Accessibility links

Экономикалық реформа жолындағы ауыр сынақ


Ресейге Орталық Азиядан барған еңбек мигранттары. Көрнекі сурет.
Ресейге Орталық Азиядан барған еңбек мигранттары. Көрнекі сурет.

Өзбекстан үкіметі экономиканы реформалау жолында біраз кедергіге кезікті. Солардың бірі - қарапайым өзбек азаматтарына шетелден жұмыс тауып беруге уәде беріп, алдап ақша алатын жеке агенттіктер.

Өзбекстан премьер-министрі Абдулло Арипов азаматтарды жұмысқа орналастырумен айналысатын жекеменшік агенттіктерді жабу мәселесін көтерді. Қазіргі президент Шавкат Мирзияев 2016 жылы қайтыс болған бұрынғы президент Ислам Каримовтың тұсында тұралаған экономиканы көтеруге уәде еткен.

Мирзияевтың экономиканы дамыту жоспарының жолында біраз кедергі кезікті. Солардың бірі - Өзбекстан азаматтарына Еуропа мен Шығыс Азия елдерінен жұмыс тауып беруге уәдені үйіп-төгіп, алдап кететін жекеменшік агенттіктер.

Ақпанның 19-ы күні Арипов Human жекеменшік жұмысқа орналастыру агенттігінің клиенттерімен кездесті. Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы азаматтарға жұмыс тауып беруге уәде етіп, алаяқтықпен айналысқан жекеменшік агенттіктер туралы бірнеше ай бойы жазып келген. Human – сондай агенттіктердің ең танымалы.

2019 жылы қыркүйек айының соңында 52 клиенттің арызы бойынша Human агенттігіне қарсы алаяқтық бабымен айып тағылған. Агенттік 2018 жылдың қарашасынан 2019 жылдың қыркүйегіне дейін азаматтардан Германия, Чехия, Болгария, Литва, Түркия мен Жапонияда жұмыс тауып береміз деген уәдемен ақша алып келген.

Әр клиент 18-35 миллион өзбек сомы (1800-3700 доллар) аралығында ақы төлеген. Агенттік ақша алғанымен, клиенттердің ешқайсысы шетелде жұмысқа орналаспаған.

Ресейде жұмыс істеуге рұқсат алу үшін кезекте тұрған еңбек мигранттары. Көрнекі сурет.
Ресейде жұмыс істеуге рұқсат алу үшін кезекте тұрған еңбек мигранттары. Көрнекі сурет.

Ресми дерек бойынша, Өзбекстанның 2 миллион азаматы шетелде, әсіресе, көп адам Ресейде жұмыс істейді. Кей сарапшылар шын мәнінде туған елінен жырақта еңбек етіп жүргендер бұдан екі есе көп болуы мүмкін деп санайды. Өйткені жоғарыда аталған ресми дерек он жылдан бері өзгермей келеді.

ЖҰМЫС ІЗДЕУДІҢ МАШАҚАТЫ

Еңбек мигранттары жыл сайын Өзбекстанға миллиардтаған доллар ақша жібереді. Бірақ шын мәнінде шетелде жұмыс істейтін өзбек азаматтарының еңбек жағдайы мен жалақысы жақсы деуге келмейді.

Орталық Еуропа, Жапония мен Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу мүмкіндігі бәріне бірдей бұйыра бермейді. Мұндай ұсыныс табу үшін Human сияқты жұмысқа орналастыру агенттіктеріне жылдық орташа жалақының көлеміне тең ақы төлеу керек.

Тағы бір World Work деп аталатын агенттік клиенттеріне Болгарияда тегін тамақ пен жатын жерден бөлек, айына 800 еуро (880 доллар) табыс табатын жұмысқа орналастыруға уәде берген. Агенттік шынымен біраз клиентін Болгарияға жіберген. Бірақ онда барған өзбек азаматтарының не жұмысы, не тұратын жері болмаған.

2018 жылы желтоқсан айында Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы Өзбекстанның оңтүстігіндегі Қашқадария өңірінде тұратын 42 жастағы Ориф Рустамовпен сөйлескен. Ол отбасы мүшелерімен бірге интернеттен Ташкентте орналасқан International Experience агенттігін тауып, 2019 жылы сәуірде келісімшартқа қол қою үшін Ташкентке барған. Агенттік 4 мың долларға үш айдың ішінде Чехиядан жұмыс тауып беруге уәде берген. Бірақ сегіз айдан кейін де агенттік не жұмыс туралы хабар бермеген, не клиенттің ақшасын қайтармаған.

Ақша санап отырған өзбек әйелі. Көрнекі сурет.
Ақша санап отырған өзбек әйелі. Көрнекі сурет.

Қараша айында Азаттықтың Өзбек қызметі Навои қаласында 211 клиенттен 66 мың доллар ақша жинап, алдап кеткен жұмысқа орналастыру агенттігі туралы жазған. Агенттік клиенттеріне Оңтүстік Кореядан айына 2 мың доллар жалақы алатын жұмыс тауып беруге уәде берген.

Тамыздың 14-і күні еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің баспасөз қызметі қызмет ақысын 100 пайыз алдын-ала беруді талап ететін агенттіктер туралы ескерту жариялады. Министрлік мұндай агенттіктердің кез келгенін жабуға уәде берді. Ескертуде лицензиясынан айырылған сегіз агенттік аталған.

Навоидағы World Work агенттігі де осы тізімде болған. Бірақ Human агенттігі бұл тізімге кірмеген. Аталған тізімдегі жеті агенттік лицензиясын 2018 жылғы желтоқсанның 17-сі мен 2019 жылғы сәуірдің 12-сі аралығында алған. Сегізінші агенттікке лицензияның берілген уақыты көрсетілмеген.

ЖҰМЫС ТАБУҒА УӘДЕ ЕТКЕН АГЕНТТІКТЕРГЕ АЛДАНҒАНДАР

2018 жылы қарашада лицензия берілерден бұрын еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің шетелдік мигранттарды жұмысқа орналастыру жөніндегі агенттігінің бірнеше қызметкері, директоры мен оның орынбасары тұтқындалып, бірнеше бап бойынша айыпталған. Оларға тағылған айыптардың арасында мигранттарды Оңтүстік Кореяға жұмысқа жіберу үшін пара алу фактісі де бар.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың ескерткіші тұрған алаңнан өтіп бара жатқан әйел. Самарқан, Өзбекстан, 29 қараша 2019 жыл.
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың ескерткіші тұрған алаңнан өтіп бара жатқан әйел. Самарқан, Өзбекстан, 29 қараша 2019 жыл.

2019 жылы қазанның соңында парламенттің төменгі палатасы зерттеу нәтижесінде лицензия алған 65 агенттіктің 30-ы бірде бір клиентін шетелге жібермегені анықталғанын мәлімдеген еді. Осы деректен кейін премьер-министр Ариповтың Human агенттігіне алданған азаматтармен кездесуіне оралайық. Арипов президент жарлығымен жекеменшік жұмысқа орналастыру агенттіктерінің кесірінен ақшасын жоғалтқан 1086 адамға өтемақы төленетінін айтты.

Мұндай агенттіктердің кесірінен тағы қанша адамның жапа шеккені белгісіз.

Human агенттігі 2019 жылы қыркүйек айында лицензиясынан айырылған, ал 2020 жылы қаңтардың 27-сі күні Ташкент сотының үкімімен агенттік директоры Шохнур Файзуллаев он жылға түрмеге қамалды.

Мирзияев елді 1991-2016 жылдары басқарған Каримов тұсында жіберілген қателіктерді түзету үшін реформалар жүргізуге уәде берген болатын. Олардың қатарында экономиканы көтеру жоспары да бар.

Бұхара қаласында көше сыпырып жүрген әйел. Көрнекі сурет.
Бұхара қаласында көше сыпырып жүрген әйел. Көрнекі сурет.

Каримов билігінің соңғы жылдары елге келтірген ең үлкен зардабы - Өзбекстанды өзге әлемнен оқшаулау мен бәрін мемлекет бақылауына алуға тырысу болса керек.

Тәуелсіздік алғанына 30 жылдай уақыт болғанына қарамастан, Өзбекстан енді ғана егемен ел болып, жекешелендіруді жаңа басынан өткеріп жатқан мемлекетте болатын мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Басқа постсоветтік мемлекеттер де бизнесті жекешелендіру процесінен өтіп, жаңа заң қабылдауды қажет ететін қиындықтарға кездескен. Отандастарының мәселесі есебінен жеке бас пайдасын көздейтіндер барлық елде кездеседі.

Жұмысқа орналастыру агенттіктерін ашуға рұқсат беру – Мирзияев үкіметі қабылдаған шаралардың бірі болатын. Бірақ бұл процеске бақылау мен қадағалау жетіспеді. Жұмысқа орналастыру агенттіктерін құруға мүмкіндік беретін заң 2018 жылы қыркүйектің 27-сі күні қабылданды. Бір жыл ішінде 60 агенттікке лицензия берілді, олардың көбі адамдарды алдап соғумен ғана айналысты.

Мирзияев үкіметі мәселені мойындап, оны шешу үшін шара қабылдап, тіпті, алданған азаматтардың біразына өтемақы ұсынуға мәжбүр болып отыр. Өзбекстан реформаларға ұмтылысы кезінде осы маңызды сабақты естен шығармағаны ләзім.

Мақала авторының пікірі Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG