Accessibility links

Жовтистің үкіміне қатысты адвокаттың шағымы халықаралық адам құқығы күні қаралады


Полиция қызметкері Евгений Жовтисті сот залынан алып кетіп барады. Сурет ''Свобода слова'' газетінен алынды. 3 қыркүйек 2009 ж.
Полиция қызметкері Евгений Жовтисті сот залынан алып кетіп барады. Сурет ''Свобода слова'' газетінен алынды. 3 қыркүйек 2009 ж.

Желтоқсанның 10-ы күні Алматы облыстық сотының қадағалау алқасында құқыққорғаушы Евгений Жовтистің адвокаты түсірген шағым қаралмақ. Егер шағым қанағаттандырылмаса, адвокат БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитетіне жүгінетіндерін айтады.


ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Халықаралық адам құқығы күні қарсаңында, желтоқсанның 9-ы күні, Алматыда қазақстандық адам құқығын қорғаушылар баспасөз мәслихатын өткізіп, елде осы салада қалыптасқан ахуалды журналистерге баяндады.

Сөз және баспасөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева 2007 жылы, Қазақстанды
Тамара Калеева, «Әділ сөз» қорының президенті. Алматы, 9 желтоқсан 2009 жыл.
ЕҚЫҰ-на төраға етіп сайлау туралы мәселе талқыланып жатқан кезде, елдің заңнамасы мен қоғам өмірін осынау халықаралық ұйымның стандарттарына сәйкестендіру туралы міндеттемелер алынғанын еске салды.

– Бізде осы міндеттемелердің қалай орындалып жатқанына бақылау жүргізген үкіметтік емес ұйымдардың коалициясы бар. Біз елде сотталған журналистер келер жылы ақталады немесе тым болмағанда, оларға рақымшылық жарияланады деп қатты үміттенеміз. Қазіргі уақытта бас бостандығынан айырылған төрт журналист пен бір жазушы бар, – деді Тамара Калеева.

Адам құқығын қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиындар өткізу бостандығын қамтамасыз ету саласында Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы халықаралық стандарттарға сай емес деп санайды

СОҢҒЫ САТЫ

Елдегі адам құқығының жағдайы туралы жыл сайын, халықаралық адам құқығы күні қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис баяндайтын. Биылғы жиында әріптестерінің арасында ол болған жоқ: Жовтис қазір Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатыр.

Виталий Воронов, Евгений Жовтистің адвокаты. Талдықорған, 20 қазан 2009 жыл.
Оның адвокаты Виталий Воронов Евгений Жовтиске шығарылған үкімге қарсы қадағалау алқасына шағым түсіріп қойғанын айтты.

– Талдықорғандағы Алматы облыстық сотының қадағалау алқасында Евгений Жовтиске қатысты аудандық соттың шығарған үкімі мен апелляциялық алқаның қаулысына қарсы мен берген шағымның ертең, халықаралық адам құқығын қорғау күні қаралатыны, бұл да бір нышан болар, – дейді В.Воронов

Ол сондай-ақ Жовтистің ісіне қатысты бұл шағым Қазақстанның сот жүйесіндегі ең соңғы сатыда қаралатындығын атап өтті. «Адам өз еліндегі сот орындарының барлық сатыларынан өткеннен кейін БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитетіне жүгіне алады. Біздің іс те ертең ең соңғы сатыда қаралғалы отыр», – деді ол.

Егер өзі тапсырған шағымды Алматы облыстық соты қанағаттандырмай тастаса, онда адвокат БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитетіне арызданатындығын мәлімдеді. Сот мәжілісінен кейін Воронов Өскеменде жазасын өтеп жатқан Жовтиске барып қайтуды жоспарлап отыр.

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСІНІҢ ШАҒЫМЫ

Бұған дейін адвокаты мен туған-туыстары Жовтистің шағымы БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитетіне Қазақстаннан тапсырылатын алғашқы арыз болатын шығар деп болжаған еді.

Алайда, желтоқсанның 9-ында Алматыда өткен баспасөз мәслихатында, «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева БҰҰ-ның аталған комитетіне қазақстандық журналистен шағым түскенін хабарлады.

– «Эпоха» газетінде шыққан мақаласы үшін жала жапты деген айыппен 3 жыл 10 айға сотталған петропавлдық журналист Вадим Курамшин Женевадағы адам құқығы жөніндегі комитетке өзі жазған хатқа жауап алды. Олар журналистке өзі басынан өткерген сот ісіне қатысты барлық құжаттарды халықаралық комитетке тапсыру жайында ұсыныс жазыпты, яғни, процесс басталып кеткен сыңайлы, – деп мәлімдеді Тамара Калеева.

1992 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі болып табылады. Ұйымға мүше мемлекеттер 1950 жылдан бастап әр жылы желтоқсан айының 10-күні халықаралық адам құқығы күнін атап өтеді.

Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда адам құқығын бұзу оқиғалары сирек кездеседі, бірақ қоғамдық ұйымдар бұл ақпараттың шындықтан ауылы алыс екендігін айтады.
XS
SM
MD
LG