Ресей президенті Владимир Путин Сириядағы Ресей әскерінің көбін шығаруды бұйырды. Наурыздың 14-і күні Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесуінде Путин «әскерилер алдарына қойылған тапсырманы толық орындады» деп мәлімдеді.
Сирияда Ресейдің 50-ден астам әскери ұшағы мен тікұшағы және оларды қорғайтын шағын құрлықтағы әскери бөлімі бар. Оған қоса Ресей ол елге әскери кеңесшілері мен Сирия армиясымен бірге әрекет ететін арнайы жасағын да жіберген. Бұдан бес айдан астам уақыт бұрын Путиннің бұйрығымен Сирияға Ресей әскерін кіргізуге негізгі себептердің бірі – «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобын жою екені айтылған
Ресей әскерінің Сириядағы соғыс қимылдарына араласуы халықаралық қауымдастық тарапынан әртүрлі бағаланған.
Кремльдің Сириядағы әскерінің көп бөлігін шығаруы нені білдіреді? Бұл әрекет Сирияда бейбітшілік орнықтыруға негіз бола ала ма? ИМ тобын жою міндеті орындалды ма? Ресейдің халықаралық жанжалдарға араласуына Қазақстанның көзқарасы қандай?
Осы және өзге де сауалдарға халықаралық қақтығыстар жөніндегі саясаттанушы маман Асхат Кеңесов жауап берді.