Accessibility links

Жас кинематографтардың алғашқы «Байқоңыры»

17-18 қыркүйек күндері Алматыда жас кинематографтардың қысқа метражды фильмдерінің алғашқы кинофестивалі өтті. «Байқоңыр» деп аталған бұл шараның «Еуразия» және «Бастау» халықаралық кинофестивальдерінен ерекшелігі - тәуелсіз, мемлекеттен ешқандай көмек алмайды. Фестивальді отандық кино туралы жазатын brod.kz веб-порталы шағын бюджетке ұйымдастырған. Жеңімпаздар 10 номинация бойынша марапатталды, бірақ ешкімге қаржылай сыйлық берілмеді.

Фестивальге қатысуға 202 өтініш түскен. Олардың арасынан 38 фильм таңдап алынған. Ол фильмдердің кейбірі деректі, бірі - анимациялық. Бірнеше жанрда түсірілген бұл туындылар «Көктөбе» ойын-сауық паркінде көрсетілді.

Гран-при жүлдесін Шарипа Оразбаеваның «Картофель жегіштер» (Едоки картофеля) фильмі алды. «Байқоңыр» байқауының дипломын алған фильм енді халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің қысқа метражды фильмдер секциясына қатысады.

XS
SM
MD
LG