Accessibility links

Тұйыққа тірелген Әзербайжан Исмаилованы босата ма?


Азаттықтың Әзербайжан қызметінің журналисі Хадиджа Исмаилова (ортада). Баку, 18 ақпан 2014 жыл.
Азаттықтың Әзербайжан қызметінің журналисі Хадиджа Исмаилова (ортада). Баку, 18 ақпан 2014 жыл.

Түрмеде отырған әзербайжан журналисі Хадиджа Исмаилова жақын арада босатылуы ықтимал.

Азаттықтың Әзербайжан қызметінің «салықтан жалтарды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған тілшісі Хадиджа Исмаилованың кассациялық шағымы бүгін осы елдің жоғарғы сотында қаралады.

Сот отырысы Әзербайжанның Республика күніне үш күн қалғанда өтпек. Әзербайжан президентінің зайыбы, парламент депутаты Мехрибан Әлиеваның бастамасымен осы мерекеге орай елде жаппай амнистия жарияланған. Соның арқасында жеңіл қылмыс жасап, сотталған үш жарым мыңға жуық адам түрмеден босатылмақ. Исмаилованың айыбы «жеңіл қылмыс» қатарына жатпаса да, түрлі факторлардың әсерімен оның да босатылуы мүмкін.

РАҚЫМШЫЛЫҚ

Президент наурыз айында 14 саяси тұтқынға, соның ішінде адам құқықтарын қорғаушы белсенді Расул Жафаров пен N!DA демократиялық жастар қозғалысының мүшелеріне рақымшылық жасаған. Он бесінші тұтқын – адам құқықтарын қорғаушы заңгер Интигам Әлиев рақымшылық жарияланғаннан екі аптадан соң бостандыққа шықты.

Оның үстіне, Батыс елдері үкіметтері мен халықаралық баспасөз бостандығын қорғаушы ұйымдар Хадиджа Исмаилованы босатуды талап етіп, Бакуге қысымды күшейтіп келеді. Кассациялық шағымы қанағаттандырылмаса, журналист Еуропаның Адам құқықтары сотына шағымданбақ, онда әйгілі адвокат Амаль Клуни оның атынан өкілдік етуі мүмкін.

Молдова белсенділері Кишиневтегі Әзербайжан елшілігі алдында Хадиджа Исмаиловаға шыққан сот үкіміне наразылық акциясын өткізіп тұр. 2 мамыр 2015 жыл.
Молдова белсенділері Кишиневтегі Әзербайжан елшілігі алдында Хадиджа Исмаиловаға шыққан сот үкіміне наразылық акциясын өткізіп тұр. 2 мамыр 2015 жыл.

Бірақ Хадиджа Исмаиловаға рақымшылық жасау мәселесінде президент Ильхам Әлиев екі ойлы болып отырған тәрізді. Оның себебі – Исмаилова бостандыққа шықса, элитаны сынауын үдете түсуі ықтимал.

Әзербайжандағы қоғамдық процестерді білетін сарапшылардың айтуынша, Страсбург соты «саяси себеппен сотталған» деп танығанына қарамастан, ел билігі оппозиция лидері Ильгар Маммадовты (Орыс тілді баспасөзде Ильгар Мамедов те жазылады – ред.) да осы себеппен босатпай отыр.

Әзербайжанның Еуропа Одағындағы елшісі қызметін атқарған, шетелге кетіп, үкіметті ашық сынап жүрген Ариф Маммадов:

- Басшылық қандай жолмен болса да Ильгар мен Хадиджаны түрмеде ұстауға тырысып келеді. Бұл адамдар режимге қауіп төндіреді және мұны режим жақсы біледі. Олар Хадиджа мен Ильгардың бостандыққа шығысымен күресті қайта жалғастыратынын да болжап отыр. Екеуі де біршама халықаралық ықпалы бар танымал адамдар. Оларды босатудың кешеуілдеуіне таңғалуға болмайды, - дейді.

Исмаилова Әзербайжандағы Әлиев отбасының жемқорлық пен сыбайластық әрекеттерін зерттеп, Азаттықтың Әзербайжан қызметіне алғашқы материалдарын 2010 жылы жариялай бастаған еді. Бұл кезде мұнай саудасынан ондаған миллиард доллар табыс түсіріп отырған Әзербайжандағы режим Бакуде өтуі тиіс Eurovision-2012 ән байқауына арнап, 134 миллион долларлық сарай салдырып жатқан.

Хадиджа Исмаилова сотта тұр. Баку, 15 қараша 2015 жыл.
Хадиджа Исмаилова сотта тұр. Баку, 15 қараша 2015 жыл.

ТОҚЫРАҒАН ЭКОНОМИКА

Исмаилованы бостандыққа шығару мәселесін қарағанда құлдыраған экономиканың ахуалы да ескерілетін болады.

Исмаилова тұтқындалған 2014 жылғы желтоқсанның 5-і күні мұнай өндірісі шарықтау шегіне жеткен аста-төк заман болатын. Содан бергі бір жарым жылдың ішінде экономиканың даму қарқыны бәсеңдеп, мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмендеп кетті. Әзербайжан үкіметі алтын-валюта қорындағы 10 миллиард долларды жұмсады, ал ұлттық валюта – манаттың долларға шаққандағы бағамы былтыр екі есе құлдырады. Кейбір сарапшылар қаржылық хаос қаупінен қорыққан үкімет саяси тұтқындарға жаппай рақымшылық жасап жатыр дейді.

Мәселен, осыдан екі ай бұрын жарияланған амнистия ресми түрде Наурыз мерекесіне орайластырылғанымен, дәл сол кезде президент Ильхам Әлиев АҚШ президенті Барак Обамадан ядролық саммитке шақыру күтіп отырған, оның үстіне Әзербайжан несие алу мәселесі бойынша Дүниежүзілік банкпен келіссөз жүріп жатқан еді.

Әзербайжандағы жекеменшік «Тұран» ақпарат агенттігінің басшысы Мехман Әлиевтің айтуынша, бірнеше жыл бойы халықаралық қауымдастықтың пікіріне құлақ аспай келген президент қазір Батыстың қаржылық қолдауына мұқтаж. Осындай қысылтаяң сәтте көптеген өзге мәселелермен қатар Хадиджа Исмаилованы босату жайы да «саудаға» түсіп жатса керек. Ондай мәселелер арасында өткен айда қайта тұтанып кеткен Таулы Қарабақ жанжалы да бар.

ЮНЕСКО-ның қайырымдылық елшісі Кристин Аманпур "#Хадиджа босатылсын" деген плакат ұстап тұр.
ЮНЕСКО-ның қайырымдылық елшісі Кристин Аманпур "#Хадиджа босатылсын" деген плакат ұстап тұр.

- Меніңше, келіссөздер қарқынды түрде жүріп жатыр, үкімет те соған сәйкес әрекет жасап отыр. Исмаилованың босатылуы ауқымдырақ мәселелердің – экономикалық дағдардыстан шығу, Қарабақ қақтығысы, аймақтық қауіпсіздік және тағы басқа жайттардың бір бөлігі ғана. Әзербайжан үкіметі Батыстан несие түрінде қолдау күтіп отыр. Әзірге ешқандай нақты шешім жоқ, - деді М.Әлиев.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ҮНІН ӨШІРУ ӘРЕКЕТІ

АҚШ қолындағы ықпалды тетіктің бірі – Әзербайжандағы демократия туралы заң жобасы. Конгресс бұл заңды қабылдаған жағдайда Әзербайжанның жоғары шенді басшылары мен олардың отбасы мүшелерінің АҚШ-қа кіруіне тыйым салынады.

Хадиджа Исмаилованың ісіне тікелей қатысы бар бұл заң жобасы былтыр желтоқсанда ұсынылған. Содан бері Вашингтон мен Баку арасында келіссөздер жүріп жатыр. Қуғын көрген соң Еуропаға кетіп қалған бұрынғы елші Ариф Маммадовтың айтуынша, санкцияға ілігуден қауіптенген Әзербайжан келіссөзге дайын екенін бірден мәлімдеген.

Билік өкілдері Хадиджа Исмаилова мен Ильгар Маммадов бостандыққа шыққан соң, олардың қоғамдық қызметпен айналысуына тосқауыл қою жағын ойластырып жатқан тәрізді. Исмаилова босатылған жағдайда шетелден баспана сұрамайтынын және егер елге кіру құқығынан айыратын болса онда ондай рақымшылықтан бас тартатынын бірнеше рет мәлімдеген.

Бакудегі «Шығыс-Батыс» зерттеу орталығы жетекшісі, саяси сарапшы Арастун Оруджлудың айтуынша, олардың болашағы туралы жоспар жасап алмайынша, үкімет екі тұтқынды да босатпайды.

- Меніңше, үкімет Ильгардың да, Хадиджаның да бостандыққа шыққаннан кейінгі әрекеттерін шектеу жайын ойластырып жатыр, үкімет оларды сол шартпен ғана босатады. Мүмкін үкімет олардың абақтыдан шыға сала елден кеткенін қалайтын болар. Бәлкім олар Хадиджа мен Ильгардың сыртқа шыққан соң белсенді болмауына күш салатын шығар. Үкіметтің не ойластырып жатқанын тап басып айту әзірге қиын, - дейді сарапшы.

ҚОҒАМ ҚАРСЫЛЫҒЫ

Ал қоғамның қарсылығы барған сайын күшейіп барады. Исмаилова әлемдегі қысым көрген журналистердің арасындағы ең танымал тұлғалардың біріне айналған.

Халықаралық баспасөз бостандығы күні – мамырдың 3-і Хадиджа Исмаиловаға ЮНЕСКО-ның Гильерма Кано сыйлығы берілді. Сыйлықты Хельсинкиде өткен салтанатты жиында Хадиджаның анасы алды. Наурыз айында Тhe Washington Post басылымында жарық көрген мақаласында Исмаилова Әзербайжан президенті Әлиевтің «түрмедегілерді босатып, Вашингтонды алдаусыратып жатқанын» айтқан.

Хадиджа Исмаилованың анасы (оңнан санағанда екінші) қызының ЮНЕСКО-ның Гильермо Кано сыйлығын алар алдында Финляндияның бұрынғы президенті Тарья Халоненмен сөйлесіп тұр. Хельсинки, 3 мамыр 2016 жыл.
Хадиджа Исмаилованың анасы (оңнан санағанда екінші) қызының ЮНЕСКО-ның Гильермо Кано сыйлығын алар алдында Финляндияның бұрынғы президенті Тарья Халоненмен сөйлесіп тұр. Хельсинки, 3 мамыр 2016 жыл.

«Кейбір саяси тұтқындардың бостандыққа шыққанына қатты қуандым. Бірақ мен Баку мен Вашингтон арасындағы дипломатияға септесетін ойыншық бола алмаймын. Түрме ішінде болсақ та, сыртында болсақ та, біз – режимнің тұтқынымыз» деп жазды Хадиджа Исмаилова.

Артынша The New York Times жариялаған редакциялық мақалада басылым ЮНЕСКО басшылығын Әзербайжанның бірінші ханымы Мехрибан Әлиеваны «ізгі ниет елшісі» атағынан айыру мәселесін қарастыруға шақырды.

Түрмеде отырып шыққан саяси тұтқын Жафаров құрған «Құқық жолындағы спорт» ұйымы ірі халықаралық спорт шараларын ұйымдастыруға құмар Әзербайжан үкіметіне спорт жарыстары арқылы қысым жасатуға тырысып жатыр. Жақында бұл ұйым Formula One әкімшілігінен келесі айда өтетін Гран-при жарысының қарсаңында Әзербайжандағы саяси тұтқындар мәселесін көтеруді сұрады. Мұнымен қоса, бұл ұйым мамырдың 27-сі - Хадиджаның 40 жасқа толған туған күнінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі 40 елде наразылық шараларын өткізуге мұрындық болды.

Алайда Әзербайжан парламентіндегі халықаралық қатынас комитеті төрағасы Самат Саидов атқарушы үкіметке жасалған халықаралық қысым елдің сот жүйесіне ешқандай ықпалы етпейтінін мәлімдеді.

- Сырттан жасалған қысымның нәтижесі болмайды. Оның үстіне, тәуелсіз елдің ішкі ісіне араласу дұрыс емес. Себебі қысым күшті болған сайын мемлекеттің қуаты да әлсіз болады, - деді Саидов.

Дейзи Синделардың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG