Accessibility links

Ғани үкіметінің екінші майданы – жемқорлық


Ауғанстан президенті Ашраф Ғани. Лондон, 12 мамыр 2016 жыл.
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани. Лондон, 12 мамыр 2016 жыл.

Ауған үкіметі 16 жылға созылған бүлікпен әлі де жанталаса күресіп жатыр. Соның кесірінен елдің астанасы бөлек-бөлек тас қамалдарға айналып, күн сайын ондаған адам өліп, ал мемлекет басшысы Кабулдағы биік дуалмен қоршалған президент сарайында жасырынуға мәжбүр.

Бірақ үкімет екінші бір майдан – жемқорлықпен күресте де аянбай «соғысып» келеді. Халықтың үкіметке деген сенімін бұрынғыдан да төмендетіп жіберген бірнеше қанды шабуылдан соң президент Ашраф Ғани Ауғанстанда тамырын тереңге жайған жемқорлықпен күресті қолға алды.

Жақында Кабулда Ауғанстанның 11 қыркүйек оқиғасынан бергі тарихындағы ең үлкен жарылыс болды. Мамырдың 31-інде кешкі апақ-сапақта әскери жарылғыш тиеген жүк көлігі жарылып, соның кесірінен 150-ден аса адам қаза тауып, жүздеген кісі жарақат алды.

Бүлікшілерді тыю үшін Ғанидің ел ішінде беделі төмен үкіметі жемқорлықтың ошағы саналатын қауіпсіздік күштеріне тиісті.

"БҮЛІККЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ КІНӘЛІ"

Көп жылдан бері сарапшылар Ауғанстандағы наразылықтың өршуіне және бүліктің толастамауына жемқорлық кінәлі дегенді айтып келеді. Ашраф Ғани үкіметі әлемдегі жемқорлық ең кең тараған елде тәртіп орнатудың жауапкершілігін мойнына алып отыр.

Жарылыстардан зәрезап болған халық жаппай наразылық білдірген соң маусымның 6-сында сөз алған президент Ғани: «Қауіпсіздік саласындағы реформа – бейбітшілік жолындағы шешуші қадам» деп мәлімдеді.

2014 жылы АҚШ-тың араағайындығымен құрылған тым шашыраңқы үкіметті басқарып келе жатқан Ғани жемқорлығымен аты шыққан ішкі істер министрлігін реформалауға кірісті. Содан бері пара алды деген күдікпен жүздеген адам мемлекеттік қызметтен қуылды. Енді президент қорғаныс министрін тазалауды қолға алып отыр.

Ауған әскері шекараны қарауылдап тұр. Қандағар провинциясы, 23 мамыр 2017 жыл.
Ауған әскері шекараны қарауылдап тұр. Қандағар провинциясы, 23 мамыр 2017 жыл.

Алайда соңғы жылда қантөгістің өршуі Ғани үкіметінің бұл бастамаларына деген күмәнді күшейтті.

Вашингтондағы Вудро Вильсон халықаралық зерттеу орталығының Оңтүстік Азия бойынша маманы Майкл Кугелманның айтуынша, үкіметтегі жемқорлық пен бүліктің арасында анық байланыс бар.

– Үкіметтегі жемқорлық «Талибанның» «мемлекет – заңсыз әрі тиімсіз» деген сөзін қуаттай түседі. Соның арқасында әсіресе егер жедел түрде әділдік орнатамын және тұрақты жалақы төлеп тұрамын деп уәде берсе, олар жасаққа көп адам тарта алады, – дейді ол.

Қарулы топтардың ықпалы әлі де күшті болып тұрған ауылдық жерде халық үкімет мекемелерін жемқорлыққа батқан, ештеңе шеше алмайтын қауқарсыз деп санайды, сондықтан олар дауларды шешу үшін әлі де «Талибан» соттарына жүгінеді. Мұндай шариғат соттары әлі күнге таспен ұру, дарға асу сияқты жазалар қолданады. Мұндай заңсыз жасақтар кейде Ауғанстан ұлттық армиясының сарбаздарынан да көп жалақы алады.

– Ауған солдаты, офицері немесе одан жоғары шенді қорғаныс қызметкері қару-жарақ сатумен, сатып алу жөнінде жалған есеп берумен айналысса немесе әлдекімдерге жалған сыйақы берсе, бұл қауіпсіздіктің нашарлауына, салғырттыққа және басшылықтың әлсіреуіне алып келеді, – дейді Ауғанстанның бұрынғы елшісі және үкіметтің кеңесшісі Омар Самад.

Ауғанстанда әскердегі «өлі жандарға» жалақы төлеу мәселесі бұрыннан бар. Тізімде жоқ жалған солдаттарға бөлінген ақша көбіне жемқор офицерлерден қалтасында кетеді. Ауғанстанда НАТО-ның миссиясы биыл қаңтарда осындай 30 мыңға тарта «өлі жанға» айлық төлеуді тоқтатқанын хабарлады.

Ауған офицерлері қару-жарақ пен құрал-сайманды, жанар-жағармайды ашық сатумен айналысады, кейде тіпті олар бұл заттарды өздері қарсы соғысып жүрген «Талибан» жасақтарына да сатып жатады.

Содырларды атқылап жатқан ауған әскері. Нангархар провинциясы, 21 мамыр 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Содырларды атқылап жатқан ауған әскері. Нангархар провинциясы, 21 мамыр 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

ҒАНИ ҮКІМЕТІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Ғани 2016 жылғы қазанда Ауғанстанға қатысты Брюссельде өткен конференция кезінде мойнына алған міндеттемелердің кейбірін орындап, үкіметтің жемқорлыққа қарсы стратегиясының жобасын әзірледі. Сонымен бірге президент ірі жемқорлық істерін қарайтын жемқорлыққа қарсы әділет орталығы деп аталатын арнайы сот құрды. Жемқорлықпен күресте біршама жетістік бар.

Наурыз айында қорғаныс министрлігі «өткен жылы жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен 1400 қызметкерін жұмыстан босатқанын» мәлімдеді. Олардың 300-ге жуығы әділет органдарына тапсырылған. Қазір министрлік ұлттық қорғаныс саласындағы жемқорлыққа қатысты 1800-ге тарта істі қарап жатқандарын айтты.

Сотқа тартылған 170-ке жуық адамның ішіндегі ең жоғары шенді кісі – Хелманд аймағындағы 215-корпустың бұрынғы командирі Мұхаммед Фақир. Ол армияға бөлінген жанармай, азық-түлік және басқа да қажетті заттарды орынсыз пайдаланды деп айыпталып отыр.

Жемқорлықпен күрес тек қауіпсіздік салаларында ғана жүріп жатқан жоқ. Мамыр айында Кабул қаласының мэрі Абдулла Хабибзай алты айдың ішінде жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін деген 180 қызметкерін жұмыстан босатқанын айтты.

Кабул мэрі Абдулла Хабибзай.
Кабул мэрі Абдулла Хабибзай.

Наурыз айында жемқорлыққа қарсы әділет орталығы қалаларды дамыту және тұрғын үй министрлігінің төрт қызметкеріне «ақша ұрлады және билігін асыра пайдаланды» деген айып тақты. Олардың екеуі 12,8 миллион АҚШ долларын жымқырғаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылса, қалған екеуі жеті жылға сотталды. Сол айда жемқорлыққа қарсы орталық Герат аймақтық кеңесінің басшысын билігін асыра пайдаланғаны үшін сырттай екі жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Мұнымен қоса президент Ғани «Кабул банктен» 900 миллион доллар ұрлау ісін қайта тергеуге тапсырма берді. Осы дау-дамайдың кесірінен елдің ең ірі банкі күйреп, Ауғанстанның халықаралық беделі одан сайын төмендеген. Сондай-ақ президент батыстағы Герат аймақтық әкімшілігі қызметкерлерінің көпшілігін жемқорлықпен айналысты және міндеттерін дұрыс атқармады деп, қызметтерінен босатты.

НАТО миссиясының айтуынша, Кабулдағы үкімет Брюссель конференциясынан соң «жемқорлықты жоюда шешуші қадамдар жасай бастаған». Алайда сарапшылар ұзақ мерзімді нәтижелердің жоқтығын айтады.

«Қамқорлық» жасау, тамыр-таныстық және ықпал ету сияқты жоғары деңгейдегі жемқорлық тыйылмайынша, келісім-шарттарға қол жеткізу үшін пара беру, есірткі тасымалдау және ақша жымқыру сияқты заңсыздықтармен күресу қиын.

– Үкімет әсіресе донорларға көп уәде беріп, көп сөзге ерік беріп, анда-санда төмен дәрежедегі шенеуніктерді жұмыстан шығарып жатыр. Алайда «қамқорлық» жасау, тамыр-таныстық және ықпал ету сияқты жоғары деңгейдегі жемқорлық тыйылмайынша, келісім-шарттарға қол жеткізу үшін пара беру, есірткі тасымалдау және ақша жымқыру сияқты заңсыздықтармен күресу қиын, – дейді Омар Самад.

Жемқорлыққа қарсы белсенділер парақорлық сияқты қылмыс түрлері ауған қоғамының барлық салаларын жаулап алған деп дабыл қағады. Integrity Watch Afghanistan ұйымының есебі бойынша, 2016 жылы ауғандар 3 миллиард доллар пара берген.

Сарапшы Кугелманның айтуынша, президент Ғани жемқорлықты шынымен тыю жолында біраз жетістікке жетті, әсіресе әділет жүйесінде және жемқорлыққа қарсы заңдарды күшейтуде біраз ілгерілеу бар. Бірақ бұл заңды әлі парламент бекіткен жоқ. Оның сөзінше, Ауғанстан басшылардың өзі көп кедергілерге тап болады.

XS
SM
MD
LG