Accessibility links

Брюссель үрейден арылмай тұр


Брюссельдегі метрода өзін жарып жіберген Халид Бакрауи мен әуежайда жарылыс ұйымдастырған Ибрахим Бакрауи.
Брюссельдегі метрода өзін жарып жіберген Халид Бакрауи мен әуежайда жарылыс ұйымдастырған Ибрахим Бакрауи.

Брюссель тұрғындары әуежай мен метродағы жарылыстан соң ес жиып, қалыпты өмірге оралып жатыр. Ел полициясы террорлық актілерді ағайынды жанкештілер ұйымдастырғанын хабарлады.

Бельгия федералдық прокуроры Фредерик Ван Лииу Брюссельдегі Завентем әуежайында жарылыс ұйымдастырған Ибрахим Бакрауидің компьютерге хат жазып қалдырғанын хабарлады. Наурыздың 22-сіндегі жарылысты «Ислам мемлекеті» (ИМ – Қазақстанда тыйым салынған топ) террористік ұйымы мойнына алды. Соңғы мәлімет бойынша, терактілерден 34 адам қаза болған.

АҒАЙЫНДЫ ЖАНКЕШТІЛЕР

Федералдық прокурордың айтуынша, Ибрахим Бакрауидің інісі Халид Брюссельдің орталығындағы Маальбек бекетінде, метро вагонында өзін жарып жіберген.

- [Метродағы] жанкештіні саусақ іздері бойынша анықтадық. Ол – 1989 жылы қаңтардың 12-сі күні Брюссельде дүниеге келген Халид, Бельгия азаматы. Қаза болған екі терроршы да террормен қатысы жоқ қылмыстық әрекеттерді көп жасаған, - деді Ван Лииу.

Оның айтуынша, полиция Ибрахим Бакрауимен бірге қауіпсіздік камераларына түсіп қалған, қол арбаларын сүйреп бара жатқан екі күдіктінің кім екені әлі анықталып жатыр. Тергеушілердің айтуынша, олардың бірі өзін жарып жіберген, ал екіншісі әуежайға жарылғыш толы сөмкені тастап шығып кеткен болуы мүмкін.

Әуежайдағы жарылыстың интернетке жарияланған видеосынан алынған скриншот. Брюссель, 22 наурыз 2016 жыл.
Әуежайдағы жарылыстың интернетке жарияланған видеосынан алынған скриншот. Брюссель, 22 наурыз 2016 жыл.

Ван Лииудің айтуынша, бомба толы сөмке қауіпсіздік қызметкерлері келгеннен кейін жарылған, бірақ одан ешкім зардап шекпеген.

Үш күдіктіні әуежайға жеткізіп салған такси жүргізушісі олардың Брюссельдің Шаербик ауданындағы пәтерінің мекен-жайын айтқан. Полиция ол пәтерден бомба жасайтын құралдар, соның ішінде 15 килограмм болатын TATP (триацетон трипероксид) жарылғышын, шеге мен бұранда толы чемодан тапқан.

Тергеушілер пәтерге жақын жердегі қоқыс жәшігінен Ибрахим Бакрауи жазып қалдырған хаты бар компьютерді тапқан. Ол «қанша іздесем де, қауіпсіз жер таба алмай, өмірден күдер үздім» деп жазған. Бакрауи «соза берсем, бір күні түрмеге түсемін» деп қорыққан дейді Бельгия прокуроры.

ҮШ КҮНДІК АЗА

Наурыздың 22-сі күні таңертеңгі қарбаласта бомба жарылып, қантөгіс ошағына айналған Брюссель метросы ертеңінде жартылай жұмыс істей бастады. Қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіліп, станцияларға кіре берісте жолаушылардың сөмкелері тексеріліп жатыр.

Еуропа Одағы (ЕО) мекемелері орналасқан ауданға көліктердің кіруіне рұқсат берілді, ал Завентем әуежайы наурыздың 25-іне дейін жабық.

ИМ террористік ұйымының веб-сайтында Брюссельдегі қырғынды «халифат солдаттары ұйымдастырды» деген мәлімдеме жарияланды. Бүкіл Бельгия аумағында «террор қаупі ең жоғарғы деңгейге» дейін күшейгені ескертілді.

Метроның «Маалбик» бекетінен мәйіттерді шығарып жатқан құтқарушылар. Брюссель, 23 наурыз 2016 жыл.
Метроның «Маалбик» бекетінен мәйіттерді шығарып жатқан құтқарушылар. Брюссель, 23 наурыз 2016 жыл.

Ван Лииудің айтуынша, жарылыстардан кемінде 31 адам қаза тауып, 270 кісі жарақат алған. Метродағы қантөгіс кезінде кей адамдардың денелері қатты бүлінгендіктен билік өкілдері "қаза болғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін" деп болжайды.

Интернетте жарияланған видеолар мен фотолардан екі жарылыстың да қатты болғаны байқалады. Наурыздың 23-і күні журналистерге берген сұхбатында Бельгия премьер-министрі Шарль Мишель «Еуропаның демократиялық құндылықтарына жасалған аяусыз шабуылды» сынады.

- Біз жанымызға жақын құндылықтарды қорғау жолында әрекет етуге бұрынғыдан бетер жұмылдық. Біз қорқауларша тасадан шабуыл жасайтын еркіндік пен демократия жауларымен бетпе-бет келіп отырмыз. Олар кездейсоқ құрбандарына жантүршігерлік қатыгездікпен шабуыл жасады, - деді ол.

ЕО мен НАТО-ның штабтары орналасқан Брюссель қаласында бұрын-соңды болмаған ірі экстремистік шабуылды бастан кешірген Бельгия үш күн аза тұтып жатыр.

«ҮРЕЙГЕ БОЙ АЛДЫРМАУ»

Қала тұрғындары күнделікті тіршілігіне қайта оралуға тырысса да жарылыстың үрейінен әлі арыла алмаған.

Еурокомиссияда қызмет ететін Мишель Синн Reuters агенттігіне берген сұхбатында:

- Мен көп нәрсені ой елегінен қайта өткіздім. Террор қаупі дәл қасымызда тұр, әрі Брюссель тұрғындарының оны елемеуі мүмкін емес, - деді.

Қаланың енді бір тұрғыны Линда Ван Ден Боше жарылысты «жан түршіктірер оқиға» деп атағанымен, туған қаласында қалыпты ғұмыр кеше беретінін айтты.

Жарылыс құрбандарын еске алушылар. Брюссель, 23 наурыз 2016 жыл.
Жарылыс құрбандарын еске алушылар. Брюссель, 23 наурыз 2016 жыл.

– Терроризмнің жақындап келе жатқаны өте үрейлі. Бірақ сонда да Брюссель – әдемі қала. Өмірімізді террористердің билеуіне жол бермейміз, – деді ол.

Наурыздың 22-сі сөйлеген Бельгия ішкі істер министрі Ян Ямбон азаматтарға эмоцияға берілгенмен, үрейге бой алдырмауға шақырды.

– Эмоцияны тұншықтырмауымыз керек. Бірнеше күн тұнжырап жүретініміз анық, бірақ мұнан соң қалыпты тіршілікке қайта көшуге тиіспіз. Себебі [террористердің] көксегені қоғамымызды тұрақсыздандыру болатын, – деді ол.

Қантөгістен соң халықаралық қауымдастық Бельгияға қолдау көрсетті. АҚШ президенті Барак Обама мұны «бейкүнә халыққа жасалған опасыз қысастық» деп айыптаса, Швеция премьер-министрі жарылыстарды «демократиялық Еуропаға қарсы шабуыл» деп атады, Еуропа мемлекеттері лидерлерінің барлығы терактіге байланысты наразылық білдірді.

Террорға қарсы шараларды күшейту туралы ұсыныстар да жиі айтыла бастады. Франция премьер-министрі Мануэль Вальс ЕО парламентіне жолаушылар мәліметтерін жинау жөнінде ереже қабылдау туралы ұсыныс тастады.

– ЕО сыртқы шекараларын шұғыл түрде күшейту қажет, – деді ол француз радиосына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, ИМ Сирияда көп төлқұжатты ұрлап алған, сондықтан Еуропа елдері жалған паспортпен келетін жолаушылардан қырағылықпен қорғануы керек. Былтыр қарашаның 13-і күні Парижде болған жарылысты ұйымдастырғандар Бельгия тұрғындары екені белгілі болғалы Брюссельге жұрттың ерекше назары ауған.

Бельгия астанасындағы жарылыстан төрт күн бұрын ғана Париждегі қырғынды ұйымдастыруға қатысты деген күдікке іліккен Салех Абдеслам Брюссельде тұтқындалған. Бельгия қауіпсіздік күштері олардың кек алуы мүмкін екенін ескеріп, қырағы болатынын айтқан.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, жарылысты ұйымдастырды деген ағайындылардың бірі басқа біреудің атынан Брюссельде пәтер жалдап тұрған. Өткен аптада полиция сол ауданда бір қарулы адамды атып өлтірген. Сол операция кезінде полиция Абдесламның саусақ іздерін тапқан. Өткен аптада тұтқынға алынған Абдеслам сот тыңдауын күтіп жатыр. БАҚ мәліметтеріне қарағанда, Абдесламның алғашқы сот процесі Брюссельдегі жағдайға байланысты наурыздың 25-іне шегерілген.

Мақала Reuters, AP, AFP агенттіктері мен RTBF арнасы ақпараттары негізінде әзірленді.

XS
SM
MD
LG