Арменияның Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) елде өткен конституциялық реформа туралы референдумда сайлаушылардың жоғарғы билікті президенттен парламентке өткізуді қолдағанын мәлімдеді.
Желтоқсанның 7-сі күні Армения ОСК-сі таратқан хабарламада "дауыстардың 93 пайызын санағандағы қорытынды бойынша, дауыс бергендердің 63,5 пайызы президент Серж Саргсянның президенттік өкілеті аяқталған соң (2018 жылы) конституцияға биліктің парламентке өтуін қарастыратын өзгерістер енгізуді қолдағаны" жазылған.
Арменияның оппозициялық топтары сайлаудың алдын ала нәтижелерін "жалған" деп мәлімдеп, мойындаудан бас тартты. Оппозиция конституциялық реформа Серж Саргсянның билігін күшейтеді деп санайды. Оппозициялық топтар "дауыс беру күні сайлау учаскелерінде заң бұзушылықтар болды" дейді.
Арменияның оппозициялық Армения ұлттық конгресі (АҰК) жетекшісі Левон Зурабян шын мәнінде армениялықтардың басым көпшілігі президенттің арнайы комиссиясы ұсынған конституцияға өзгерістерді "қолдамағанын" айтады. Ол сайлау учаскелерінен шығып жатқан ондаған сайлаушының "жоқ" деп дауыс бергені туралы айтқанын келтірді.
Зурабян "Саргсян мен билік басындағы Армения республикалық партиясы қажетті дауыстарды бюллетеньді жәшікке топтап тастау, бір сайлаушыға бірнеше рет дауыс бергізу және дауыс берушілерді сатып алу арқылы жинаған" деп санайтынын мәлімдеді. Ол "ОСК-нің дауыс беруге 1 миллион 300 мың адам - дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың жартысынан көбі қатысты" деген ақпаратын да жоққа шығарады. Ол "ОСК дауыс берді деген сайлаушылар саны елдің демографиялық деректерімен үйлеспейтінін" айтты.
Елдегі тағы бір ірі оппозициялық "Жарангутюн" партиясының өкілдері де "сайлау учаскелерінде дауыс беру процесі бұзылғанын" мәлімдеді. "Жарангутюн" өкілі Ереванның батысындағы сайлау учаскелерінің бірінде өзінің "соққыға жығылғанын" да айтқан.
Саргсянның жақтастары басқарып отырған ОСК мен Армения республикалық партиясы оппозицияның айыптауларын жоққа шығарды. ОСК төрағасы Тигран Мукучян оппозициядан "айыптарын дәлелдейтін құжат я материал көрсетулерін" сұрады.
Жексенбі күні түнде Ереванның орталығында оппозицияны жақтайтын жүздеген адам ОСК кеңсесі алдында наразылық танытқан. Шеруді "Жарангутюн" партиясы мен "Жаңа Армения қоғамдық құтқару майданы" қозғалысымен байланысы бар өзге де оппозициялық топтар ұйымдастырған. Альянс желтоқсанның 1-інен бері Саргсянның отставкаға кетуін талап етіп, Ереванда наразылық шерулері мен өзге де акцияларды тәулік бойы тоқтатпастан өткізіп келеді.
АҰК (Армения ұлттық конгресі - ред.) мен оның жақтастары бүгін Еревандағы Азаттық алаңында шеру өткізуді жоспарлап отыр. "Біз алаңға көп адам шығады деп үміттенеміз" дейді Левон Зурабян. ОСК мәлімдемесінен бұрын баспасөз жиынын өткізген Зурабян "АҰК-ның ендігі іс-қимылы референдумның ресми нәтижесінен кейін белгілі болатынын" айтты.
Референдумға Армениядағы белсенділердің жүздеген өкілі де бақылау жасады. Бақылаушылар да дауыс беруде көптеген "заң бұзушылықтар болғанын" хабарлаған.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚҰЫ) сияқты халықаралық ұйымдар Арменияға бірді-екілі өкілін ғана жіберді. Бұл АҚШ пен Еуропа Одағының Армениядағы конституциялық реформаға қызықпауымен байланысты болуы мүмкін.
Еуропа Венеция комиссиясы бұған дейін Саргсянның конституциялық реформасына оң пікір білдірген. Комиссия реформаны "Арменияның демократияға өтуіндегі маңызды қадам" деп атаған.
АҰК, "Жарангутюн" партиясы мен реформаға қарсы басқа да топтар Саргсян конституцияға өзгерістерді 2018 жылы екінші әрі соңғы президенттік өкілеті аяқталған соң да билікте қала беру үшін ұсынып отыр дейді. Саргсян өткен жылы мұны жоққа шығарған мәлімдемесінде "егер Армения парламенттік басқаруға өтсе премьер-министр немесе парламент спикері болуға таласпайтынын" айтқан. Бірақ ол бұл мәлімдемесін көпшілік алдында қайтадан айту туралы талаптан бас тартқан болатын.