Accessibility links

Ядролық зымыран ұшырған Пхеньянға қарсы тыйым қатайтылмақшы


Солтүстік Кореяның ядролық сынағы әсері туралы Оңтүстік Корея мәлімет беруде.Сеул, 25 мамыр,2009 жыл.
Солтүстік Кореяның ядролық сынағы әсері туралы Оңтүстік Корея мәлімет беруде.Сеул, 25 мамыр,2009 жыл.
Солтүстік Корея теледидары арқылы жасалған мәлімдемеде: "Корей халық демократиялық республикасы мамырдың 25-де кезекті жер асты ядролық сынағын табысты түрде өткізді. Бұл қадам-ядролық мүмкіндігін күшейту мақсатында, өзін-өзі қорғау саласындағы елдің өткізіп отырған көптеген шараларының бірі. Аталған сынақты өткізуді ғалымдар мен техниктер ұсынған еді",- деп атап көрсетілді.

Пхеньян ресмилерінің айтуынша, бұл сынақ ғылыми-техникалық проблемаларды шешуге көмектескендіктен де алдағы уақытта елдің ядролық қару мүмкіндігін арттыруға жол ашылуда.

Халықаралық қауымдастық бұл сынақтың өткізілуіне байланысты алаңдаушылық білдіруде.

Ресей Қорғаныс министрлігінің айтуынша, Солтүстік Корея күші 10-20 килотон арасындағы жарылғыш заттарды қолданған. Оның күші Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбасының қуатына жетеғабыл екен.

Мысалы Жапонияның айтуынша, Солтүстік Корея сондай-ақ қысқа қашықтыққа арналған қосымша 3 сынақ өткізген. Алайда бұл хабарды растаған өзге де тәуелсіз көздер бола қойған жоқ.

15 ел мүшесі боп табылатын БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі сынақ өткізілген 25 мамырда кезектен тыс мәжілісіне жиналды.

Жапония мен Оңтүстік Корея елдері дағдарыстан шығуды ойластыратын арнайы топ құрған болатын.

АҚШ, Жапон, Ресей, Оңтүстік Корея және Қытай елдері 2003 жылы Солтүстік Кореямен 6 жақты келіссөздерді бастаған болатын. Мақсат- Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына нүкте қою еді.

Алайда аталған ел 2006 жылы өзінің алғашқы ядролық сынағын өткізді.

Ядролық бағдарламасынан бас тартқан жағдайда оның қайтарымы ретінде Солтүстік Кореяға энергиялық көмек және қауіпсіздік кепілдігі берілетіні туралы 2007 жылы уәде етілген еді.

Алайда Солтүстік Корея ол 6 жақты келіссөзден өткен айда шыққан еді.

Соның алдында ғана аталған ел ұзақ қашықтыққа арналған зымыранын ұшырып, оны сателлиттік ұшыру үдерісі деп сипаттаған болатын.

Қауіпсіздік кеңесі бұл үдерісті айыптап, Солтүстік Кореяға қарсы тыйымдарды қатайта түскен болатын.

Сол тыйымдарға жауап ретінде 25 мамырда осы сынағын жүзеге асыратынын айтып, алдын-ала қоқан-лоққы жасаған еді.

АҚШ президенті Барак Обама Вашингтонда, дүйсенбіде сөйлеген сөзінде, Солтүстік Корея бұл сынағын әлемдік бейбітшілікке қауіп деп бағалап, оған қарсы тұруға шақырған еді.

ЕуроОдақ, Британия, Франция, Үндістан елдері де бұл сынаққа наразылықтарын білдіруде.

Солтүстік Кореяның Мәскеудегі елшілігі өкілінің айтуынша, егер АҚШ пен оның одақтастары Солтүстік Кореяны қорқытуларын жалғастыра беретін болса, онда Пхеньян тарапынан атқарылатын ядролық сынақтар саны арта түсетін болады.

Дүйсенбіде ресми сапармен Қытайға барған АҚШ Өкілдер палатасының төрайымы Нэнси Пелоси Қытай басшыларынан Солтүстік Кореяның келіссөздерге қайта оралуына ықпал етулерін сұрамақшы.
XS
SM
MD
LG