Accessibility links

Балалар үйінің түлектері жетімдерге әлеуметтік баспана беру үшін заңдағы шектеуді алып тастауды сұрайды


Балалар үйінің түлегі Виталий Ильин қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінде тұрып жатыр. Орал, 25 қаңтар 2010 жыл.
Балалар үйінің түлегі Виталий Ильин қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінде тұрып жатыр. Орал, 25 қаңтар 2010 жыл.

Оралдағы балалар үйінің түлектері әлеуметтік тұрғын үй алу үшін жетім балаларға жас шамасына қойылатын талаптарды заңнан алып тастауды сұрап Қазақстан президенті мен парламентіне хат жазды. Бұл ұсынысты жергілікті билік те қолдап отыр.


ЗАҢДАҒЫ ШЕКТЕУ

«Жетімдер үйі тәрбиеленушілерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алексей Жансейітов көгенкөздер атынан Қазақстан президенті мен ел парламентіне хат жазды. Ол әлеуметтік баспана алмақ болған балалар үйінің түлектеріне жас ерекшеліктеріне байланысты қойылатын талаптарды қолданыстағы заңнан алып тастауды сұрап отыр.

Алексей Жансейітов тұрғын үй туралы заңнаманың кейбір тұстары егжей-тегжейлі ойластырылмаған, шикі күйінде қабылданған деп санайды.

– Осы заң бойынша, жетімдер үйінің түлектері тек 23 жасқа дейін ғана мемлекеттік қордан берілетін баспанадан үміттене алады. Бізде тіпті осындай әлеуметтік пәтерге енді қол жеткізген кезде жас мөлшері асып кетуіне байланысты баспана бұйырмай қалғандар жастар болды. Жасың асып кетті деген сылтауды себеп қылып, жолы болмаған жетімектерді жалпы кезек тізіміне қосып қоятын. Ал ол тізімнің шеті мен шегі көрінбейді, – дейді Алексей Жансейітов Азаттық радиосының тілшісіне.

Алексей Жансейітовтің айтуынша, заңдағы осындай түйткілдердің кесірінен жүздеген қамкөңіл жасөспірім үйсіз-күйсіз жүр.

– Олардың көбісі ит байласа тұрғысыз жағдайда күн кешуде. Кейбіреулері үйлердің жертөлесін, енді бірі канализация желісін, ал бәзбіреулері иесіз үйлерді мекендеуге мәжбүр. Бір сөзбен «қаңғыбас» деуге де болады. Ал олардың өзгелерден несі кем? Олар нашақор немесе маскүнем емес қой... Сонда бұл мәселені қалай шешуге болады? Меніңше, егер мемлекет бұл санаттағы міскіндерге тезірек көмек етпесе, қоғамды маргиналдық көңіл-күй дендей бермек, – дейді құқыққорғаушы Алексей Жансеитов.

ЖЕРТӨЛЕДЕГІ ӨМІР

Балалар үйінің түлегі Виталий Ильин Орал қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесін 10 жылдан астам уақыт бойы мекен етіп келеді. Мемлекеттің қамқорлығынан қағылған өзі тағдырлас өзгелер секілді Виталий де жетім ретінде әлеуметтік баспананы ала алмайды. Өйткені, оның жасы «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңда көрсетілген шекті мөлшерден асып кеткен.

Орда бұзар отызға жақындап қалған Виталий Ильин азық-түлік дүкенінде қара жұмысшы болып нанын тауып жүр. Виталий барға қанағат етіп тірлік кешуге еті үйреніп, мемлекет тарапынан көрсетілер көмектен үміт үзгенін айтады.

– Мен, шынымды айтсам, жертөледегі ғұмырыма етім өліп кетті. Маған бұл жерге орналасуға көмек қолын созған қайырымды адамдар болды. Олардың кейбірі үйіндегі ескі жиһазын тарту етсе, кейбірі жанашырлық танытып, тамақ жағынан қарасады. Жүрегінің түкпірінде мейірімділік ұшқынын жоғалтпаған оларға алғысым шексіз, – дейді Виталий Ильин.

«БІЗБЕН САНАСА БАСТАДЫ»

Қамкөңіл жетімдердің жағдайымен танысқан Орал қалалық мәслихатының депутаттары олардың бұл бастамасын қолдап отыр. Мәслихаттың хатшысы Әнес Естілеуов Алексей Жансейітовке «депутаттардың балалар үйі түлектерін толығымен қолдап, бұл мәселені Қазақстан парламенті Мәжілісі мінберіне дейін көтеруге ынталы» екендігі айтылған хатын да табыс еткен.

Бұрын балалар үйінде тәрбиеленген, журналист Асқар Шайқұмаров Азаттық радиосына берген сұхбатында, депутаттар жетімдер көтерген бастаманы қолдайтынынан үмітті екенін білдірді.

– Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары бізді толығымен құптап, қолдайтынын білдірді. Бұл азаматтық қоғам өкілдерінің ынталанса белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алатындығының бір көрінісі. Олар біздің жанайқайымызға құлақ түріп, бізбен санаса бастады. Біздің жолдасымыз Анатолий Романовтың әділетсіздікке қарсы күресі өз жемісін берді деген ойдамын. Парламент біздің бастаманы бірауыздан қолдайды деп сенеміз, – дейді Асқар Шайқұмаров.

Өзіне тиесілі пәтерден аяқасты айрылып қалып, бірақ та тынбай күресудің нәтижесінде баспанаға қол жеткізген Орал қаласының тұрғыны Анатолий Романов туралы Азаттық радиосы бұған дейін бірнеше мәрте хабарлаған еді. Анатолиймен бірге балалар үйінің 50 түлегі де былтыр қоныс тойын тойлаған болатын.
XS
SM
MD
LG