ОБАМАНЫҢ СОҒЫС СТРАТЕГИЯСЫНА ТҮСКЕН СЫЗАТ
Бүгінде АҚШ пен оның одақтастары Ауғанстандағы соғыс жайлы көптеген әскери мәліметтердің БАҚ-та жарияланып кетуіне байланысты қатты әбігерге түсіп отыр.
Ауған еліндегі соғыс жайында АҚШ-тың шамамен 92 мың құпия әскери есебі жарыққа шығып кетті. Құпия деректерді әшкерелеп отыратын вебсайтта жарияланған әскери есептерді "The New York Times", "The Guardian" және "Der Spiegel" басылымдары жариялап үлгерді. Бұл құпия құжаттарда АҚШ арнайы күштерінің «Талибан» жетекшілеріне қарсы операциялары мен Ауғанстанда қаза тапқан бейбіт тұрғындар жайлы мәліметтер бар. Қоғамға жария болған құжаттардың бірінде, Ауғанстандағы АҚШ күштеріне қарсы жұмыс жасады деп көрінген Пәкістанның барлау қызметінің бұрынғы ресми өкілінің бүлікшілермен кездесуі жайында айтылған.
Құжаттарда арнайы күштер тобының құпия бірлігі бар екені айтылған. Одақтас күштердің «Невада» базасынан алыстан басқарылатын аппарат арқылы «Талибан» жасақтарын нысанаға алғаны жазылған.
Әшкереленген материалдар президент Барак Обаманың Ауғанстандағы соғыс стратегиясы тығырыққа тіреледі деген қауіпті ұлғайтып отыр.
Бұл тұрғыда Вашингтон мен Исламабад арасындағы қарым-қатынасқа да нұқсан келуі мүмкін. Жарияланған мәліметтердің 180-нен аса құжатында АҚШ ұзақ уақыт күдіктеніп келгеніндей, Пәкістанның барлау қызметі құпия түрде «Талибанға» қолдау танытып отыр деген мәліметтер айтылған. Онда арнайы қызмет жанкештілерді дайындап, Ауғанстанға әуе мен жерден тасталатын зымырандарды заңсыз тасымалдап жатыр, ауған президенті Хамид Карзайға қастандық жасау сияқты астыртын әрекеттер мен тіпті шетелдік күштерге жеткізілетін сыраға улы заттар қосу жоспарланған деген деректер айтылған.
Сонымен қатар онда Иранның «Талибан» бүлікшілерін, Ауғанстанның дала қолбасшылары мен «Әл-Қаида» жауынгерлерін қару-жарақпен қамтамасыз етіп, жаттықтырып, қаржылай қолдап отырғаны жайлы мәліметтер бар. Бірақ, ондай айыптауларды ресми Теһран жоққа шығарып келген болатын.
РАС ҚҰПИЯ МА, ЖОҚ ЖАЛҒАН ҚҰЖАТ ПА?
«Гардиан» басылымына берген сұхбатында, құпия мәліметтерді әшкерелеп отыратын Wikileak сайтының құрылтайшысы Джулиан Ассэнж бұл мәліметтер соғыстың шынайы табиғатын көрсетіп отыр деді:
«Ауғанстан мен басқа да елдердің қоғамы шындығында не болып жатқанын, әрі ондағы проблемаларға қалай қарауды білуі керек. Бұл материалдардың маңызы – бүкіл соғыста болған жағдайларды қамтығаны, жекелеген маңызды оқиғалардың да көпке белгілі болғаны. Оның ішіне «373-ші шұғыл қимыл әрекет тобы» сияқты, Ауғанстандағы адамдарды өлтіру мен қолға түсіру тізімін құрған АҚШ-та орналасқан қастандық жасау бөлімшесі сынды жасырын топтарға қатысты жайттар бар».
Ақ үй 2004 жылдан 2009 жылға дейінгі соғыс барысын қамтыған әскери құжаттардың әшкере болуын жауапсыздық деп атады:
«Бұл сенімсіз мәліметтердің сыртқа жария болып кетуі біздің Ауғанстан және Пәкістанмен әрәптестігімізді тереңдетуге әсер ете алмайды» деп жазылған Обама әкімшілігінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джеймс Джонстың мәлімдемесінде.
Ол президент Обама Ауғанстанға айтарлықтай қаржы салып, жаңа стратегиясын жариялады, онда басты назар «Әл-Қаида» мен «Талибан» жасақтарының мекені болып отырған Пәкістанға да аударылды деді.
Жарыққа шыққан құпия құжаттарды Пәкістан да айыптап шықты. «Бұл мәліметтер бір жерден шыққан сөздер мен өсек-аяңнан басқа түк емес. Ауғанстан мен Пәкістан шекарасы бойындағы мұндай деректер көбіне жалған болып шығады» делінген Пәкістанның АҚШ-тағы елшісі Хусайн Хаққанидің мәлімдемесінде.
Жарияланып кеткен құпия ақпараттың ішінде бейбіт тұрғындардың қазасы туралы мәлімет те кездеседі. Онда Ауғанстанда 195 бейбіт тұрғын оққа ұшып, 174 адам жараланған “Блю энд уайт” деп аталатын операцияның да жай-жапсары сөз болған.