Мамандар қазіргі таңда Қазақстанда синтетикалық есірткі түрлерінің көбейіп бара жатқандығына алаңдаушылық білдіріп отыр. Есірткінің бұл түрі арзан болғандықтан әсіресе жастардың арасында оны қолдану кеңінен тараған. Осыған орай астаналық жоғарғы оқу орындарының бірінде студенттердің оны қолданатындығын тексеру мақсатында тестілеу өткізілмекші.
Біз әңгімеге тартқан 23 жастағы бойжеткен республикадағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқиды. Екі жыл есірткіге әуес болған ол жарты жылдан бері қалалық наркология орталығында емделіп жатыр екен. Өз есімін айтқысы келмеген сұхбаттасымыз есірткі дәмін бала кезінде-ақ татып көріпті.
- Ес білгелі үйдегі ұрыс-керіс, жанжалдан көз ашқаным жоқ. Оның үстіне ішімдік үйден үзілмейтін. Мен өзіме дос іздей бастадым. Бір жігітпен танысып, соған ғашық болып қалдым. Алайда уақыт өте келе оның нашақор екенін байқадым. Ол мені есірткіге үйретті. Отбасындағы жайсыз жағдайларды бір сәтке ұмыту үшін есірткіні пайдалануды жөн көрдім.
«Алғаш героин, морфи, кокаин, гашишті қолданып жүріп, оларды тамыр арқылы жіберуге болатындығын білдім. Әрине, бұл есірткі түрлері қымбат болғандықтан, ақшаны дос-қыздарымнан, туыстарымнан алып отырдым.
Мен осы жасыма дейін есірткінің көптеген түрінің дәмін татып көрдім. Бірақ, сізге түсінікті болу үшін қарапайымынан бастайын. Мәселен, героинді нашақорлар өз арасында «бомба» деп атайды. Бұл есіртікінің 1 грамы 5 мың теңге тұрады. Ал пайдалану үшін күніне 4-5 грамм қажет. Есептеңіз, сонда күніне маған 20-25 мың теңге керек, – деді бойжеткен.
Алматыдағы жекеменшік наркологиялық емхананың дәрігері Махамбет Шаймерденұлы аталмыш ауруханаға келіп ем алушылардың дені жастар екендігін айтады. Сондай-ақ ол синтетикалық есірткі саналатын дәрі-дәрмектердің дәріханаларда көбейіп кеткеніне алаңдаушылық танытты:
- Нашақорлар негізінен есірткінің ауыр түрін қолданады. Олар құрамында героин мен кодеин бар есірткілер. Құрамында кодеин бар дәрі-дәрмектерді нашақорлар тамыр арқылы салады. Кодеиннің әсерлілігі морфи мен гашишке тең. Осы күнге дейін дәріханаларда құрамында кодеин бар дәрі-дәрмектерді сатуға әлі тиым салынбаған. Темпалгин, котерпин, пенталгин сияқты дәрі-дәрмектердің құрамында кодеин бар. Оны нашақорлар жақсы білгендіктен, жиі қолданады. Дәріханаларда ондай дәрінің бір орамы 70-140 теңгенің аралығында. Арзан болғандықтан, көп нашақорлар героиннен гөрі есірткінің осы түріне әуес.
Ал, заң ғылымдарының докторы, профессор Арықбай Ағыбаевтың айтуынша, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан арқылы өтетін есірткінің толассыз базары Қазақстан аумағы арқылы Ресей мен Батыс елдеріне тасымдалданады екен.