Accessibility links

Беларусьтен Киевке қашқан саяси босқындар қалай өмір сүріп жатыр?


Киевтегі митинг.
Киевтегі митинг.

Беларусь билігі даулы президент сайлауынан кейін болған наразылықтарды басып-жаншыған соң, жүздеген мың адам елден кетуге мәжбүр болған. Олардың көбі Украинаға қашты. Шекара қызметінің дерегінше, 2020 жылдың тамызынан бері Украинаға 150 мыңнан астам беларус барған. Босқындардың арасында IT мамандар, дәрігерлер, журналистер, музыканттар және белсенділер бар. Олар саяси қуғынға түсуден қорқып, еліне қайтқысы келмейді. Ал Украинада заңды мәртебе алу қиын болғандықтан, көбі Латвия мен Польшаға кету үшін Киевті уақытша паналап отыр.

МАНСАБЫН ҚАЙТА БАСТАУҒА МӘЖБҮР

Алексей Барковский Окрестинадағы түрмеде қамауда болған. Одан шыққан соң қайта қуғынға түсуден қауіптеніп, бірнеше ай бұрын Киевке көшкен. Минскіде жеке емханасы, жақсы табысы болған стоматолог-хирург Киевте жалдамалы пәтерде тұрып, мансабын қайта бастауға мәжбүр.

"Шынымен жұмысымды сағынамын. Революцияға дейін өмірімнің басым бөлігін (жұмысқа) арнайтынмын. Одан кейін өмірімнің бәрін революция алатын болды" дейді ол.

Алексей Беларусьте өткен наразылық акцияларының ешбірінен қалмаған. Бірақ бір жыл өтсе де, сақтаулы тұрған видеоархивті қайта қарай алмайды.

"Сол кезде не сезінгенің есіңе түсе бастайды. Бұл жерде "ләззат" деген сөз дұрыс келер. Бұл бірлесу, ниеттес болу еді. Бірақ сосын одан кейінгі жағдайлар да ойыңа келеді. Қазір болып жатқан оқиғалар. Сол үшін [архив видеоларын] көру ауыр тиеді" дейді көзіне жас алған Алексей Барковский.

Оның Киевтің шетіндегі жалдамалы пәтерінде ақ-қызыл ту тұр. Алексей осы туды ұстап репрессия кесірінен елден кеткен басқа да беларустармен апта сайын Тәуелсіздік алаңында өтетін ниеттестік акциясына барады.

"Біреу аңдып тұр деп ойламайсың. Терезеге қарайламайсың. Ең бірінші бақыт осы болды. Автобус бағдарына қарамай, форма кигендерден қорықпай жүруім үшін екі ай кетті" дейді ол.

Беларустардың Киевтегі ниеттестік акциясы. 21 ақпан 2021 жыл.
Беларустардың Киевтегі ниеттестік акциясы. 21 ақпан 2021 жыл.

"ЫҚТИЯРХАТ АЛУ ҚИЫН"

Киевке кеткен босқындардың көбі психологиялық күйзеліс пен үрей туралы айтады. Александр Счастный қарашадан бері 11 жастағы ұлы Германмен Украинада тұрады. Әйелі Иринаны пәтерінен ұстап әкеткен. Содан кейін олар Беларусьтен бірден кетіп қалған.

"Бәрі Германның көз алдында болды. Бәрі есінде. Мұны есіне алғысы келмейді. Мамасын сол кезде соңғы рет көрді" дейді Александр Счастный.

Беларусьтегі бірнеше танымал телеграм-каналдың редакторы болған Ирина Счастная қазір Могилевтегі тергеу изоляторында отыр. Оны жаппай тәртіпсіздік жасауға қатысты деп айыптап, төрт жылға бас бостандығынан айырған. Сот шешімі әлі күшіне енбеді. Күйеуі мен ұлы шағым түсірмек, бірақ үкімді жеңілдетеді деген үміт жоқтың қасы.

Герман Украинаға үйреніп қалған. Жергілікті мектепте онлайн оқиды. Үйін, әсіресе, тек хат алмасып отырған анасын сағынады.

"Ира ең алдымен бізді алаңдайды. Германды ойлайды. Оның халін үнемі сұрайды. Ата-анам қалай, әкем қалай дейді. Ира ұсталған кезде әкесінен қатерлі ісік анықталған" дейді Александр Счастный.

Ол ұлы екеуі Украинада ықтиярхат алуға тырысып жүр. Бірақ босқын мәртебесін алу мүмкін еместей көрінеді. Беларустар Украинада тек 180 күн тұра алады. Одан кейін заңды негіз керек. Сондықтан көбі Киевке тоқтап, ары қарай Польша немесе Латвияға кетеді.

Беларусь елшілігінің алдында өткен ниеттестік акциясында бір әйел оппозиция журналисі Роман Протасевич пен София Сапеганың суретін ұстап тұр. 25 мамыр 2021 жыл.
Беларусь елшілігінің алдында өткен ниеттестік акциясында бір әйел оппозиция журналисі Роман Протасевич пен София Сапеганың суретін ұстап тұр. 25 мамыр 2021 жыл.

"ӨМІРІҢДІ ҚАЙТА БАСТАЙСЫҢ"

Наста Базар Украинадағы беларусьтердің әлеуметтенуіне көмектесетін арнайы орын ашқан. Босқындар сол жерде кездесіп, жұмыс істеп, ақпарат алмаса алады. Тіпті, балаларын тәрбиешілерге қалдыруға да мүмкіндік бар.

"Екі баланың анасы ретінде балалар үнемі ата-анасының жанында бола алмайтынын түсінемін. Бір-біріне кедергі де келтірмеу керек. Мына жерде диван, жұмсақ жиһаз қоямыз, қабырғаларға сурет салғымыз келеді" дейді ол.

Наста Беларусьтен жырақта ұзақ уақыт жүргісі келмейді. Наразылық акцияларынан кейін ол балаларын алып, демалып келу үшін екі аптаға Киевке барған. Сол кезде оның Минскідегі белсенді құрбыларын ұстап әкеткен. Наста басын қатерге тікпей, еліне қайтпауды шешкен. Эмиграцияның ұзаққа созылатынын ол енді ғана сезінгендей.

"Жоспар құра алмаймыз, ең ауыры да осы. Эмоция көп. Қашан қайтатынымызды білмейміз. Сондықтан осы жерде, қазіргі күнмен өмір сүру керек. Өміріңді қайта бастайсың" дейді Наста.

"БЕЛАРУСЬТЕ ҚАЛУ ҚАУІПТІ ЕДІ"

Денис пен Павел – "Разбитое сердце пацана" музыкалық топтың мүшелері. Бірнеше ай бұрын Минск көшелерінде ән салып жүрген жігіттер бүгінде Киевте жаңа альбомын шығаруға дайындалып жүр.

Жігіттердің Беларусьтегі соңғы концерті ақпанда өткен. Концерт кезінде ғимаратқа полиция жасағы басып кіріп, ақ-қызыл тумен түскен сурет үшін оларды 15 күнге қамап қойған.

"Тіркелмеген символиканы пайдаланып заңсыз бұқаралық шараға қатысу. Яғни, ту себеп болып тұр. Кінәміздің дәлелі – фото. Бірақ сол уақытта біз басқа бір жерде болдық, шығып кеткенбіз. Суретте біз жоқпыз да. Соған қарамастан қамауда болдық" дейді Павел Городницкий.

Содан кейін Минскінің қалалық атқарушы комитеті себебін түсіндірместен топтың концертіне үш рет тыйым салған. Музыканттар Беларусьте енді концерт қоя алмайтынын түсінген. Қайта ұсталудан қорыққан Денис пен Павел Киевке кетіп қалған.

"Маңызды тақырыптарға ән шығарып, интернетке сала алмайсың. Себебі сені бірден тауып алады. Ол жақта қалудың өзі қауіпті еді. Күн сайын дүкенге шыққанның өзінде үйіңе қайтып келетініңе сенімсіз боласың" дейді музыканттар.

Топтың тағы екі музыканты – басист пен барабаншы Минскіде қалған. Сондықтан қазір Денис пен Павел Украинада Беларусьтегі оқиғалар желісімен Киевте жазылған әндерді айтып жүр.

"Жодинодағы тергеу изоляторына апара жатқанда милиция жасағы мүшесінің бірі өзі қамаған қызға ғашық болып қалды. Түрмеге бара жатқан екі жарым сағат бойы оның телефон нөмірін сұраумен болды. Оның аты Олеся еді. Деректі оқиға дерсің" дейді ол.

"Олеся" әні күзде Украинада шығатын жаңа альбомға кіреді. Бірақ Денис пен Павел топтың толық құрамымен Беларусь алаңдарында концерт бергісі келеді. Әзірге ол жаққа екі музыкантқа да, жүздеген мың босқынға да жол жабық.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG