Ауғанстанда тәліптер билігіне қарсы тұруға бел буған панжшерлік жауынгерлер исламистік топпен күреске дайындалып жатыр. Панжшер шатқалы кейінгі 40 жылда сыртқы күштен жеңілмей келеді. Бұл аймақта көбіне тәжіктер тұрады. Ал тәліптердің басым бөлігі - пуштундар. "Талибанға" (Қазақстанда және бірнеше елде террористік деп танылған қозғалыс) қарсы шыққандардың арасында жергілікті жауынгерлер мен Ауғанстан қарулы күштерінің бұрынғы қызметкерлері бар. Тәліптерге қарсы күшті 32 жастағы Ахмад Масуд жинаған. Ол – 1980 жылдары Совет әскерімен шайқаста, 1990 жылдары тәліптермен күресте аты шыққан қолбасшы Ахмад Шах Масудтың ұлы.