Accessibility links

Тамыздан бастап жол ережесі қатайтылды


Көлікте қауіпсіздік белдігін тақпағандарға, қол телефонмен сөйлескендерге салынатын айыппұл мөлшері ұлғайтылады. Ал жол қауіпсіздігі ережесін бірнеше рет бұзған жүргізуші куәлігінен айырылады.

Жол полициясының мәліметіне жүгінсек, Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы жартысында жол ережесін бұзғандардың саны 44 пайызға артқан. 100 мыңнан астам темір тұлпар иесіне айыппұл салынып, 6 мыңнан астам адам көлік жүргізу куәлігінен айырылған.

Құзырлы мекеме тәртіптің қатайтылуы жол қауіпсіздігін күшейтуге ықпалын тигізетіндігін мәлімдегенімен, оған күмәнмен қарайтындар да бар. Сондай азаматтардың бірі Ерлан бес жылдан бері көлік жүргізеді:

Тамыздың 1-інен бастап жол ережесін бұзғандарға жазаны күшейтетін заң өзгерістері күшіне енеді.

- Қауіпсіздік белдігін байқаусызда тақпай қалсаңыз, оның ең төменгі айыппұлы 5800 теңге. Ал жол инспекторына 3000-4000 теңге берсеңіз ол сізді жібере салады. Бұл бюджетті толтыру емес, қатардағы жол полициясы қызметкерлерінің қалтасын томпайту. Айыппұлды ешқашан жоғарылатпау керек. Алатын айлығы төмен жүргізушілер айыппұл төлей ме, жоқ әлде құны 1 долларға көтерілген бензин ала ма? Сондықтан, бұл жерде мемлекет қателеспеу керек. Адамдармен де санасқан жөн.

Біз әңгімеге тартқан көлік жүргізушілердің бірі Вадим Иванов, жол ережесіне байланысты заң тәртібінің күшейтілгенін қолдап отыр:

- Мен тәртіп бұзғандарға айыппұлдың жоғары мөлшерде салынғанын қолдаймын. Себебі, жол үстіндегі тәртіпті реттеу үшін айыппұлдың мөлшерін ұлғайтпаса, ол оңайлықпен қалпына келмейді. Оның үстіне біздің қала жүргізушілері екі топқа бөлінген. Бірі - қалталылар, яғни олар емін-еркін жүріп, жол ережесін белінен басып жүреді. Екіншісі, қарапайым адамдар, соларға сәл ауырлау болады. Алайда, енді менің өзім жол үстінде ұялы телефонмен сөйлеспеуге тырысамын. Және қауіпсіздік белдігін үнемі тағып жүретін боламын. Ол өзім үшін керек.


Ал 29 жасар Индира ереже бұзған жүргізушілерге қарсы қатаң шаралар қолданбаса, олар жолда жүру ережесін сақтамайды деп есептейді. Индира бұдан былай қала көшелерінде жол апатының азаятындығына сенімді:


- Жол полициясының жақында қолға алатын шарасын мен қолдаймын. Себебі, қоғамда, жол үстінде мықты тәртіп орнату үшін кей кездері осындай қаталдыққа бару керек. О бастан белгілі адамдар қаталдықты жақсы көреді.


Өткен жылы Алматы қаласында тіркелген автомашиналардың саны жарты миллион болса, биылғы жылдың басынан бері олардың қатарына тағы 20 мыңдай автокөлік қосылған. Сондай-ақ қалаға күн сайын көрші облыстардан 150-200 мың автомашина қатынайды.
XS
SM
MD
LG