Жогорку Кенеш, яғни қырғыз парламентіндегі 120 орынға 29 партияның өкілдері таласты. Мамандардың айтуынша, жалпы Қырғызстан тарихында сайлауға осыншалықты көп партия қатыспаған. Және өзгелерден қара үзіп шыққан партияның өзі осы жолы 10 пайыз дауыс жинай алмады.
"БҰЛ САЙЛАУ ҚЫРҒЫЗ ХАЛҚЫ ҮШІН ҚЫМБАТҚА ТҮСТІ"
Орталық сайлау комитеті таратқан соңғы мәлімет бойынша сайлау бюллетендерінің 96,57 пайызы саналып болған. Қырғызстандағы парламент сайлауында Камчибек Ташиев бастаған «Атажұрт» партиясы 8,67 % дауыспен алда келеді. Бұл партияны, әсіресе, Ош аймағындағы этникалық қырғыздар қатты қолдап отыр. Екінші орындағы Әзімбек Атамбаевты алға салған Социал-демократиялық партияның жинағаны – 8,18 %. Үшінші келе жатқан Феликс Кулов жетекшілік ететін, ресейшіл «Ар-намыс» партиясының еншісінде 7,6 %. «Республика» партиясы 7,1 % дауыспен төртінші, ал қазіргі үкіметті қолдайтын Өмірбек Текебаевтың «Атамекен» партиясы 5,77 % дауыс жинап бесінші тұр.
Қалай болған күнде мамандар бұл сайлаудың қырғыз халқына өте қымбатқа түскенін айтып отыр.
- Бұл сайлауға қырғыз халқы аса қиындықпен жетті. Екі мәрте билікті күштеп кетірді. Мұнда да құрбандықсыз болмады. Сондықтан мұны қырғыз халқының қанымен келген саяси өзгеріс деп атар едім. Осыншама құн төлеп, қырғыз халқының одан көңілі қалғанын қаламаймын. Егер оларда парламенттік республика құру тәжірибесі іске аспаса, онда кез келген саясаткер ұсынған жобаларға халықтың сенімі мүлде жоғалады. Сондықтан қазір белгілі бір деңгейде Роза Отынбаева және жеңімпаз партия өкілдерінің мойнына үлкен жауапкершілік артылып тұр, - деді саясаттанушы Досым Сәтпаев.
БАСТЫ ҚИЫНДЫҚ – ҮКІМЕТ ЖАСАҚТАУ
«Сайлау өткенмен басты қиындықтардың бәрі алда», - дейді мамандар. Олардың айтуынша, парламенттік басқару жүйесі президенттік басқарудан гөрі әлдеқайда тармақталған, әлдеқайда күрделі. Саяси аренада қатысушылар көбейеді, сәйкесінше мүдделер де түрлене түседі. Ең маңыздысы – бұл мүдделер мемлекет мүддесіне қарама-қайшы келмеуі тиіс. Мұндай басқару жүйесінің басты артықшылығы да сол дейді мамандар.
- Қазір ең маңызды міндет – Қырғызстандағы парламенттік сайлаудың соңын жаңа шиеленіске ұластырып алмау. Жеңген партиялар өзара келісім таба білсе болғаны, - дейді Досым Сәтпаев.
Қырғызстанның жаңа Конституциясына сәйкес, елде премьер-министрдің өкілеттігі президенттен басым. Ол жеңген партия өкілдерінен жасақталатын үкіметті басқарады. Қазірдің өзінде парламентке кемінде бес партияның кіретіні белгілі болып отыр. Қырғыз сарапшысы Құбан Әбдіменнің пікірінше, ең басты қиындық үкіметті жасақтау. Егер бұл сәтсіз аяқталса, онда келесі жылы жаңа парламенттік сайлау болуы ықтимал дейді.
- Егер парламент қазіргі жеңген партиялардан жасақталатын болса, онда коалициялық үкімет құру кезінде көп қиындықтар тумақ. Президенттің белгілі бір партия өкіліне үкімет басқаруды тапсыруы немен аяқталатыны белгісіз. Үкімет құру талпынысына кедергі келтіріле берсе, онда мұның аяғы ақырын-ақырын келесі жылы Қырғызстандағы жаңа парламенттік сайлауға әкеп соқтыруы мүмкін, - дейді қырғыз саясаттанушысы Құбан Әбдімен.
ҚЫРҒЫЗСТАН ПАРЛАМЕНТТІК РЕСПУБЛИКАҒА АЙНАЛА АЛА МА?
Қазіргі таңда саясаттанушылардың барлығы осы мәселеге бас қатырып отыр. Әрине, авторитарлық билікті жақтаған басшылар бұл жүйенің кемшілігін айтуды әрі қарай да жалғастыра береді дейді мамандар.
- Мәселен, жақында ғана Ресей Қырғызстанға телеарналары арқылы идеологиялық шабуыл жасады. Онда тек Қырғызстанның жеке саясаткерлерін сынаумен шектелмей, жалпы бұл жүйенің кемшілін айтты. Ал еліміздегі ресми баспасөзді қарасаңыз, қатал тәртіпке, жоғарыға мойынұсыну сияқты тезистерді көп айтады, - дейді саясаткер Әміржан Қосанов.
Жуырда Канадада өткен әлем көшбасшыларының саммитінде Ресей президенті Д.Медведев парламенттік жүйе Қырғызстандағы биліктің бір қолдан екінші қолға тұрақсыз түрде ауыса беруіне апарып соқтырады. Осылайша билікке тіпті экстремистер де келуі мүмкін деген болатын. Мұндай сынды Қырғызстанның бұрынғы президенттері Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев те қайталаған еді.
Десе де, егер Қырғызстан бұл сындардың барлығынан аман-есен өтіп, елде парламент қалыпты жұмыс істей бастаса, онда бұл 20 жыл бойы Орталық Азия елдеріне авторитаризмнен артық режим жоқ деп бір адамның қолына шоғырланған биліктің «жақсылығын» тынбастан айтып келе жатқан саясаткерлерге жұдырық боп тимек дейді Досым Сәтбаев.
- Егер Қырғызстанның тәжірибесі сәтті аяқталса, онда Орталық Азия елдерінің басшылары парламенттік жүйе орныққан көршісімен қатар тұрған сәт өздерін біршама ыңғайсыздау сезінетін болады. Қазір Қырғызстан тек төңірегіне ғана емес, өзіне-өзі есейгенін дәлелдеуі керек, - дейді саясаттанушы Досым Сәтбаев.
Қырғыз саясаттанушысы Құбан Әбдіменнің пікірінше, Қырғызстанда кейбір постсоветтік елдерде бар тәжірибе де қайталануы мүмкін.
Янез Ленарчич (сол жақта), ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі кеңсе директоры. Ош, 10 қазан 2010 жыл
- Менің ойымша, Қырғызстандағы оқиғалар Украинадағы жағдайды қайталауы мүмкін. Украинада батысшыл, ресейшіл партиялар парламенттің жұмысын тұралатқан болатын. Қырғызстанда да дәл солай болмақ, - дейді Құбан Әбдімен.
Қырғыз Республикасы – парламенттік басқару формасын таңдаған пост-советтік кеңістіктегі тұңғыш Орталық Азия мемлекетіне айналып отыр. Сайлауды бастан-аяқ бақылаған ЕҚЫҰ-ның өкілі Мортен Хогланд сайлаудың өту барысы туралы мынадай пікір айтты: "Бұл сайлаудың ерекшелігі - саяси плюрализм, белсенді сайлау кампаниясы және орталық сайлау комиссиясының жұмысына деген [халықтың] сенімі. Ең негізгі бостандықтар - сөз бостандығы және бас құрап, жиын өткізу еркіндігі барлық жерде сақталды". Қырғыз үкіметі парламент сайлауында қауіпсіздік мәселесіне айрықша мән беруге тырысты. Дауыс беру участкелерінде 900-ден астам халықаралық, екі мыңнан астам жергілікті бақылаушылар сайлау барысын қарап тұрды.