Ауғанстан көршілес елден бұған дейін де миллиондаған доллардың көмегін алған. Алайда Кабул осы жолғы аса маңызды жәрдем туралы ұсынысты қабылдағалы бері Тегеранның ниетіне алаңдап отыр.
Ауғандардың көбі Иран ислам республикасын «елдің ішкі мәселелеріне араласады» деп айыптайды. Бұған қоса «Иран мәдени және саяси ықпалын жүргізгісі келеді», «ақпарат құралдарын жайлап алған», «діни мектептерді қаржыландырады» деген айыптар да бар.
ИРАННЫҢ ТАЛАБЫ
Иранның Ауғанстандағы Бамиан провинциясында аурухана салып, оның қызметін өзі жүргізу жайлы жоспарына қарсылық туғаны – таңданарлық жайт. Кедейленген бұл аумақта көбіне шииттік исламды ұстанатын хазарлар тұрады. Иранның осы аймаққа ықпалы бұрыннан-ақ күшті.
Иран Имам Хомейни атындағы аймақтық аурухана құрылысына 30 миллион долларға жуық қаржы жұмсайтынын мәлімдеген. Кабулдың бұл ғимаратты 50 жыл бойы пайдалануға рұқсат беретін-бермейтіні ғана жалғыз кілтипан болатын. Бұған қоса жергілікті шенеуніктер мен халық та қарсылық танытқан. Ақыры құрылыс 2012 жылдан бері тоқтап қалған. Жергілікті ауған шенеуніктері енді келісімге келгендерін айтады.
«Аурухана салынып болған соң медициналық қызметті бес жыл бойы ирандық серіктестеріміз көрсетеді. Оған дейін денсаулық сақтау министрлігінің бұл қызметтерді көрсетуге мүмкіндігі жоқ» деп мәлімдеді аймақтық денсаулық сақтау бөлімшесінің басшысы Райхана Хайдари.
Хайдаридің айтуынша, Иран ислам республикасының негізін қалаушы аятолла Рухулла Хомейнидің құрметіне аталатын аурухана құрылысы бірер айда басталады. Ол үш жыл ішінде салынып бітеді деп жоспарланған.
Орталықтан қашық провинциядағы денсаулық сақтау саласының жағдайы нашар. Ал имам Хомейни атындағы аймақтық аурухана Бамиан мен көрші провинциялар тұрғындарының игілігіне жарар еді. 200 орындық ауруханада дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттыратын орталық та болады.
АУҒАНСТАННЫҢ КҮДІГІ
Бамиан билігі «Иран аурухананы аймақтағы ықпалын күшейтуге пайдаланады» деген күдікті сейілтуге тырысып жатыр.
«Келісім-шартқа сәйкес Иранның жалғыз міндеті – медициналық қызметтер көрсету. Иран өзге ешбір іске араласпайды» дейді Бамиан губернаторының ресми өкілі Абдул Рахман Ахмади.
Алайда Иранның ниетіне күмәнмен қарайтын Бамиан тұрғындарының күдігін бұл да жоя алмады.
«Бұл аймақ Иранның өткендегі әрекеттерінің теріс әсерінен әлі де айыға қойған жоқ» дейді Бамиандағы азаматтық қоғам белсендісі Хайрулла Хамиди.
Совет Одағы 1989 жылы елден жеңіліспен кеткен соң 1990 жылдардың басында Кабул режимі құлады. Ауғанстанның көршілері аймақтағы ықпалын күшейтпек болып, елдегі ниеттестерін қаржыландырып, қаруландырып бақты. Бұл ақыры азаматтық соғысқа ұласты. Иран шииттер мен парсы тілдес топтарды қолдаған. Олардың арасында Бамиан халқы да бар.
«Шынайы ниеттерін уақыт көрсете жатар. Олардың да өз себептері бар. Қайта құру жобалары арқылы Ауғанстандағы ықпалдарын күшейткісі келеді» дейді бамиандық белсенді Хамиди.
Ауғанстан мен Иранның тарихи, мәдени және тілдік байланыстарының тамыры тереңде. Бұған қоса екі ел соңғы жылдары саяси және экономикалық байланыстарын да нығайтуға көшкен. Алайда сенбестік әлі де бар.
«Иран жұмысты жаңа келісім-шарттан ауытқымай орындауы тиіс» дейді Бамиан университетінің профессоры Амир Шариф. Оның айтуынша, Ауғанстан астарсыз келісімді ғана қабылдауы керек.
Профессор Шариф Бамианда Иранға қарсы көңіл-күйдің белең алғанын айтады. Бірер жыл бұрын Бамиан университетінде ашылған Иран мәдени орталығы студенттер мен оқытушылардың қарсылық акциялары әсерінен бірнеше айдан соң жабылып қалған.
(Азаттық тілшілері Аббас Надири мен Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).