАР МА?

Аталмыш жағдайға қатысты тергеу жұмысын бастаған Қазақстан полициясы журналисті қастандықпн өлтіру қылмысына қатысты күдікті қырғыз азаматтары табылғанын, істі жаңа жылдық мерекелер аяқталған соң қырғыз тарапына беретінін мәлімдеген еді.

Ал желтоқсанның 29-күні қазақстандық КТК телеарнасы, қазақ заң орындарындағы аты-жөні аталмаған ақпарат бұлағына сілтеме жасай отырып, журналист Геннадий Павлюкті көпқабатты үйдің пәтерінде кездесуге шақырып, оған қастандық жасалған кезде онымен бірге қырғыз қарсы барлауының үш өкілі болған деп хабарлады.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік қызметі болса журналист Геннадий Павлюктің қазасына ешқандай да қатысы жоқтығын айтып отыр деп хабарлады «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Қырғыз қызметі қаңтардың 4-күні.

Қырғызстанның оппозициялық «Ата-Мекен» партиясының төрағасы Өмірбек Текебаев қырғыз үкіметі журналистің қазасын ашуға құлықсыз деп мәлімдеді:

«Қырғыз жағы Қазақстанның ақпарат құралдары таратқан ақпаратты жоққа шығаруға тырысуда. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы айтқан мағлұматтарды біз білмейміз. Бізде оларға шектеу бар. Әрине, қазақ ІІМ білдірген мағлұмат қырғыз билігіне абырой алып келмесі анық. Сондықтан біздің үкімет Геннадий Павлюктің қазасының шынайы себептерін ашуға құлықсыз», - деді Азаттық радиосына Өмірбек Текебаев.

МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСТАРЫ ӘДІЛ ТЕРГЕУ ЖҮРГІЗУДІ СҰРАЙДЫ

Марқұмның әйелі мен Қырғызстандағы «Азаматтар жемқорлыққа қарсы» құқыққорғау орталығының өкілдері ЕҚЫҰ мен Бішкектегі Ресей елшілігінен журналистің өліміне қатысты тәуелсіз тергеу жүргізуді сұраған еді. Көп кешікпей ЕҚЫҰ марқұмның отбасына тәуелсіз адвокат жіберді.

Қырғыз оппозициясының айтуынша, журналист Геннадий Павлюк былтырғы жылдың соңына дейін қырғыз оппозициялық «Ата-Мекен» партиясының газеті шығарып, жаңалық тарататын интернет басылым ашпақшы болған.

Оның алдында Геннадий Павлюк ресейлік «Аргументы и Факты» басылымының қырғыз өкілдігін басқарған, содан соң «Белый Пароход» интернет-басылымы мен газетін ашқан.

Павлюк өз материалдарына Ибрагим Рустамбек деген лақап атпен қол қойған. Өзінің авторлық мақалаларында журналист Геннадий Павлюк Қырғызстаннның қазіргі билігін бірнеше мәрте сынға алған-тұғын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG