Лейла Юнус - ой еркіндігі үшін берілетін Сахаров атындағы сыйлыққа үміткер. Еуропа парламенті қазанның 21-і күні финалға шыққан үш белсендіні дауысқа салып, жеңімпазды атайды. Юнустың қорғаушылары мен отбасы «бұл жүлде оның еркіндікке шығуына жақсы мүмкіндік болар еді» деседі.
Бүгін Еуропа парламент жыл сайын табысталатын Сахаров атындағы «Ой еркіндігі үшін» жүлдесіне үміткер таңдауды 17-рет өткізеді. Жеңімпаз белсенді 50 мың еуро (64 мың доллар) алып, әлемнің ең танымал құқық қорғаушылары клубына мүше болады.
САХАРОВ ЖҮЛДЕСІНІҢ ПАЙДАСЫ
Лейла Юнус жүлде алса, жеңісі Әзербайжанның сот жүйесіне қысым жасауға мүмкіндік беретін еді. 58 жастағы белсендіге «мемлекетке опасыздық жасады, тыңшылықпен айналысты» деген айып тағылды. Жақтастары «оның бәрі – жалған, әдейі ұйымдастырылған шара» дейді.
Бакудегі Бейбітшілік және демократия институтының төрайымы, үкіметті ашық сынайтын белсенді Лейла Юнус үш айдан бері уақытша қамау абақтысында отыр. Қант диабетімен ауыратын белсенді өзін ұрып-соққанын, медициналық көмек көрсетпегенін айтады.
Қазанның 20-сы күні билік қысымды күшейтіп, Юнусты ұлттық қауіпсіздік министрлігінің (ҰҚМ) тергеу абақтысына ауыстыруға шешім қабылдады. ҰҚМ абақтысында тұтқындарды азаптау мен басқа да мәжбүрлеу әрекеттері қолданылатыны белгілі. Лейла Юнустың жұбайы, 59 жастағы танымал тарихшы және белсенді Ариф Юнус та сол қамау абақтысында отыр. Оған да сондай айыптар тағылған.
Жақтастары «Юнусты одан әрі оқшаулау үшін аяқ астынан басқа абақтыға ауыстырды» дейді. Қазір оның қамаудағы уақытын созу туралы мәселе қарастырылып жатыр. Тұтқынға қатысты істі тыңдау осы аптада өтпек, бірақ нақты уақыты әлі белгісіз.
Заң бойынша қауіпсіздік министрлігінің өкілдері тұтқынды басқа жаққа ауыстырмай тұрып себебін түсіндіруге тиіс. Бірақ Юнустың қорғаушысы Алаиф Гасановтың айтуынша, оған алдын ала ескертпеген. «Ресми өкілдер екеуімізге де ескертуі керек еді, басқа жерге ауысатын адам себебін білуге тиіс. Олардың түсініктемесіне қарап қоныс ауыстырудың қаншалықты саналы әрі жедел өткенін саралаймыз. Бірақ олар еш түсініктеме бермеді» дейді адвокат.
Сахаров атындағы сыйлық – Еуропадағы ең танымал жүлделердің бірі, бірақ Әзербайжан билігінің оны қалай қабылдарын білмеймін.Қорғаушы Халид Багиров.
Юнусты қорғаушылар министрлік абақтысында азық-түлік пен дәрі-дәрмекке қатаң тыйым салатынын ескеріп, оның денсаулығына қауіп төніп тұр деп алаңдайды. Қорғаушы Халид Багиров Еуропа парламенті жүлдені Лейлаға табыстаса, Бакудегі билік сақтанар еді деп үміттенеді. «Сахаров атындағы сыйлық – Еуропадағы ең танымал жүлделердің бірі, бірақ Әзербайжан билігінің оны қалай қабылдарын білмеймін. Егер ол осы сыйлықты иеленсе, бостандыққа шығар деп үміттенемін» дейді Халид Багиров.
Елдегі сыбайлас жемқорлық, отбасындағы зорлық-зомбылық, заңсыз қудалау сияқты заңсыздықтарды әшкерелеп келген Лейла Юнус Әзербайжан билігіне талай рет қарсы шықты. Бірақ оған қазір Армения мен Әзербайжан арасындағы дипломатияны дамытпақ болғаны үшін «Арменияның тыңшысы» деген айып тағып отыр. Сот айыпты дәлелді деп тапса, Юнусқа ең ауыр жаза – 15 жылдан бастап өмір бойы түрмеде отыру жазасы кесіледі.
ӘЗЕРБАЙЖАНДАҒЫ САЯСИ БЕЛСЕНДІЛЕР
Ерлі-зайыпты Юнустарды тұтқындаған кезең Әзербайжанда репрессияның күшейген сәтіне тұспа-тұс келіп тұр. Журналистер, заңгерлер мен басқа да сарапшылар үкіметті сынап жатыр. Соңғы айда президент билік өкілдері кем дегенде 11 белсендіні ұстап, саяси айып тақты. Оның үстіне Әзербайжан осы жылдың мамыр айынан бері Еуропа кеңесінің министрлер комитетіне төрағалық етіп жатыр.
Қорғаушылар тобы Юнустарға қарсы істі сынайды. Қазанның 18-і күні жариялаған баспасөз мәлімдемесінде Human Rights Watch биліктен ерлі-зайыптыларды дереу босатуды талап етіп, оларға тағылған айыпты жоюды сұрап, «Әзербайжан үкіметі жалған айып тағып, олардың үнін өшірмек, бұл тіпті сайқымазақтың ойыны тәрізді» деп мәлімдеді.
Тұтқындалғаннан бері жұбайына бірнеше ашық хат жазған Лейла Юнус үкіметтің кампаниясы туралы ашына айтады. Жүрегі дімкәс жолдасын енді көрмей қаламын ба деген үрейін білдіреді. Ол министрліктің абақтысына ауысар алдында жазған хатында: «Олардың мақсаты талқандау ғана емес, дөрекі күш көрсетіп, азаптау, қорлау, солайша сұмдық азаптап құтылу үшін өлімді аңсайтындай халге жеткізу екенін анық түсіндім. Демек, біздің жұмысымыз ең жоғары деңгейде жоғары бағаланған деген сөз» деп жазды.
Халықаралық қауымдастық әдетте Бакудегі жағдайды жеңіл сынап, Әзербайжан энергетикалық байлығын шетелдегі ықпалын арттыру үшін пайдаланады деумен тынады. Бірақ адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот пен «Кен саласындағы жариялылықты арттыру бастамасы» ұйымы ғана Әзербайжан билігіне қатаңдық танытты. Әуелгісі қазанның 11-і күні Юнустардың тұтқындалуын ерекше мәнге ие іс деп таныса, екінші ұйым қазанның 11-і күні «Әзербайжан 2015 жылдың басына дейінгі азаматтық қоғам стандартына шолу жасасын» деп бұйырды.
Сахаров атындағы сыйлық Әзербайжан үкіметіне қарсы тұруға көмектесер еді.Ерлі-зайыпты Юнустардың қызы Динара.
Юнустардың Нидерландыдан саяси баспана алған қыздары Динара қазір Амстердамда тұрады. Ол Сахаров атындағы сыйлық Әлиев режиміне қарсы шығуға қосымша күш береді деп сенеді. «Оның (Лейла Юнустың) қазіргі жағдайына ықпал етеді және әлемге Әзербайжандағы шынайы жағдайды көрсетеді, ондағы саяси тұтқындардың көптігін жариялайды. Егер ол сыйлықты алмаса, Еуропарламенттің қолдауына ие болмай ма деп қорқамын. Сахаров атындағы сыйлық Әзербайжан үкіметіне қарсы тұруға көмектесер еді» дейді Динара.
Еуропа парламентінің Жасылдар партиясы фракциясы ұсынған Лейла Юнус басқа үміткерлермен салыстырғанда мүмкіндігі аз деп саналады. Сахаров атындағы сыйлыққа онымен қатар Еуромайдан наразылық қозғалысы белсенділері және Конгодағы жыныстық қорлыққа қарсы күрескен дәрігер Дени Муквеге де үміткер.
Сахаров жүлдесін алған соңғы екі үміткердің тағдыры сыйлық иегерлерінің өз елінде жағдайы жақсарып кетпейтінін көрсетті. 1990 жылы Сахаров атындағы сыйлықты иеленген бирмалық оппозиция басшысы Аун Сан Су Чжи жүлдесін 20 жылдан кейін үйқамақтан босаған соң ғана алды.
Беларусь журналистері қауымдастығы, Иран заңгері Насрин Сотудех пен Сахаровтың өзі құрған «Мемориал» қоры сияқты басқа да сыйлық иегерлері әлі күнге дейін билік тарабынан қудаланып келеді.
Шахназ Бейляргизи мен Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.