Жергілікті тілде «Азатлық» аталатын Азаттықтың Түркімен қызметі Ауғанстан мен Түркіменстан шекарасына таяу Мурғаб өзеніне жеткен түркімендермен сөйлесті. Осы айдың басында «Талибан» содырлары шабуылдап, олар ауыл-үйлерін тастай қашқан еді.
Этникалық түркімендер тұратын Маршак облысында «Талибан» содырлары мен үкімет әскері бір аптадан бері соғысып жатыр. Соңғы уақытта сәл тыныштық орнады, бірақ екі жақ та жаңа ұрысқа күш жинап жатқан тәрізді.
Қақтығыс ошағынан қашып шыққан түркімендердің саны мыңға жетеді. Олар Мурғаб өзенінің жағасына келіп тоқтаған. Бірақ ішерге таза су, дұрыс тамақтары жоқ, жапан дала, тақыр жерде ұйықтайды.
«Азатлық» тілшісі сәуірдің 24-і күні Хамид деген адаммен телефон арқылы сөйлесті. Ол Маршакта тұрған түркімендердің жағдайын «Екі жақ та бізге еш көмек бермеді. Ішетін, жейтін түгіміз жоқ, құла түз қонысымызға айналды» деп сипаттады.
Оның айтуынша, ол жерде әртүрлі жастағы адамдар бар, қариялар мен балалар, әйелдер көп. Хамид аты-жөнін айтпаған кәрі әйелге телефонын берді. Ол «Азатлыққа» өзен жағасына тұрақтаған адамдарда «ішіп-жейтін ештеңе жоқ» екенін айтты.
Кәрі әйел «адамдар өліп жатыр, оларды өзен жағасына жерлеген кезде дұрыстап кебінге де орай алмадық» деп кейіді. Бірақ қанша адам қаза тапқанын және олардың өліміне не себеп болғанын айтпады.
«Ыстық асты осыдан алты күш бұрын ішкенбіз» деген әйел балалардың шөлге шыдамай өзеннің лас суын ішіп, іштері өтіп, құсып жатқанын айтты. Үмітсіз халде отырғандарын ол «аспан биік, жер қатты» деген түркімен мәтелімен сипаттады.
Телефонды өзіне алған Хамид сәуірдің 19-ы күні Түркіменстандағы шекарашылармен кездесіп, кәрілер, балалар және сырқат жандар шекарадан ары өтіп, қауіпсіз жерде болсын деген өтініш айтқандарын хабарлады. Бірақ түркіменстандық шекарашылар «жоғарыдан бұйрық түспейінше, біз рұқсат ете алмаймыз» деген. Тіпті ауғандық түркімендерге азық-түлік немесе көрпе беру үшін де бұйрық керек тәрізді.
«Азатлық» Маршактағы ұрыстың біраз күннен бері саябырлағанын айта келіп, Хамидтен «Ауылдардың біріне оралып, азық-түлік, су алып шығуға болмай ма?» деп сұрады. Хамид «Атыс тоқтаса да қауіп бар. Жерде жарылмаған снарядтар жатыр» деді. «Талибан» жауынгерлері де жақын маңда жүрген көрінеді, ауған үкіметі оларды бұл ауданнан қуып шыға алмаған.
Ауған үкіметі Түркіменстаннан Маршак ауданынан қашқан түркімендерге көмек беруді сұрамаса, тым құрығанда гуманитарлық жәрдем жасауды өтінбесе, Мурғаб өзіне маңындағы адамдарға ешкім көмектесе алмайды. Әлі күнге дейін ауған билігі немесе Түркіменстан үкіметі Маршак түркімендерінің жағдайы жайлы ештеңе айтпады.
Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.