Accessibility links

Ауғанстанның Фарьяб аймағы тәліптерге өте ме?


Фарьяб аймағындағы ауылдардың бірі. Ауғанстан, 14 шілде 2015 жыл.
Фарьяб аймағындағы ауылдардың бірі. Ауғанстан, 14 шілде 2015 жыл.

Ауғанстанның солтүстігіндегі Түркіменстанмен шектесетін Фарьяб аймағында ахуал ушығып барады. Шілденің басында шабуылға шыққан содырлар айналасы бір аптаның ішінде жүз шақты ауылды басып алған.

Шілденің 15-інде Азаттықтың Түркімен қызметіне берген сұхбатында Фарьяб аймақтық кеңесінің басшысы Саид Абдул Баки Хашами үкімет жағындағы қарулы топтар аймақтың барлық аудандарында шегініп жатқанын, аймақ орталығы Маймананы содырлар басып алуы мүмкін екенін айтқан.

Хашамидің сөзінше, «Халықтық қарсылық майданы» деп аталған үкіметке жақтас партизандық топ – Фарьяб аймағын содырлардан қорғап жатқан жалғыз ғана күш. Үкімет осы аймақты содырлардан тазарту мақсатында арнайы операция жүргіземіз деп уәде бергенімен, әзірге ешқандай әрекет жасамай отыр.

– Олар [үкімет] «біз әскер жібердік, енді операцияны бастаймыз» деп күнде айтады, – дейді Хашами. Бірақ, осы күнге дейін тек Ұлттық қауіпсіздік директоратынан жәрдем келіп, соның арқасында «Халықтық қарсылық майданы» өз позицияларын сақтап қалған.

ҮКІМЕТ ЖОҚ АЙМАҚ

– Қазір Фарьябта үкімет жоқ, – дейді Хашами. Аудан орталықтары үкіметті жақтайтын күштердің бақылауында тұрғанымен, басқа өңірлердің көпшілігі «Талибаның» қоластына көшкен.

Хашамидің айтуынша, үкімет күштері тәліптермен Фарьябтың Алмар аймағында екі апта бойы соғысқан. Сол аралықта парламент депутаты Фатхуллаһ Қайсари ғана қару-жарақпен көмектескен. Соның арқасында үкімет әскері қырылмай аман қалған, дегенмен олар 32 ауылды «Талибанның» құрсауына тастап, шегінуге мәжбүр болған.

Ауғанстан ұлттық армиясының сарбазы әскери операция кезінде. Фарьяб аймағы, 17 маусым 2015 жыл.
Ауғанстан ұлттық армиясының сарбазы әскери операция кезінде. Фарьяб аймағы, 17 маусым 2015 жыл.

Ауғанстанның Tolo TV телеарнасы шілденің 14-і күні «Талибан» әскері соңғы үш күнде Қайсар ауданында 30 ауылды, Алмар ауданында 40 ауылды және Ширин Тагаб ауданында 35 ауылды басып алды» деп хабарлады. Хашамидің айтуынша, «Талибан» әскері мен олардың шетелден келген жақтастары үкіметшіл күштерге қатысы бар деген адамдардың үйлерін өртеп жіберген. Ал ауыл тұрғындарының халі мүшкіл, олар үкіметтен ешқандай көмектің жоқтығына назалы дейді аймақтық кеңес басшысы.

– Аймақтың «Талибанның» уысына өтіп бара жатқанын, жағдайдың күн өткен сайын ушыға түскенін үкіметке оншақты рет ескерткен болармын. Мұны ішкі істер министріне, қорғаныс министріне, президент әкімшілігіне айттым, – дейді Хашами.

«АЙМАҚҚА ДУСТУМ БАРА ЖАТЫР»

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ауғанстан вице-президенті Абдул Рашид Дустум Түркияда ем алып жатқан жерінен шұғыл түрде елге қайтып келген. Оның баспасөз хатшысы Сұлтан Файзи вице-президенттің жақында Фарьябқа арнайы баратынын хабарлады. «Дустум алдымен президентпен кездеседі, содан кейін ол жағдайды өз көзімен көріп қайту үшін Фарьябқа баруды жоспарлап отыр» дейді Файзи.

Ауғанстан вице-президенті Абдул Рашид Дустум.
Ауғанстан вице-президенті Абдул Рашид Дустум.

Абдул Рашид Дустум – Ауғанстанда азамат соғысы кезінде аты шыққан өзбектердің дала командирі. Баспасөз хатшысының айтуынша, Дустумның Фарьябқа баруы «Талибанға» қарсы күресіп жатқан үкімет әскерін жігерлендіреді. Қазірдің өзінде аймақта Ауғанстан қорғаныс министрінің орынбасары мен елдің әуе қорғаныс күштерінің командирі жүр.

Сұлтан Файзидің айтуынша, жақында Фарьябқа қосымша әскери күш, соның ішінде әскери тікұшақтар жіберілмек, сөйтіп үкімет жауынгерлері «Талибанды» Фарьябтан қуып шығуды көздеп отыр.

Ресми билік өкілдері Фарьябта үкімет әскеріне қарсы шығып жатқандарды «Талибан» деп атаса, солтүстік Ауғанстанда соғысып жатқан әскери және партизандық топ басшылары оларды «шетелдік содырлар» деп сипаттайды.

Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарласқан «Өзбекстан ислам қозғалысы» ұйымы өздерінің солтүстік Ауғанстанда, соның ішінде Фарьяб ауданында әскери ұрыстарға қатысып жатқанын айтқан. Бұл ақпараттың рас я өтірік екенін анықтау әзірше мүмкін болмай отыр. Дегенмен, мұның алдында да Ауғанстанның ресми өкілдері осындай болжам айтқан еді.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG