Ереванда жарылған автобуста көлік жүргізушісін қосқанда 10 адам болған, олардың екеуі жарылыстан қаза тапқан.
Жарылыстан соң Армения полициясының басшысы Владимир Гаспарян журналистермен әңгімеде автобуста жарылғыш зат болуы мүмкін деген жорамалды жоққа шығармаған. "Арменпресс" агенттігінің хабарлауынша, Гаспарян "жарылыс автобустың екінші қатардағы орындықтарында болған, ол жерде кім отырғаны анықталып жатыр" деген. Полиция басшысы жарылыстың газ не басқа жанармайдан шықпағанын айтқан.
Армения тергеу комитеті жарылыс болған маңды тексерген кезде ұялы байланыс картасы табылғанын хабарлады. Ол номер бұған дейін екі рет сотталған армениялық азаматқа тиесілі болған. Бүгін сол азаматтың тұрағын тінткен полиция ол жерден тротил жарылғыш затын, детонаторды және әртүрлі электр құралдарын тапқан. Тротил жұғыны жарылған автобус пен оқиға орнынан да табылған. Тергеушілер үйінен жарылғыш зат табылған азаматтың туыстарымен тұрмыс барысында керісіп қалып, оларды жармақ болғанын анықтағандарын айтады.
Автобус жарылғанда қаза тапқан екі адамның бірі күдікті азамат па, ол емес пе - әлі анық емес. Екінші адамның кім екенін белгілі болған. Қазір қаза тапқан екі адамның мәйіттеріне ДНК сараптамасы жасалып, олардың кім екенін анықтап жатыр. Қайтыс болған адамның бірі және жараланған 8 адам - бәрі де Армения азаматтары. Олардың да үйлерін тінткен полиция күдікті ештеңе таппағандарын, олардың жарылысқа қатысы жоғын айтады.
Ереванда автобус жарылған соң Армения президенті Серж Саргсян қалада қауіпсіздік шараларын күшейтуге пәрмен еткен.
Азаттықтың Армян қызметінің материалы.