ӘРІ-СӘРІ КҮЙДЕГІ БАШҚҰРТ ҚҰРЫЛТАЙЫ
Азамат Ғалинмен телефон арқылы тілдескен Азаттық радиосының Қазақ қызметі оқиғаның жай-жапсарын білуге тырысты. Дүниежүзілік Башқұрт Құрылтайының жетекшісі кеңсесінде неліктен тінту жүргізілгенін түсіне алмай дал. Оның айтуынша кез-келген ғимаратта тінту жүргізіп, қызметкерді тұтқындау үшін әуелі қылмыстық іс қозғалуы тиіс еді.
Федералдық қауіпсіздік қызметінің Башқұртстандағы басқармасы Құрылтай төрағасының орынбасары Фанзиль Ахметшинді Уфадан тыс аудандардың бірінде тұтқынға алып, кейін үйінде тінту жүргізгені де белгілі болды. Бұл әрекет туралы «Уфимский набат» интернет-басылымы да хабарлап отыр.
УФАДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ
Дүниежүзілік Башқұрт Құрылтайының мүшелері Башқұртстан президенті Мұртаза Рахимов қызметінен түсер алдында Кремльдің саяси шешімдеріне қатысты алдын-ала наразылық білдіріп, бірнеше мәлімдеме жасаған болатын. Олардың мазмұны Башқұртстанды осы республикадан шыққан азамат басқаруы керек, Кремль сырттан адам жібермесін дегенге саяды. Бірақ, Башқұртстан парламенті шілденің 19-ы Мәскеу тағайындаған Рүстем Хамитовтың кандидатурасын ресми түрде бекітті.
«Уфимский набат» басылымының хабарлауынша осы күні Уфа қаласын Ресейдің қауіпсіздік күштері барынша күшті бақылауға алған. Бірақ, соған қарамастан шілденің 18-і кешке және шілденің 19-ы таңертең жүзге тарта адам парламент ғимаратының кіре берісінде, Зәки Валиди көшесінің бойында және Салават Юлаев атындағы алаңда наразылық жиынын өткізген. Бұл мәліметті Ұлтшыл башқұрт жастары қозғалысының белсендісі Юлдаш Юсупов растады.
Түрлі башқұрт жастарының ұйымдары Кремльдің Башқұртстанға қатысты қабылдаған саяси шешімдеріне наразылық білдіру шараларын жиі өткізіп жүр. "Көк бөрі" қозғалысы солардың ішіндегі ең белсенділердің бірі саналады.