Accessibility links

Өзбекстанда шекарадан жүк өткізетін қазақ отбасын өлтіріп кеткен


Қазақ-өзбек шекарасы. Көрнекі сурет.
Қазақ-өзбек шекарасы. Көрнекі сурет.

Ташкент облысы Қыбрай ауданында бір қазақ отбасын – бала-шағамен қоса бес адамды түгел өлтіріп кеткен. Алдын ала болжам бойынша, отағасы қазақ-өзбек шекарасынан контрабандалық тауар өткізумен айналысқан болуы мүмкін.


Ташкент облысы Қыбрай ауданында тұратын қазақ отбасында бес адам, арасында жас балалар да бар, кісі қолынан қаза болғаны туралы суыт хабар қарашаның 22-cі күні белгілі болды. «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Өзбек редакциясына берген сұқбатында Ташкент облысы Қыбрай ауданының тұрғыны Ғафур ата бұл қылмыстық оқиға Құрбан айт мейрамы күні болғанын айтты.

Оның сөзінше, Ташкент облысы Қыбрай ауданының Октябрь махалласында тұратын қазақ отбасында бес адам болған екен.

«Қыбрай ауданы орталығынан 8 шақырым жерде Чинабад деген ауыл бар. Сол Чинабадқа кіре беріс жолдан оң жаққа қарай Шыршыққа баратын, ал сол жағында Ташкентке кететін жол жатыр. Чинабад ауылында Октябрь махалласы бар. Бұл махалладағы бірінші үй қазақтардыкі болатын. Үй қожайынының есімін ешкім білмейді. Сол үйдегі бес адамды өлтіріп кетті. Отағасын, оның әйелін, екі баланы (олардың біреуінің жасы бір жарымда ғана) және сол күні осы үйде қонақ болып жатқан үй иесінің балдызы қаза болған. Бізге белгілісі, үй-ішімен қоса кісі қолынан өлген бұл жігіт таксист болып жұмыс істеген. Оларды бауыздап кеткенін ешкім білмеген. Бұл қаза туралы тек қайғылы оқиғадан кейін екі-үш күн өткенде ғана бір-ақ белгілі болды. Соншама күн мәйіттер үйде жатқан», – дейді Ғафур ата.

Оның айтуынша, қаза болған үй қожайыны өз автокөлігімен қазақ-өзбек шекарасындағы «Май» бекеті арқылы екі жаққа тауар мен кісі тасыған екен.

Қыбрай аудандық ішкі істер бөлімі бұл қылмыстық оқиғаға байланысты сұрау салған «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Өзбек редакциясына ешқандай ақпарат бермеді. Бірақ өз аты-жөнін атағысы келмеген Қыбрай аудандық әкімшілігінің қызметкері осы ауданда қазақ отбасының кісі қолынан қаза болғанын растады.

«Үй иесінің есімі - Бауыржан деген, әзірге оның фамилиясын білмеймін», – деп қысқа жауап берді Қыбрай аудандық әкімшілігі қызметкері.

Үй-ішімен қоса құрбан болған отағасы қазақ-өзбек шекарасы арқылы контрабандалық тауар өткізумен де айналысқаны туралы әзірге анықталмаған болжам бар.

Ғафур атаның айтуынша, қазіргі уақытта Чинабад ауылын милиция қызметкерлері қоршауға алып, бұл маңнан өткен-кеткен барлық көліктерді мұқият тексеріп жатыр.

«Қазір барлық жерді, Чинабадты да, Шыршықты да торуылдап тұр. Қарашаның 19-ы күні Чинабадқа барған бір таксистті ұстап, таң атқанша қамаудан босатпаған. Сондықтан қазір ол ауданға ешкім бармайды», – деді Ғафур ата.

Бұл қайғылы оқиғаны тергеу ісінің барысы жайлы Азаттық радиосы өз оқырмандарын хабардар ететін болады.
XS
SM
MD
LG