Жәмлиқа Шалұлының «Сүмбіле» атты прозалар жинағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан шықты.
Жәмлиқа Шалұлы шығармаларын негізінде моңғол тілінде жазған, Моңғолияда жоғары бағаланған жазушы. Ол қазақтың классикалық туындыларын моңғол тіліне аударуда көп еңбек сіңірді. «Менің құбылам» деген естелігінде жазушы әбден тозып, түте-түтесі шыққан, қызыл матамен оралған «Абай жолы» романын сарсыла жүрiп тауып алып, оны аударып, моңғол оқырмандарына назарына ұсынғанша, тағат таппағанын әңгімелейді.
Қазақтың рухани қазынасын насихаттаған жазушының еңбегін тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы Тарих және этнография институтының қызметкері Зардыхан Қинаятұлы былайша бағалайды:
– Жәмлиқа Шалұлы Моңғолияда белгілі ақын, аудармашы-публицист, журналшы болған қаламгер. Оны моңғолиялық қаламгерлер өте жоғары бағалады. Әсіресе, Жәмлиқаның моңғол тілінде жазған өлеңдері бір төбе еді. Оның елі үшін атқарған үлкен бір еңбегі ретінде қазақтың ақын-жазушыларының маңдай алды туындыларын моңғол тіліне аударуын айтуға болады.
Соның ең бастыларының бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы. Әрине, бұл эпилогияны 3-4 автор бірігіп аударды. Бірақ, Жәмлиқа бұл ұлы шығарманы аударуға мұрындық болды. Туындыны 3-курстың студенті болып жүрген шағында аударды. Сөйтіп, бұл романды моңғол оқырмандарына ерте таныстырды. 1966 жылы «Абай жолы» моңғол оқырмандарының қолына тиіп үлгірген еді. Сол секілді Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романдарын моңғол тілінде сөйлетті.
– Ол Моңғолияда Жазушылар одағының басқарма мүшесі болып, ондағы қазақ әдебиетіне қатысты жұмыстарға жауаптанды. Сөйтіп, Баян-Өлгийдегі қазақ қаламгерлерінің еңбектерінің барлығын дерлік моңғол тіліне аударды, – деген Зардыхан Қинаятұлы жазушының Моңғолия Жазушылар одағы мен Жастар одағы сыйлықтарының иегері болғанын да тілге тиек етті.
Сіңірген еңбегі үшін Моңғолияда зор құрметке ие болған Жәмлиқа Шалұлы 1991 жылы көштің алғашқы легімен Қазақстанға қоныс аударған еді. Алматы облысының Жамбыл ауданында өмір сүрген жазушы кезінде мерзімді басылымдарда жұмыс істеді, мақалалары мен эсселері қазақ газет-журналдарында жарық көріп тұрды. Алайда, қазақ оқырманына Жамлиқа шығармалары осы кезге дейін жете алмай келген еді дейді Зардыхан Қинаятұлы:
– Шыны керек, қазақ әдебиеті үшін зор еңбек сіңірген қаламгерді қазақ жұрты біле бермейді. Өйткені, оның еңбектері қазақ тіліне әлі аударылған жоқ. Бұл енді ол кісінің шығармаларының қазақ тілінде жарық көруінің басы болар.
«Сүмбіле» – жазушының Қазақстанда тұңғыш жарық көрген туындысы. «Атажұрт» баспасының бас редакторы Ақберен Елгезек Жамлиқа прозасында өзгеше лептің бар екендігін айтады.
– Осы «Сүмбіле» жинағы арқылы Жәмлиқа Шалұлының қазақ прозасына тың леп алып келгенін байқауға болады. Әңгімелерінің сюжеттері тартымды және өзгеше, классикалық деңгейдегі туындылар. Мен бұған дейін Баян-Өлгейдегі қазақ прозасымен таныс болған едім. Бұл өз қаламдастарынан өзгеше қалам сілтейтін автор екен, – дейді Ақберен Елгезек.
Жәмлиқа Шалұлы «Көш» газетінде жарияланған «Менің құбылам» атты эссесінде «жат жұртта тәрбиеленiп, жат тiлде бiлiм алса да, ұлттық рухының асқақ болғандығын» айтады.
«Ал, өте-мөте қазақшылдығым ондағы коммунистерге де ұнай қоймады. Ол үшiн қуғындалып, партиялық сөгiс алған да кезiм болды. Алайда, «ұлтшыл» деген айдардан ыға қоймадым. Керiсiнше, ызыттанып, Iлияс Есенберлиннiң «Көшпендiлер» трилогиясын, қазақтың ұлттық қаны сорғалап тұрған шығармаларын бiрiнен кейiн бiрiн аудара бердiм. Моңғол тiлiне Жұбан Молдағалиевтiң «Мен – қазақпын» поэмасын аударуым арқылы өзге ұлттың алдында «Мен – қазақпын» деп асқақ үн қата бiлдім», – дейді жазушы осы эссесінде.
Жамлиқа Шалұлы былтыр 70 жасқа қараған шағында дүниеден озды.