Таулы Қарабақтағы кейінгі қақтығыста Армения күштерінің бақылауындағы жерлерін қайтарып алған Әзербайжан 10 желтоқсан күні әскери парад өткізді. Оған алты апталық қақтығыста Әзербайжанға қолдау көрсеткен Түркияның президенті Режеп Тайып Ердоған да қатысты.
Парадқа үш мыңнан астам сарбаз, 150 әскери техника жұмылдырылды. Олар Баку көшелерімен жүріп өтті. Ұшақтар әуеден Әзербайжан туын бейнелесе, әскери кемелер Баку айлағы төңірегіндегі маневрлар жасады.
Қақтығыс Ресейдің араағайындығымен қараша айында аяқталды. Келісім бойынша Әзербайжан осыған дейін Армения бақылауында болып келген жеті ауданын және Таулы Қарабақ жерінің бір бөлігін өз бақылауына алды, Армения жерінен Нахичеван анклавына жол ашатын дәліз беріледі. Әзербайжандықтар мұны жеңіске балап, әскери парадты сол үшін өткізіп отыр.
Әзербайжан жақтан да, Армения жақтан да елдімекендер артиллериялық шабуылға ұшырады. Салдарынан көптеген адам қаза тапты.
Үшжақты келісімге сәйкес, Таулы Қарабақтың бір бөлігі, соның ішінде ірі қаласы Степанакерт Армения бақылауында қалады. Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзербайжан жері саналады, бірақ жергілікті халықтың басым бөлігін құрайтын этникалық армяндар Әзербайжан билігін мойындамайды.
Бітім 1990 жылдары қоныс аударуға мәжбүр болған әзербайжандықтарға үйіне оралуға мүмкіндік берді. Бірақ есесіне ол жерден қазір этникалық армяндар көшіп жатыр.
ПІКІРЛЕР