Accessibility links

Ауғанстан тәліптер қолына өткенде Орталық Азия Ресей бастаған әскери одаққа сене ала ма?


Ресей әскері Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің қатысуымен өтетін әскери жаттығу алдында.
Ресей әскері Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің қатысуымен өтетін әскери жаттығу алдында.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына кіретін постсоветтік елдердің Ауғанстанмен шекарасы мың шақырымнан асады. Ұйым аймақты Ауғанстаннан төнген кез-келген қауіптен қорғамақ. Ал Қырымды аннексиялаған Мәскеудің бұл әрекетіне Орталық Азия елдері күмәнмен қарайды.

Шілденің басында АҚШ-тың Ауғанстаннан әскерін ертерек әкетуі мүмкін екені хабарланғанда, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа "Мәскеу Ауғанстанға әскер жіберуі мүмкін бе?" деген сұрақ қойылды. Оған жауап ретінде Лавров Орталық Азиядағы бір мемлекетті атады.

"Меніңше, мұның жауабы анық" деді Лавров. "Тәжікстан – одақтасымыз. Тәжікстанға шабуыл жасалса, бұл мәселе бірден Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымның (ҰҚШҰ) қарауына түседі".

Ал енді қазір АҚШ әскері Ауғанстаннан толық шыққанда, аталған сұрақтың жауабы Лавров айтқандай соншалық анық емес сияқты.

"Талибан" қозғалысының билікке қайта келуі ҰҚШҰ-ның Орталық Азия елдерін Ауғанстаннан төнген қауіптен қорғаудағы рөліне назар аудартты.

Ресей АҚШ-тың Орталық Азияға әскер жіберуін қолдамайтынын ашық білдірді. Мәскеудің пікірінше, Вашингтонның бұл елдерге әскер жіберуі тәліптердің жеңіске жетуінен шабыттанған исламистік экстремистерге желеу болуы мүмкін. Бірақ Мәскеу сөйте тұра Ауғанстанмен үш мемлекеті шектесетін Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде табандылық таныта қоймайды.

Оның орнына Кремль ҰҚШҰ-ны нығайтудың маңызын айтты. Бұл ұйымға алты постсоветтік ел кірген және онда сыртқы саяси мақсатын алға тартатын Мәскеу басымдыққа ие.

"ҰҚШҰ РЕСЕЙГЕ ТӘУЕЛДІ"

1992 жылы құрылған бұл ұйымға Ресейден бөлек Беларусь, Армения, Қырғызстан, Қазақстан және Тәжікстан кіреді. Бұл елдердің Ауғанстанмен ортақ шекарасы 1300 шақырымға созылған. Мәскеу ұйымға мүше елдермен терең әскери интеграцияға жасауға ұмтылып келеді. Ал бұл елдер 2014 жылы болған Қырым аннексиясынан кейін Мәскеудің пиғылынан сескенеді.

Бұл ұйым НАТО сияқты өзара қорғаныс туралы келісімшарт жасаған. Бірақ әлі ешбір ел оған сүйенген жоқ.

Кейінгі айларда Ауғанстанда тәліптер күшейіп, Кабулға жақындағанда Мәскеу ҰҚШҰ-ны өз пайдасына жаратуға тырысты.

Кейінгі апталарда ұйым Ауғанстандағы жағдайды талқылау үшін төтенше жиын өткізіп, Тәжікстан мен Қырғызстанда әскери жаттығу болатынын, ал 16 қыркүйекте Душанбедегі саммитте Ауғанстанға қарсы "бірлескен шаралар" нұсқасын жоспарлағанын мәлімдеді.

ҰҚШҰ қағаз жүзінде НАТО-ға ұқсағанымен, сырттан қауіп төнгенде ұйым оған қарсы тұра алмайды дейді сарапшылар. Ресейлік сарапшы Павел Фельгенгауэр ҰҚШҰ-ны шынайы әскери одаққа қарағанда Мәскеудің әріптестерімен екіжақты қарым-қатынасына негіз болатын "ойын" деп қараған жөн дейді. Сарапшы тәліптер осы ұйымға мүше елдердің біріне шабуылдаса, ҰҚШҰ Ауғанстанға әскер жібермейді, оған "мүмкіндігі жоқ" дейді.

"Ұжымдық ынтымақ тұрғысынан ҰҚШҰ әлсіз, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қабілетсіз" дейді Аймақтық зерттеулер орталығының (тәуелсі зерттеу орталығы) директоры Ричард Гирагосян. "ҰҚШҰ-ны Ресей басқарып қана қоймайды, ұйым Ресейге тәуелді. Бұл "қуатты күш" Ресей әскеріне тиесілі екенін, ал жергілікті жерде шекара қауіпсіздігімен шектелетінін көрсетеді" деп жазды ол Азаттық радиосына жолдаған электронды хатында.

Ауғанстанда билікке келген "Талибан" Орталық Азиядағы шекаралас елдерге қауіп төндірмейтінін айтып келеді. Ол шекаралас елдердің тек біреуі ғана ҰҚШҰ-ға кіреді. Қалған екеуі – Өзбекстан мен Түркіменстан ұйым мүшелігінде жоқ.

Ресейдің өзі "Талибанды" террористік ұйым деп танығанымен, қозғалыстың ресми өкілдері Мәскеумен келіссөз жүргізіп, қарым-қатынас орнату үшін Ресейге бірнеше рет барған.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Талибанның" саяси кеңсесін басқарған Шер Мохаммад Аббас Станакзаймен бірге. Мәскеу, 2018 жылғы қараша.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Талибанның" саяси кеңсесін басқарған Шер Мохаммад Аббас Станакзаймен бірге. Мәскеу, 2018 жылғы қараша.

Фельгенгауэрдің сөзінше, тәліптер Орталық Азияның шекарасынан өтпейді, бірақ аймақта жергілікті халық "қолдауы мүмкін" партизандық әрекеттер пайда болуы мүмкін. Ресей Ауғанстандағы жағдайдың өзіне емес, Орталық Азияда осыны болдырмауға мүдделі дейді ол.

"Ресей шекараны қорғайтынын айтты, солай істейтін де сияқты" дейді Фельгенгауэр. Оның айтуынша, "Ресей ойыншық емес" және ол "әскери мәселелер жөнінде шешім қабылдауды ҰҚШҰ секілді ұйымға беруге дайын емес.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ӘСКЕРИ БАЗАЛАР

Орталық Азияда Ресейдің стратегиялық активі, атап айтқанда Тәжікстанда ірі әскери базасы бар. Ауғанстанға әуе шабуылын жасау қажет болса, Мәскеу кідіріп қалмайды дейді Фельгенгауэр.

Осы айдың аяғында ҰҚШҰ саммит өткізеді. Гирагосян соның қарсаңында ұйым "АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кетуінің салдарын жеңілдетуге мәжбүр" дейді. Оның сөзінше, бәрі "Ресейдің батылдығы мен Орталық Азиядағы ынтымаққа байланысты болғандықтан, АҚШ әскері жоқта "ҰҚШҰ-ның Ауғанстандағы кез елген әрекеті тым әлсіз және тым кеш" болуы мүмкін.

Дипломатиялық айла мен "Талибанның" билікке келуінің салдарынан бөлек ҰҚШҰ Ресей мен "Орталық Азияның жергілікті элитасы арасындағы мүдделер қақтығысы секілді тағы бір проблемаға тап болуы мүмкін.

Гирагосянның сөзінше, Ресей тәліптердің билігімен іскери қарым-қатынас орнатуға тырысады, ал жергілікті элита қауіпсіздік мақсатында "Ресейге тәуелділігінен" бас тартуға дайын болады, бірақ Мәскеуге Ауғанстандағы Кремльдің ықпалын нығайтуға тең келетін мүмкіндік ұсына алмайды.

"ҰҚШҰ ешқашан сенімді екенін дәлелдеп, өз рөлін атқаратынын көрсете алмады" дейді Гирагосян. Оның сөзінше, ұйымның өміршеңдігі тікелей Ресейге тәуелді.

"Бұл жағдайдың ешқандай ерекшелігі жоқ. ҰҚШҰ Ресейдің басымдығынан арылатын жағдайда болмады. Бұлыңғыр қауіпсіздікке кепіл болудан басқа ешқандай бастама ұсынбады, ұжымдық ниеттестік танытпады" дейді Гирагосян.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG