Accessibility links

Беларусьте жүздеген демонстрант қамауға алынды


Наразылық танытушылардың қолын қайырып әкетіп бара жатқан беларусьтік арнайы қызмет өкілдері. Минск, 3 шілде 2011 жыл
Наразылық танытушылардың қолын қайырып әкетіп бара жатқан беларусьтік арнайы қызмет өкілдері. Минск, 3 шілде 2011 жыл

Шілденің 3-і жүздеген адам үкіметке қарсы наразылық шарасына шыққасын кем дегенде 400 адам қамауға түскен. Олардың ішінде Азаттық радиосы Беларусь қызметінің журналистері де бар.


Минскіде орналасқан "Вясна" адам құқықтарын қорғау орталығының хабарлауынша елдің астанасы мен Брест, Гомель, Могилев сияқты ірі қалаларда Алексангдр Лукашенконың режиміне бейбіт қарсылық көрсеткен кем дегенде 400 адамға 2 және 15 тәулік арасында қамауға алыну туралы жаза кесілген. Олардың кейбіреуіне бір миллион беларусь рублі (200 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салыныпты. Жергілікті журналистер одағының мәлімдеуінше, 25 журналист әлі қамауда.

Бұл адамдар шілденің 3-і көшелерге шығып, қолдарын соғу арқылы саяси режимге деген наразылықтарын білдірмек болған. Бұл іс-шараны ұйымдастырған - жергілікті "Әлеуметтік желілер арқылы революция жасау" деп аталатын оппозициялық белсенді топ. Топ белсенділері Беларусьтің тәуелсіздік күні бейбіт түрде көшеге шығып қол соғу арқылы наразылық білдірмек болған.
Лукашенко режиміне наразылық танытушылардың бірі. Минск, 3 шілде 2011 жыл

Куәгерлердің айтуынша полиция демонстранттарды жас ағызатын газбен атқылай жөнелген, ал жай киім киген офицерлер оларды қоңыр түсті көлікке тиеп әкетіп отырған.

Беларусьтің мемлекеттік телеарнасының айтуынша наразылық танытушылар "қоғамдық тәртіпсіздік туғызып, рұқсат етілмеген демонстрацияға қатысқаны үшін" жауапқа тартылмақшы. Осындай қарсылық таныту әрекеті туралы Гродна қаласынан репортаж дайындап жүрген Азаттық радиосы Беларусь қызметінің журналисі Михал Карниевич те қамауға түсіп, босатылды. Шілденің 6-ы күні оны да сотқа тартпақ.

Наразылық шарасы туралы хабар бергені үшін "ақпаратты бұрмалады" деген желеумен сотталып та үлгірген журналистер бар. Мысалы, шілденің 5-і күні польшалық Gazeta Wyborcza басылымының беларусьтік тілшісі Андрей Почобут дәл осындай айып тағылып, үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды.

Беларусьтегі журналистің босатылуы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00
Жүктеп алу


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

ЕҚЫҰ және Еуропа одағы Беларусьтегі демонстранттарды күшпен тарату әрекетін бірден айыптап шықты. Шілденің 5-і күні таратқан мәлімдемесінде ЕҚЫҰ былай дейді: "Өздерінің азаматтық бостандықтарын пайдалану арқылы бейбіт демонстрация өткізбек болған отандастарына күш қолданған Беларусь билігінің әрекетіне қатты алаңдап, өкініш білдіреміз".

ЕҚЫҰ-ның қазіргі басшысы Аудрониус Азубалис Минскіні қамауға алынғандарды бірден босатуға шақырды. Еуропа парламентінің президенті Ежи Бузек те дәл осындай талап-тілек білдірді.
Тәуелсіздік күні мерекелік шеруді тамашалап тұрған Беларусь президенті Александр Лукашенко. 3 шілде 2011 жыл

Бұрынғы совет республикасын соңғы 17 жыл бойы билеп келе жатқан Александр Лукашенко былтыр желтоқсан айында жаппай наразылық таныту шараларына қарамастан президент болып қайта сайланған еді. Сол жолы елдегі ондаған оппозициялық белсенді қамауға алынып, Лукашенкоға саяси бәсекелес болған, бұрынғы дипломат Андрей Санников 4 жылға бас бостандығынан айрылған болатын.

"Әлеуметтік желілер арқылы революция жасау" тобы бұл жолы наразылық акцияларын жалғастыра беретінін мәлімдеп отыр. Оппозициялық топтың таратқан мәлімдемесінде былай деп жазылған: "Лукашенко тұтас халықты қорқытып-үркіте алмайды... Бұл әрекет бейбіт наразылық таныту шараларын тоқтата алмайды. Біз өлместің күнін көру немесе айлығымызды 20 долларға көбейту үшін емес, бостандық алу үшін күресіп жатырмыз".
XS
SM
MD
LG